Ғаламторсыз да газет шыққан...

Oinet.kz 13-01-2014 1029

Адам баласының ойлап таппайтыны жоқ-ау. Технология дамыған сайын қоғамдық өмірдің түрлі салаларында сан алуан жаңалықтар ашылып, бұрын бәріміз ақылға сыйғыза алмайтын құбылыстар қазір үйреншікті жайт секілді сезілетін болды. Мәселен, осыдан жиырма жыл бұрын ұялы телефон дегеннің не екенін білдік пе? Тіпті ойымызға да кіріп-шықпайтын. Ал қазір жеті жасар баладан жетпістегі ақсақалға дейін қолдарынан телефон түспейді. Біреудің ұялы байланысы әлдеқалай себеппен өшіп қалса, онымен хабарласа алмай, пұшайман болып жатамыз. Өткен ғасырда қалайша «соткасыз-ақ» өзара хабарласып, бір-бірімізді қонаққа шақырып, қарым-қатынас жасағанымызды қазір көзімізге елестете алмай қалдық. Тіпті үйдегі қарапайым стационарлы телефон байғұстың бар-жоғын ескермейтін болып барамыз. 

газет.jpg

«Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» ғаламтор өмірімізге енбей тұрғанда да, адамдар әйтеуір ілдалдалап ақпарат тауып, әупірімдеп газет шығарып келген. Халықаралық, қалааралық телефондар, қала берді телефакс, телетайп қызметтері пайдаланылған. Жер шарының сонау қиыр шетінде өтіп жатқан Олимпиада ойындарынан, халықаралық жарыстардан журналистеріміз айбақ-сайбақ қолымен жазылған репортаждарын факс арқылы жіберіп жататын. Оның кей жерін түсінсек, кей жерін «әй, осылай-ау» деген долбармен шамалап, «диктовкамен» тергізетінбіз. Нөмірге шұғыл ақпарат салу керек болып, тілшілер қоңырау соққанда мәшіңкеші қыз-келіншектер телефон тұтқасын құлағына бастыра орамалмен байлап алып, «ал, айта бер!» бірден сартылдатып тере бастаушы еді. Ана жақтағы журналист қолындағы қағазына қарай ма, әлде оныкі де «диктовка» ма, әйтеуір сарнап ала жөнелетін.

Ал ХХІ ғасыр журналистикасын ғаламторсыз елестету мүмкін емес. Осыдан бір сағат қана бұрын болған оқиға лезде әлеуметтік желілер арқылы тарап, немесе ақпараттық сайттар бетінде бірден жарқ етіп, елге жария болып жатады. Қазақстанның өзге өңірі түгілі, әлемнің кез келген түкпірінен көзді ашып-жұмғанша хабар алып, жаңалығын біліп отырасыз. Және бұрынғыдай мақалаңызды әуелі қағазға түсіріп, сосын мәшіңкеге бастырып, одан кейін компьютерге қотарып, әуреге түспейсіз. Жұмыс бірнеше есе жеңілдеген: журналистердің көпшілігі қазір қағаз бетін қаламмен «айғыздауды» да қойып, көкейіндегі ойын төгіп-шашпастан тікелей «сиқырлы қобдишаның» өзіне ақтарады. 

Бірақ адам игілікке тез бой үйретеді. Оның үстіне, ғаламтор бүгінгі дәуір адамының жұмысын оңайлатқанымен, екінші жағынан, өзіне барынша тәуелді ете бастады. Өкінішке қарай, өздігінен ізденбей, тек өрмекшінің торындай шым-шытырық интернет әлемінің мәліметімен ғана «қоректенетін» әріптестер де бар. Осыдан он шақты жыл бұрын біз еңбек еткен бір газет редакциясында екі күн қатарынан ғаламтор істемей қалып еді, негізінен жастардан құралған тілшілер ұжымы «енді қайттік?» деп, есінен тана жаздады. Ұжым басшысы, қызметкерлерін әдейі сынайын деді ме, «қайтуші едік, бәріміз отырамыз да, мақала жазамыз!» деді. Сөйтіп, қоғамдық өмірдің сан саласына орай онсыз да өзіндік ой-пікірі, ұстаным-көзқарасы бар әріптестер көкейіндегісін жазуға кірісіп кетті, ал «ғаламторсыз күн көре алмайтындар» шұқшиып отырып қалды...

Бұдан шығатын қорытынды – заман талабына сай болуға тырысып, уақыт ағымына ілескен дұрыс. Әйтсе де, тек жалаң техникаға, технологияға сеніп артып қана қою жеткіліксіз. Қанша жерден ХХІ ғасыр болса да, адамның, оның ішінде өз ісінің шеберіне айналған маман адамның атына сай ойлау, саралау, қорыту қасиеттерінен айрылмағанымыз жөн.

Панк стилінің негізін салушы туралы деректі фильм
Ақ ләйлектің қанаты неге қара?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу