Черчилльдің «ішкі дауысы»
11-01-2024
Көп адамдар Антарктида мен Арктиканы жиі шатастырып жатады. География білгірлері Арктиканың – солтүстікте, Антарктиданың оңтүстікте орналасқанын мәлімдейді. National Ceographic қызығушылары Арктикада – ақ аю, Антарктидада пингвиндер өмір сүретінін және бұл жануарлардың жолдары ешқашан қиылыспайтынын айтады. Ең бастысы, Антарктида – жер көлемі жөнінен Австралиядан 5,8 млн. шаршы киллометрге үлкен материк. Бұл материк жөнінде бәріміз де мектеп бағдарламасынан ең суық, мұзды материктердің бірі екенін білеміз. Бірақ бұл негізгі білімнен бөлек материк туралы не білеміз?
Фотода Антарктида материгі
Антарктида – планетамыздың ең суық, ең желді, ең биік және ең үлкен шөлді аймағы. Антарктиданың ең биік жотасы жер бетіндегі ең суық жер болып табылады. Ондағы ауа температурасы - 93,2 oС-ге және ең жоғарғы температура 14,5 oC-ге дейін жеткен. Материктің мұз баспаған аймағы Мак-Мердо алқабының кейбір аудандарында соңғы 2 миллион жылда жаңбыр да, қар да жаумаған. Есесіне құрлықтың кейбір жерлерінде желдің жылдамдығы 320 км/сағ-қа дейін жетуі мүмкін.
Антарктиданың өмір сүру үшін қолайсыздығы сондай, онда бірде-бір бауырымен жорғалаушылар, тіпті жер бетінің барлық құрлықтарына таралған құмырсқалар да кездеспейді. Соған қарамастан онда мектебі, ауруханасы, қонақүйі, пошта бөлімі, интернеті, телеарнасы және ұялы байланысы бар Чили қалашығы бар және құрлық аумағы бойынша жеті христиандар шіркеуі бар. Әйтсе де егер Антарктидаға бара қалсаңыз, ақшаңызды алдын ала жолға шықпас бұрын дайындап алып алыңыз, себебі банкомат іздеп бүкіл құрлықты шарлап шығуыңызға тура келуі мүмкін екен. Өйткені құрлықтың бүкіл аумағы бойынша небәрі бір ғана банкомат бар. Сонымен қатар құрлық ішінде саяхат немесе серуен жасаймын десеңіз, сізге арнайы жол жалғамайтын көлік табуға тура келеді, себебі 1994 жылдан мұзды құрлықта жегетін иттерге тыйым салынған. Бірақ Антарктидаға жұмысқа барам деген адамға алдымен ақыл тістері мен соқыр ішегін алдырып тастауына тура келетінін ескеріңіз.
Антарктидада жүруге арналған жол талғамайтын көліктер
Бір қызығы, Антарктидадан қанға боялған сарқырама көрсеңіз шошымаңыз. Оның суының қызыл болу себебі құрамында темірдің болуымен және оның ауамен байланыс кезінде тотығуынан деп түсіндіріледі. Антарктидада да өзендер бар. Иә, иә, өзендер... Олар жер қойнауынан шығып жатқан жылу есебінен мүлде қатпайды. Антарктидада өзендерден бөлек Альпы тауларымен салыстыруға болатын тау алабы да бар. Бұл таулар 1958 жылы таулардың бар екендігін ашқан кеңестік академик және геофизик Георгий Гамбурцевтің атына Гамбурцев таулары деп аталған. Тау алабының ұзындығы – 1300 км, ені – 200-500 км, ал ең биік нүктесі – 3390 км. Таулардағы мұз қабатының қалыңдығы орта есеппен 600 метрді құрайды, бірақ мұз қалыңдығы 4 км-ден асатын жерлері де бар. Сонымен қатар жер бетінің ең оңтүстігіндегі сөнбеген жанартаудың осы құрлықта екенін білесіз бе? Ол – Антарктиданың Эребус тауы.
Шамамен 40 миллиондай жыл бұрын Антарктидада Калифорниядағыдай ыстық болған және содан бері онда мұзды қалқаны бар, тек 1% бөлігінде ғана мұз қабаты жоқ. Ондағы мұз жамылғысы планетамыздың тұщы суының 80%-ын алып жатыр және мұздың қалыңдығы шамамен 1,6 км-ге жетеді. 2000 жылы құрлықта көлемі 11 000 шаршы киллометр болатын Ямайкадан үлкен ең үлкен айсберг жарылған. Құрлықтағы мұздардың еруі гравитацияның аздаған өзгерісін тудырған. Ендеше жаһандық жылыну орын алған жағдайда жер бетінде не болмағын елестетіп көріңіз...
Антарктида бүкіл планета бойынша сағат белдеуі және уақыт аймағы жоқ жалғыз материк. Оның қандай да бір жеке уақыты да жоқ. Онда зерттеу жүргізетін ғалымдар мен экспедиция мүшелері өз елдерінің уақытына немесе оларға азық-түлік пен керек-жарақ жеткізіп отыратын қызметкерлердің уақытына сүйенеді.
Антарктидада сағат белдеуі мен уақыт аймағы жоқ
Антарктидада 140-тан астам мұзасты өзендер табылған. Олардың арасындағы ең танымалы кеңестік, кейіннен ресейлік «Восток» антарктикалық станциясына жақын орналасқан және соның атына сәйкес аталған «Восток» өзені болуы мүмкін. Антарктиданың мұзасты өзендерінде миллион жылдар бойы бүкіл жер бетінен бөлек жалғасып жатқан тіршілік бар болуы мүмкін. Өзен бетін 4 км-лік мұз қаптап жатыр. Өзен тереңдігіндегі судың температурасы 10 oC-ді құрайды. Ғалымдардың болжауынша, осы мұз қалыңдығы миллион жылдар бойы өздігінен тіршілік етіп, дамып жатқан тірі ағзалардың сақталуына себеп болған нағыз табиғи оқшаулағыш болуы мүмкін.
Дайындаған: Гүлзат Қалыбек