Қателік қайталанбас үшін тарихтан тағлым алу керек

Oinet.kz 24-05-2019 1613

dbdfeed155a3e566673d7920cd28ba6e.jpg

Биылғы жыл –Қазақ хандығының 550 жыл жылдығы. Бұл мереке Жеңістің 70 жылдығы және Қазақстан халықтары Ассамбеясының және ел Конституциясының 20 жылдығымен тұпас тұс тойланғалы отыр.  Кейде кейбір шәкірттер осы меретойлар легінің қай тұсы маңыздырақ екенін сұрап та қояды. Бәрі де маңызды. Қазақ тарихының өткендегісі мен бүгінгісі!!! Бірақ, оқып-үйренуді, санаға сіңіруді, тағылым ретінде тануды, әрине, Қазақ хандығының қыр-сырынан бастаған жөн сияқты. Мәселе құрғақ хронологияда емес. Қазақ хандығының тарихи маңызы – қазіргі Қазақстан Республикасының негізгі алғышарты болуында. Сол хандықтың, сол мемлекеттің, сол мемлекеттіліктің заңды ізбасары болуымызда! 

   Алғашқы Қазақ хандығының тарихта болғаны хақ. Ал оның тарих сахнасынан орын тебуі кездейсоқтық па, жоқ, әлде, заңдылық па? Менің сенуімше толыққанды заңдылық. Он бесінші ғасырдың бірінші жартысындағы бұрынғы Жошы және Шағатай ұлыстарында орын алған ішкі саяси уақиғалар, ішкі саяси және экономикалық тұрақсыздық, халықтың негізгі өмірлік сұранысын, этникалық аумағының бүтіндігін, шаруашылығы мен тұрмыс-тіршілігінің қауіпсіздігін сол кездегі Ақ Орда, Ноғай Ордасы, Моғолстан, Әбілхайыр хандығы, немесе, көшпелі Өзбек мемлекеті қамтамасыз ете алмады. Шыңғыс ұрпақтарының ұдайы билікке таласы мемлекеттік бірлестіктерді майдаландырып, тұрғындарды әбіржітуді тереңдетіп жіберді. Үздіксіз жорықтарға аттануды күн көрістің бір түрі деп танитын жаугершілік замандағы Әбілхайырдың  қалмақтардан жеңіліп, ойраттардың қанды қырғын салуына мүмкіндік туғызып қоюы, елдің онсыз да тұрақсыз экономикалық жағдайының  күрт нашарлауы --  үлкен, аумақты, билік ықпалы биік жаңа мемлекеттің пайда болуын қажет етті.

        Жаңа хандықтың пайда болуының және бір заңдылығының белгісі –бұл мемлекеттің өзінің тууына алғышарт болған құрылымдар территориясында өмірге келуі. Аталмыш орасан кең алқап бұрын-соңды басқа нәсілділердің өмір сүру аумағы болған емес. Қазақ хандығының шарықтау кезіндегі – Еділден Тұрпанға, Сібірден Ферғанаға дейінгі – территорияда негізінен түркі, түркі-монғол(мыңқол) тайпалары (қазіргі монғол ұлтымен шатастырмаңыз) мекендеген. Феодалдық пен көшпенділік өмір салттарының симбиозы ретінде тіршілігін өткізген бұл тайпалар мен тайпалар одақтары адамзат дамуының әскери демократия дәуірінен алшақтап кете алмаған. Сондықтанда бір тарихи жағдайда бір орталыққа ұмтылу тенденциясы(центростремительная тенденция) орын алса, енді бір тарихи кезеңде орталықтан қашу, ыдырау тенденциясы(центробежная тенденция) орын алатыны белгілі. Алғашқы Қазақ хандығының қалыптасу үдерісінде біз осы екі тенденцияның бірлігін, яғни қарама-қарсылықтың бірлігін көреміз: алдымен жіңішкенің үзілуі ретінде Керей мен Жәнібек сұлтандардың  көшпенді «өзбектердің» соңынан ерген тобын «қазақтандырып», немесе, «қашқындатып»,Әбілхайыр ханның қарсыласы Моғолстанның ханы Есен Бұқаның қолдауымен орталықтан «қашқан» майда ыдырантылар мемлекетін құрып, онан соң «92 баулы» қалың жұрттың мүддесіне сай үлкен, екі жарым ғасырлық көшпенділер тәжірибесі үшін ұзақ өмірі болған мемлекет құрғанына кәрі тарих куә. 

   Осы тұстан бастап жаңа тарихқа дейін-ақ, орта ғасырлар тұсында-ақ бүгінгі қазақта жеке, тәуелсіз, жер-суы, халқы жетерлік, терең тарихы бар, заманындағы парасаттыларға белгілі мемлекет болғанын әрі қарай негіздеп жату артық іс екеніне көзіміз жететін сияқты. Сол себепті әңгіме бағытын сәл бұра сөйлесек. Қазақ хандығының өмір сүру уақтысы (ХY-ғасырдың екінші жартысы—ХҮIII-ғасырдың басы) Европадағы алдыңғы қатарлы елдердің капиталистік өндіріс әдісіне тікелей бет бұру кезеңімен тұстас келді.  Үлгілі қоғамдар еңбек өнімділігін жоғарылату, өндірісте жаңа құрал-саймандарды пайдалану, шығарылған өнімдерді товарландыру және оны шетке шығару жолына түсе бастап, ортағасырлық даму кезеңінен жаңа тарих аясына ене бастаған еді. Ол үшін міндетті түрдегі алғашқы шарт – бір орталыққа бағынған үлкен, күшті мемлекет. Біздің ата-бабаларымызда осындай, немесе, осыған саятын мемлекеттік түр болды ма? Әрине, болды. Оларда – король, бізде – хан. Оларда – Парламент(Англияда), Бас штаттар(Францияда) – бізде билер кеңесі. Оларда – герцогтар, графтар, барондар. Бізде – сұлтандар, шоралар, бектер. Оларда –священниктер. Бізде – қожа-молдалар. Тағы әрі қарай сол сияқтылар. Сүйте тұра әлемдік көште олар алға кетті. Біздер күні кешеге дейін, екі жарым ғасырдай бойы, сол көштен, тіптен, шығып қалдық. Неліктен? Бұл сұрақ күні бүгінге дейін саналы қазақ азаматын ойлантып жүрген болса керек. Меніңше, себебі кезінде К.Маркстың өзі тікелей жауабын анықтай алмаған өндірістік-экономикалық тәсілде болса керек: капиталистіктің ауылы әлі алыс. Феодалдық дейін десе жерге жекеменшік жағдайындағы даму үдерісінен классикалық түрде өтпеген. Рулық-қауымдық өндіріс тәсілі деуге тағы келмейді. Оның классикалық түрінен әлдеқайда ұзап кетіп қалған: жерге жеке меншік болмағанымен малға және басқа өндіріс элементтеріне меншіктік қатынас көптеген ғасырлар бойына өз орнын алған. Сонда қандай тәсіл? Жауап беруге қиналамын. Ұлы Маркстың өзі: «Азиаттық өндіріс тәсілі,» -- деп қоя қойған. Бірақ, Азияның Евразия сахарасынан басқа елдерінде экономикалық тәсіл бұған ұқсамайтын.

Осындай ерекше экономикалық тәсілді ұстаған,әрі түбі туыстас тайпалар мен тайпалар одақтарының бір ортақ мемлекетке бірігіп тіршілік етуге ұмтылуының өзін заңды қоғамдық қажеттілік деп түсінуіміз керек. Нәтижесі де осыған әкеліп отыр: ХYIII- ғасырдың басында әз-Тәуке хан жарық дүниеден кеткенге дейінгі оның хандық құрған кезеңі казақ тарихында «қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заман» деп бекерге әспеттелмеген. 

      Десекте, бұл экономикалық тәсіл әрі ортағасырлық, әрі көшпенділік болғандықтан, тиімді күндері өтіп бара жатқандықтан жоғарыда айтылған жаңа тарих талабына сәйкес келмейтін. Әлемдік даму бағыты біртіндеп отырықшылық тіршілікке, қолөнерге, одан өнеркәсіпке, тауар-ақша айналымына, зайырлы білімнің негізіне ұмтыла бастауды, өңіраралық шаруашылық қатынастарын жетілдіруді, нығайтуды және т.с.с. өмір қажеттілігіне ойыса бастауды талап етсе де, қолданыстағы шаруашылық, әлеуметтік, рухани-психологиялық образ, одан туындаған менталитет оны қабылдай қоймады. Онсыз да мешеулікпен уақыт өткен сайын тереңдей түскен экономикалық дағдарыс халық әзіз Тәуке, Тәуке Мұхаммед бахадыр деп сүйінген, бүткіл қазақ мойындағансоңғы хан дүниеден кеткен соң лайықты ізбасар табылмай шешілуі қиын саяси дағдарысқа да ұласты. Тоқыраған шаруашылық, тұрақсыз ішкі қарым-қатынас, бас-аяғы жоқ бітпейтін және бітіспейтін таққа талас, қарадан шыққан дала аристократиясының осы топалаңның ішінде өз жеке мүддесін күйттеуі аз уақыттың ішінде сыртқы ашық қауіпке қарамай тұтас қазақ елін бөлшектенуге алып келді. 

