Император І Александрдың өлімінің құпиясы
1825 жылдың 1 желтоқсанында Орыс мемлекетінің билеушісі императоры І Александр Ресейдің оңтүстігіне инспекциялық сапары кезінде Таганрогта қала басшысы Петр Афанасьевич Папковтың үйінде күтпеген жерден қаза табады.
Билеуші ол кезде 47 жаста болған. Александр Павловичтің өлімі күні бүгінге дейін ашылмаған көптеген құпия мен жұмбаққа толы.
Денсаулығына император ешқашан шағым айтпаған, өлімінің себептері де әртүрлі: тырысқақ, іш сүзгегі, суық тиюдің асқынуы және т.б. бұл трагедиялық оқиға туралы орыстың ұлы ақыны Александр Сергеевич Пушкин былай деп жазады: «Всю жизнь свою провел в дороге, простыл и умер в Таганроге» (мағынасы: «Өмірінің көп тұсын жолда өткеріп, суық тиіп Тагангорта дүниеден озды»)
Императордың денесі салынған табыт ел астанасына жіберілген, алайда қоштасу рәсімі кезінде ашылмаған. Бұл жағдай Александрдың жұмбақ өліміне деген күдікті күшейте түскен. Императордың әйелі Елизавета Алексеевнаның жағдайының нашар болып тұрғандығын айтып, күйеуінің табытын Петербург қаласына шығарып салмай, Таганрогта қалып қойғаны да күдік тудырған.
1836 жылы Пермь губерниясына қарасты Красноуфимск уездінде кезбелігі үшін 60 жастағы ер адам ұсталады. Ол өзін Федор Кузьмич деп атайды. Тергеу кезінде ол өзінің қай жақтан айтудан жалтарады және бұл үшін оған қамшымен 20 рет соғып, Сібірге айдау туралы үкім шығарылады.
Келесі жылдың жазында жұмбақ тұтқын Томск губерниясына келеді, бірақ жасының үлкендігі себебінен ауыр жұмысқа тартылмайды. Федор Кузьмич қарауылшылардың және тұтқындардың орнына ие болады және өзгелерден жуастығымен ерекшеленеді, ауру тұтқындарға қамқорлық танытады. Сондықтан да оған Белоярский станицасындағы монах тұратын жеке бөлмеде орналасуға және уақытын жалғыздықта және ғибадат жасап өткізуге мүмкіндік берілген.
Арада 5 жыл өткенде Федор Кузьмичке еркін жүріп-тұруға, көрші ауылдардағы балаларды ақша алмай, ақы орнына тек азық-түлік, тамақ қабылдай отырып сауаттылыққа үйретуге рұқсат етіледі.
Федордың император І Александрмен айнымас ұқсастығын алғаш болып байқағаны жұмбақ күйінде қалған. Кейбір нұсқаларда ол кезінде Петербургте қызмет еткен, императорды тікелей көрген Березин деген казак болған деген деректер бар. Ал басқа бір деректерде қандай да бір ісі үшін Сібірге аударылған дін қызметшісі екендігі айтылады.
Федор Кузьмичті жақсы таныған адамдар оның француз тілінде еркін сөйлейтіндігін, құрметті адамдармен жасырын хат алмасатындығын айтқан. Николай Біріншінің қазасын естіген қария оның жаны туралы жылай отырып ұзақ дұға жасаған. Мұның бәрі қарапайым кезбенің ісі деген ақылға симайды. Сондықтан Федор Кузьмич басқа емес, тақты өз еркімен босатқан нақ император Александр Біріншінің өзі екендігі туралы қауесет көптеп тарайды.
Федор Кузьмичтің соңғы күндерінде көпес Семен Феофанович Хромов қариядан оның баяғы орыс императоры екендігі туралы қауесеттің рас не өтіріктігі туралы сұрағанда оның: «Ашылмайтын құпия жоқ» («Нет тайны, которая бы не открылась») деп жауап бергендігі туралы аңыз бар.
Жұмбақ қария 1864 жылдың 1 ақпанында Томск қаласында дүниеден өткен 1984 жылы оны Орыс православие шіркеуінде әулиелер қатарына қосқан. Алайда оның орыс императоры болған-болмағандығы сол күйінше жұмбақ болып қалған.