Адам өлім алдындағы бес нәрсеге өкінеді
Австралиялық мейірбике Брони Вер ханым ұзақ жылдар бойы паллиативтік терапияда – шипасыз науқастар өмірінің соңғы 12 аптасын өткізетін бөлімде жұмыс істейді. Ол ұзақ жылдар бойы емделушілердің өлім алдындағы сырлары мен өкініштерін қағазға түсіріп келеді. Науқастардың өлім алдындағы өкініштері жайлы оның әлеуметтік желілерде жариялаған жазбалары миллиондаған оқырманның қызығушылығын тудырды. Осыған негізделген «Өлім алдындағы басты бес өкініш» деген кітап жазыпты.
Әрине, батыстықтар мен шығыстықтардың менталитетінде үлкен айырмашылық бар. Бізге кейбір өкініштер адамзатқа ортақ сияқты көрінді. Сонымен дерті шипасыз науқастарды қандай ойлар қинайды, қандай өкініштер бұл шарасыздардың өзегін өртейді?
Бронни Вэр ажалын күтіп жатқан науқастарға: «Сізді не өкіндіреді, өміріңізде нені өзгерткен болар едіңіз?» деген сауалдар қойған. Науқастардың берген жауабын Вер ханым маңыздылығына қарай бес топқа бөліпті.
Бірінші өкініш – науқастар: «әттең менің өз қалауымша жасауға батылым жетпеді, мен бойымдағы әлеуетім мен мүмкіншіліктерімнің жартысын да жүзеге асыра алмадым. Менің жасаған таңдауым мен қабылдаған шешімдерім – өзгенің, айналамдағы адамдардың менен күткен әрекеттері шеңберінен аса алмады. Денсаулықтың адамға сыйлайтын мүмкіндіктерін бағалай алмадым, аяқ астынан денсаулық мені тәрк етті» - дейді екен.
Екінші өкініш – «әттең мен өте көп жұмыс істедім, балаларымның қалай есейгенін байқамадым, әйеліммен бірге бола алмадым, бар өмірім еңбек етумен өтіп кетті». Әсіресе еркектер отбасына қажетті уақыт пен лайықты көңіл бөле алмағанына өлім алдында қатты ашынады екен.
Үшінші өкініш – науқастар «әттең өз сезімдерімді ашық әрі толық білдіруге батылым жетпеді» дейді екен. Бұлар отбасындағы тыныштықты сақтау үшін жылдар бойы өз сезімдері мен қалауларын таптап жүргеніне, өздерін «құрбан» еткеніне, сондықтан аңсаған армандарына жете алмай, «көптің бірі» болып өмірден өтіп бара жатқанына ашынады екен. Ұдайы өздерін «тыныштық» қалпында ұстап жүргендіктен көпшілігі түрлі дерттерге шалдыққан.
Төртінші өкініш – «әттең ескі достарымның қадіріне жете алмадым, оларды іздеп баруға, қонаққа шақырып, сұхбат жасауға уақытым жетпеді, күйбең тірлікке көміліп жүріп, достарымды жоғалтып алдым, енді міне кеш болды, ажылымды күтіп, өлім төсегінде жатырмын» - дейді екен.
Бесінші өкініш – «әттең, өзімді бақытты етуге, бақытты болуға лайық санамадым». Өлім төсегіндегі науқастардың көпшілігі бақыт деген – таңдау мәселесі екенін түсінбей өмірден өтіп барады. Олар үйреніскен дағдысынан шыға алмай, өмірлерін өзгертуге тәуекелі жетпегенін, басқа жұртқа өздерін бақытты етіп көрсетіп баққанын, ал шындығында өз өмірлерін өзгертуге, шынайы сезімдерін көрсетуге немесе табиғи болуға тәуекелі жетпегеніне ашынатынын, жіберіп алған мүмкіндіктері өзегін өртейтінін айтады екен.
Николай Островскидің «Как закалялась сталь» деген атақты романындағы: «Самое дорогое у человека - это жизнь. Она дается ему один раз, и прожить ее надо так, чтобы не было мучительно стыдно за бесцельно прожитые годы... Ведь нелепая болезнь или какая-либо трагическая случайность могут прервать ее» деген сөздерін жатқа айтатынбыз.
Ия «өмірдің мәні» деген оңай ұғым емес. Бір бауырым: «Өмірдің мәні – Аллаға жасар құлшылық пен айналаңа жасар – жақсылық» дейді. Оның көзқарасы мен өмірлік ұстанымында пассионарлық, яғни қоғамды, қазақ қоғамын өзгертуге, сол жолда жанкештілікке баруға деген ұмтылыс өте күшті. Мүмкін жеке бастың күйімен шектелмей, айналаға, ауылға, ауданы мен аймағына,мүмкіндігі жетсе – исі қазақ еліне қызметін ұсынатын азаматтар өмірден өкінбей өтетін шығар. Мүмкін, бүгінде қазақ қоғамында қалыптасып келе жатқан жаңа тренд, яғни жаңа бір болмыс, беталыс ретінде бой көрсетіп келе жатқан батыстық индувидиализм – өзім дегенде қос өгіздің күші бар, өз қарным тоқ, көйлегім көк, кедей-кепшік пен жетім-жесір, жалпы жолы болмаған жарлы-жақыбайлар – менің емес, биліктің бас ауруы дегендер өлер алдында аса қиналмайтын шығар? Бұны баса айта алмаймыз.
Ислам діні өлім жайлы көп ойлауды, өлімге дайындалуды, сондай-ақ өлімге дайын болуды насихаттайды. Ұлылардың айтуынша, ең дұрыс жол – тақуалардың жолы. Жоғарыда жазылған өлім алдындағы бес өкініш – баршамызға сабақ болса екен. Пайғамбарымыз Мұхамед с.а.с айтқандай мынау өмірде уақыттың, жастықтықтың және денсаулықтың қадірін біле жүрсек екен.