Ертеңгі ауа-райын жануарға қарап білуге болады

Oinet.kz 08-11-2019 3453

Ешкі.jpg

Ұялы телефоныңызға күн сайын 112 нөмірінен «алдағы екі күнде толассыз жаңбыр жауады, күн күркірейді немесе сел жүру қаупі бар, күн қатты суытады немесе ысиды» деген секілді мазмұндағы ескертулер күн сайын келіп жатқан болар. Қазіргі таңда ауа-райын болжаушы мамандар түрлі техника, құрылғылардың көмегімен табиғат құбылыстарын зерттеп, оны халыққа жеткізіп отырады. Ал жаһанданудан мақұрым болған, техниканың адамның өңі түгілі түсіне де кірмеген ерте заманда адамдар ауа-райын қалай болжаған? Көшпелі қазақтар ше? Біле білсеңіздер, ата-бабаларымыз бүгінгі күннің синоптиктерінен кем түспейтін болжаушылар болған. Олар қоршаған орта, аспан денелеріне қарап табиғаттың тосын мінезін алдына ала сезген. Сондай-ақ жан-жануарлар, төрт түлік малдың нағыз синоптиктер екенін білесіз бе?

Ғасырлар бойы қоршаған орта мен табиғат құбылыстарының қасиет-болмысын қалт жібермей бақылау арқылы қазақтар өздерінің білік-тәжірибесін шыңдап отырған. Қазақтарға ауа-райын болжауды күнделікті тұрмыс-тіршіліктің өзі-ақ үйретті деуге болады. Себебі шаруаға өнімін молайту және төкпей-шашпай мезгілінде жинап алу, малды шығынсыз, жұтқа ұшыратпай бағып өсіру, қауіп-қатерсіз сапар шегу үшін ауа-райы құбылыстарын алдын-ала болжап отыруы қажет етті. Сұрақтың жауабын халық төрт аяқтылар мен қанаттылардан тапты. 

Жылқы - сергек мал

Қазақ десе көз алдымызға жылқының елестейтіні сөзсіз. Көп уақытын жылқы үстінде өткізген бабаларымыз сәйгүліктің әрбір іс-әрекетінен өзінше болжамдар жасаған. Аса сезімтал жылқылар топтасып, жүйткіп, кісінеп ойнақтаса, шапқыласа, кешікпей күн суытып, ызғар соғып, боранды жауын, қарлы борасын болады деп күткен. Жылқылардың жүні үрпиіп, жайылуға зауқы жоқ болса, онда біраздан кейін күн суытып ауа-райы бұзылатындығын білдірген. Егер ат әлсін-әлсін пысқырса, жазда жел күшейіп, жауын жауады, ал қыста қар жауып, қарлы борасын болады. Ыққа жайылса, жел, жауын, қарлы борасындар, ызғар, суық жел болады. Көктемде жайылғанда қай жаққа қарап жайыла берсе, жылы күндер болады, ал желге қарсы жайылса, жайсыз күндер болатыны белгілі. Сондай-ақ бие кенет суалса, кешікпей жауын жауады. Жылқы оқыранып жусаса, боран соғады. Қыста оқыранып, ернін жыбырлатса, кешікпей күн жылынып, қар суын ішетін көрінеді. Ал ішін тартса ауа-райы бұзылады.