    Төре тұқымдарының әрекетімен, қазақ шонжарларының қолдауымен мемлекеттің төрт хандыққа бөлініп кетуі, хандық басқару түрінің тозуы мен әлсіреуі, елдің қорғаныс қабілетінің күрт нашарлауы айналадағы арыстандар мен қасқырлардың сілекейін бұрыңғыдан бес-бетер ағызды. Нәтижесі тарихтан белгілі. Қазақ екі жарым ғасырдай тәуелсіздігінен айырылу, бодандық жағдайында күн кешуге мәжбүр болды. Шығыс Түркістан аумағы өмір сүруін тоқтатты, қазіргі территориямыздың шығысы, батысы және орталық бөлігі Ресейге кетті. Оңтүстігін біздің бабаларымыздан жалғыз ғана бірлігі артық, ал тірлігі оңып тұрмаған Қоқан басып алды. Қанша мал-жан қырылды. Рух, ар-намыс тапталды. Қанша батырларымыздың ерліктері, ел-жер үшін қиылған жандары, тіптен, көптеген шайқастардағы жеңістері түптеп келгенде тәуелсіздікті сақтай алмады. 

         Халқымызды осынау бір «зарлы заманды» басынан өткізуге мәжбүр еткен жоңғардың қазақтан мықтылығы емес еді. Бұл халықтың сол кездегі даму деңгейі қазақтардан қай жағынан алсаң да төмен болатын. Бұның дәлелі --  олардың регрессивті шаруашлығы, тыныс-тіршілігі ғана емес, ұзақ жылдар бойы орын алып келген қақтығыстар мен соғыстарда негізінен көздеген мақсаттарына жете алмауы. Аз-Тәукеден кейінгі кезеңдегі қалмақтың күшеюі, оларды өз мақсатына тиімді пайдалануға ұмтылып, заманауи қарумен жарақтандырған көрші алып елдердің саясатының өзі Қазақ хандығының жіліктеніп, ыдырап, бөлшектенуіне тікелей байланысты болды. 

        Сондықтанда, өткен тарихымыздан алатын ең басты тағлымымыз  --  еліміздің, халқымыздың, ұлтымыздың бірлігі. Өткендегі бірлігіміздің шаңырағын ортаға түсіріп, керегесін құлатқан факторлардың негізі нелер еді? Біріншіден, заманы өткен төре тұқымының хандық, сұлтандық лауазым үшін бітпейтін таласы, қазақтың «игі-жақсыларының» өз халқынан бұрын сол «күрескерлердің» мүддесіне құлықты болуы, қараның басқару құқығын төреге «мәңгіге сыйлаған» дәстүрден шыға алмаған саяси-құқықтық санасы. Екіншіден,  Маркстің: «Сананы тұрмыс анықтайды», -- дегеніне сай тұрмысы жақсы шонжарлардың мүддесі бөлек, күн көрісі табиғаттің қатты-жұмсақтығына, жұт-пұтқа тікелей тәуелді жұпыны көпшіліктің мүддесі бөлек болса да, санасы қарсы тұруға жарамайтындығы. Шаруашылық ұйымдастыру жүйесі мен әдістерінің тозуы. Үшіншіден, осы бүгінге дейін сарқыншағы келіп жеткен, қоздырғыш факторлар құтырған жағдайда есіріп шыға келуі әбден мүмкін трайбалистік сананың сол кездегі тым жоғары потенциалы.  

        Соңында аталмыш «Алғашқы Қазақ хандығы» деген атпен тарихқа енген кезіндегі мемлекетіміздің бүгінгі еліміз үшін қандай басты маңызы болды деген сұраққа  жауап іздеп көрелік: Қазіргі «ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ» деп аталатын біздің демократиялық, зайырлы, әлеуметтік, құқықтық, әлемдегі алдыңғы қатарлы 50—60  елдің арасында орны бар мемлекетіміздің құрылуына бірден-бір алғышарт кезіндегі Қазақ ССР-і екеніне ешкімнің де дауы жоқ шығар. Ал, 1936-дан 1991 жылға дейін өмір кешкен бұл мемлекеттік құрылымымыз өз кезегінде Қазақ АССР-інің шапанынан шықты. Патшалық Ресей тұсында мемлекеттілігі атымен жойылған, жері Ресей тәжінің меншігі деп танылған, этномимі «киргиз», «кайсак», немесе, «киргиз-кайсак» аталып, өз атынан да ресми түрде айырылған қазаққа В.И.Ленин 1919 жылдың шілдесінен 1920 жылдың тамызына дейін түпкілікті шешім қабылданғанша халқымызға өзінің жерінде өзіне мемлекеттіліктің нышандарын да бергісі келмегендермен, «автономиялықты» да қимағандармен күрестегі ең басты аргументі – өткен тарихта алғашқы Қазақ хандығының орын алуы және басқа да тарихи-географиялық деректер еді.

Сапарбек Сахов,  

Жаңа технологиялар колледжі директорының ғылыми-әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты

Әлемдегі ең жылдам жеделсаты қай елде?
Адам өлім алдындағы бес нәрсеге өкінеді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу