Трамп Украинадағы соғысты қалай шешеді?
30-10-2024
«World Economic Journal» әлемдегі мемлекет басшыларының алатын жалақысына талдау жасай отырып ең кедей президенттің кім екенін анықтады. Бұл атаққа Ургувайдың 2010-2015 жылдары аралығындағы президенті Хосе Мухика лайықты болып шықты.
Хосе Мухика алатын 12 500 доллар жалақысының тек 1250 долларын ғана өзінде қалдырады екен. Қалған 90 пайызын қайырымдылық шараларына жұмсаған.
--Маған осы ақша да жетеді. Өйткені көптеген ургувайлықтардың айлық табысы бұдан да төмен,--дейді екен президент. Президенттің әйелі Лусия Тополански Сенат депутаты. Ол да жалақысыны жартысын мұқтаждарға тапсырып отырады. Президент деген дардай атағы бар азаматтың басында тәуір баспана да жоқ. Ол әйелінің ескі фермасында тұрады. Фермаға жөні-түзу жол да жоқ көрінеді. Оған тек жалғызаяқ жолмен баруға болады екен. Ал президент өзінің резиденциясын үйсіз-күйсіз жүрген жандарға босатып берген.
Мухика қосымша табыс табумен де айналысады. Ол әйелі екеуі бос уақыттарында гүл егіп, оны базарға апарып сатады. Мұның бәрін жалдамалы жұмысшыларсыз өздері істейді.
Мухика 1960-70 жылдары «Тупамарос» деп аталатын партизандық қозғалыстың мүшесі болған. Кейінірек ол тұтқындалып, өмірінің 15 жылын әскери түрмеде өткізген. Оның көп бөлігінде жалғыз адамдарға арналған камерада отырған. Азға қанағат тұтуды ол темір тордың арғы жағында үйренген. Бертінде «Тупамарос» қозғалысы саяси ұйымға айналды. 2009 жылы Мухика осы ұйымының атынан президенттік сайлауға түсіп, жеңіске жетті.
Президенттің жеке меншігінде тек ескі «Фольксваген Жук» деп аталатын ескі көлік қана бар. Құны шамамен 2 мың доллар. Бұл президенттің өміріндегі жасаған ең үлкен шығыны деп есептеледі. Президент көлікті өзі айдайды. Мухиканың банктерде есеп-шоты болмаған. Ешқандай қарызы да жоқ. Жақында әлеуметтік желілердің бірінде президенттің жұбайымен бірге қаладағы кафелердің бірінде тамақтанып отырған суреті жарияланды. Көпшіліктің пікірінше Хосе Мухика әлемде күзетсіз жүретін бірден-бір президент болуы әбден мүмкін.
--Мені әлемдегі ең кедей президент ретінде атап жүр. Бірақ мен өзімді кедей сезінбеймін. Шалқып өмір сүруді жақсы көретіндер және соған жету үшін тыраштанатындар кедей. Өйткені олар қанағат дегеннің не екенін білмейді,--депті президент ақпарат құралдарына берген сұхбатында. Мухика өзгелерді де қанағатшылдыққа, қарапайым өмір сүруге үгттеп отырады. Әлемдегі көптеген елдердің президенттері қатысқан халықаралық жиындардың бірінде ол:
--Біз күні бойы тұрақты даму, кедейлікпен күресу туралы әңгіме өткіздік. Бірақ біз қандай мәселені талқылап жатқанымызды түсінеміз бе? Біз расында да бай мемлекеттердің деңгейіне жетуге асығып отырмыз ба? Өздеріңіз қараңыздар, егер біздегі үндістерде Германиядағы немістер сияқты көліктері көп болса, онда мына ғаламшарда ешқандай оттегі қалмас еді ғой,--депті.
Сарапшылардың пікірінше халыққа Мухиканың қарапайымдылығы ұнайды, бірақ бұл оны ешкім сынамайды деген сөз емес. Оның да кейбір қылықтары халыққа ұнай бермейді екен. Мәселен, ол Ургувайда 12 апталық мерзімге дейінгі шарананы аборт жасату туралы заң жобасына қол қойған тұңғыш президент. Бұған дейінгі президенттер оған вето қойып келген болатын. Президент кезінде ол марихуананы пайдалануды заңдастыруды қолдайтынын ашық мәлемдеген.
Хосе Мухиканың президенттік өкілеттігі биылдың 1 наурызында аяқталды. Ургувайдың заңы бойынша бір адам президентікке екі рет қатарынан сайлана алмайды. Оның үстіне экс-президенттің жасы сексенге келіп қалды. Ол қартайды. Артында жиған ешқандай дүниесі жоқ Мухиканың жағдайы зейнеткерлікке шыққан соң қиындайтын сияқты. Өйткені Ургувайда экс-президенттеріне тағайындалатын зейнетақы мардымсыз көрінеді. Енді ол 1250 долларға да зар болып қалуы мүмкін. Алайда бұл біздің пенделік пікіріміз. Қанағатты білетін адам ешнәрсені азырқынбайды емес пе?
Айтқандай, осы наурыз айынан бастап Ресей президенті Путин өзінің жалақысының 10 пайызын кесіп тастады. Сол-ақ екен елді шенеуніктер жаппай айлықтарын азайтып, бұл жаппай науқанға айналып барады. Губернаторлар бір-бірімен жалақы азайтудан жарысқа түсіп жатыр.
Мұрағаттан: 19.03.2015