Қой және қыс

Қорадағы момақан қой да «көріпкел» болып шықты. Жүндері үрпиген қойлардың қылығына қарап ертеңгі күнге жоспар құра берсеңіз болады. Әсіресе, «не киемін?» деп уайымдайтын қыздар қауымы. Қойлардың әрекеті қыс мезгіліндегі ауа-райынан көбірек хабар беретін болып шықты. Мәселен егер қой күзде, қыста өріске шығар алдында ойнақшып секіріп, бірін-бірі қуалап сүзіссе, аяз қысады, мұндай әрекеттері жылы маусымда байқалса, ауа райы бұзылар; қысты күні қорадан ерте өргізерде шықпай шегіншектеп, маңырап, шулай берсе, ауа райы бұзылады; қысқы жайылымда үйіріліп топтасса немессе сапырылысып ілгері-кейін жүре берсе, сүзіссе, қорадағы көңді тұяғымен тепкілесе, тістерін жиі-жиі қайраса, кешікпей боран соғады; қыс басында қора қабырғасын жиектеп шашырай жатса, қыс қаһарсыз жұмсақ болар; тұяғымен төсін жиі қасыса, сойғанда қарын түгі қалың болса, қыста қар қалың болар; қыста қораға топырламай, еркін кірсе, таңертең желге қарсы қарап күйсеп жатса, ауа райы тұрақтанып, жақсарады; күзде тау беткейіндегі отар үнемі өрді беттеп жайылса, қозылар енелерінен қалғыштап, отардан бөліне берсе, күздің соңы, қыстың басында сақа қойлар аузына бір-бір тал шөп тістеп өрістен қайтса қыс қатты болар; қозылар қоралы қойдың алдын орап жайылса — қыс қолайлы; жүні қобырап, дымқыл тартса, жиі-жиі пысқырынса, лақ, қозы секендеп ойнақтаса, сақа қойлар құлағын қаққыласа, жаңбыр жауар; сілкініп сүйкеніссе, маңырап шуласа, жауын басылып, күн көзі ашылар. Егер қойлар желге қарап жайылса ауа-райы жақсы болады. Көп түшкіріп, пысқырса, аспанға бұлт жиылып, тұмандатып, жауын жауатынның ишарасы. 

Сиырда да сыр жатыр

Халқымыз мінезі салмақты, сабырлы адамдарды сиырға теңеп жатады. Еңбегі адал түліктің салмақты қылығына да қарап болжам жасауға әбден болады. Егер таңертең сиырыңыз желге қырын қарап, бейғам күйсеп жатса, сол күні  күн жылы, желсіз, жауынсыз, қарсыз болады.  Ал сиырыңыз өрістен әдеттегіден ауылға ерте келіп қалса, қалыңырақ  киіне беріңіз, себебі күн бұзылады. Мүйіздіңіз өріске шығарда тынышсызданып жан-жағына қараса, басын шайқап мөңіресе, мазасызданса, қарлы борасын соғып, қар жауып, күн суытады деген сөз. Жазда сауын сиырлары бұзауларына қарай мөңіресе, жауын жауардың ишарасы болмақ. Жауын жауып жатқанда бұқа мөңіреп, өкіріп жүрсе, аспан ашылудың айғағы. Жайылып жүргенде жүндері үрписе, ауа-райының бұзылуының белгісі. Сауынды сиыр кенеттен суалса, онда кешікпей ылғал жауын жауады.

Ешкінің секеңдегенінен сезіктен

Қазақ халқы ешкі малын ауа райына төзімсіз мал, сондықтан олар ауа райын алдын-ала сезінуге сергек, сезімтал келеді деп есептейді. Ауа-райын білгіңіз келсе ешкінің жүріс-тұрысын бақылап көріңіз. Егер ешкілер тасқа, биік жерге шығып, секеңдеуін қойып, қораға үйген тезек, жүк ықтасынына тығылып тұрса, онда кешікпей жауын-шашын, қар жауып, бұрқасын суық жел соғатынының белгісі. Кешке өрістен қайтқан ешкілер ауылға қарай асыға жүгірсе, қораға асықса, түнде күн суытып, ауа райы бұзылады. Қорадағы ешкілер тынышсызданса, ол ауа райы қолайсыз болатынының белгісі. Таңертең ешкілерге назар салғанда олар ешбір қаперсіз күйсеп жатса, сол күн тынық, жылы болады. Ешкілер «шыжбыңдап», салқын, тығылатын жер іздеп жүгірсе, күн шыбынды, мұнартқан болады. Бұл күн ысуының да ишарасы болмақ. Егер олар басқа малдан бұрын өрсе, күн тынық болады. Ал түшкіріп-пысқырып мазасызданса, онда аспан түнеріп, жауын жауады.

Шуда, шуда шудалар

Шөл далаға төзімді келетін маңғаз түйелерді қазақ басқа малдарға қарағанда аса сезімтал деп білген. Өйткені олар ауа-райының өзгерісін екі-үш күн бұрын біледі. Сондықтан түйелерді жақсы синоптиктердің қатарына қосуға болады. Сонымен жел соғып, қарлы борасын, боран, дауыл соғатын болса, түйе күлде, бұта, ши түбінде төмен қарап шөгіп жатады. Түйе ертеңгісін жайылымға жайбарақат өзі шықса, күн жайлы, желсіз, жауынсыз, қарсыз болатынын білдіреді. Топ түйе ыққа жайылса, демек  сол күні ауа райы бұзылады. Ал қыста, көктемде кез-келген жаққа, басы ауған тұсқа жайыла берсе, келер күндері ауа райы жылы, жақсы болмақ. Қыс айларында түйе малы ернін жыбырлатса, кешікпей қар жауып, қар суын ішеді, қар асайды деп болжанады. Бұл көктемнің уақытынан бұрын басталатынын да көрсетеді. Алғашқы мизам (қыркүйек айының соңғы күндері мен қазан айының ортасына дейін болатын шуақты күндер) көрініп, туған күні, түйе малы басын құбылаға қаратып, төрт аяғын төрт жаққа керіп, талтая керіліп, жайбарақат ұйықтаса, сол жылғы қыс жайсыз болады деп есептеледі.

Ұйқысынан біліңіз

Жеті қазынаның бірі ит жәй ғана үйіңізді күзетіп қана қоймайды. Иесіне адал жануар кейде іс-әрекетімен табиғат құбылысынан мәлімет береді.  Ит қарға жатса, не керіліп ұзақ жатса, таяуда күн жылынбақ;  ұзақ ұйықтаса, ауа райы бұзылмақ; итаяққа құйған асты аз ішіп, бұйығып жата берсе, жаңбыр жауады, мезгілсіз қайта-қайта ұлуы - жаманшылық белгісі не табиғат апатының хабары. Жалқау мысықтардың да қылықтары табиғат құбылысымен байланысты. Мәселен мысық бұйығып ұзақ ұйықтаса, күн жылынады;  жуынса - күн шуақтанады;  суды әдеттегіден кебірек жалап ішсе, ауа райы жылынады; жерді осқылап тырналаса - қыста бұрқасын, жазда жел тұрып, жаңбыр жауады; тұмсығын ашып ұйықтаса-күн ашық, бауырына тығып ұйықтаса жаңбыр жауады; тұмсығын бауырына тықса - қыста аяз, құйрығын ширатпай, жазып жүрсе, бұрқасын соғады; артқы екі аяғымен тұрып, алдыңғы аяқтарымен жер тырналаса, боранды күте беріңіз. 

«Құс қанаты»

Құстар қоршаған ортаның ажырамас бөлігі. Қанаттылар ауа-райына бейімделе өмір сүруге дағдыланған. Сондықтан құстардың келіп-кетуі ауа-райының өзгеруіне байланысты.  «Құс қанаты» деген ұғым жыл құстарының көктемде келуіне және күзде қайтуына сәйкес келетін амал. Көктемде «құс қанаты» наурыз айының 26-28 -іне сәйкес келеді. Ең алғаш өлкемізге келетін құстың бірі қараторғайлар. Бұл кезде қайтқан құстардың сусылдаған ызғарынан күн суынып, жапалақтап қар жауады. Мұны сол жылғы соңғы қар деп есептейді. Қаз бен үйрек суға шомылып қиқулап, қанаттарын қомдап мазасызданса, ауа райы бұзылады. Үйрек ұясын су жағасына таяу салса — жаз қуаң, судан қашық салса — жаз жауын-шашынды деп болжанады. Ал қарлығаш   бірде төмендеп, бірде биіктеп ұшса, дауыл соғады; жер бауырлай ұшса, жаңбыр жауады не жел тұрады; биіктей ұшса, ауа райы жақсарады, төмен қалықтаса, бұзылмақ.  Қазекем жиі әнге қосатын құс - тырналар   жылы жаққа қайтқаннан кейін үш апта өткенде түнде аяз тұрады екен. Ал қазан айының басында көрінбесе, қыс бір ай кеш түсетін көрінеді. Каспий теңізінде кездесетін бірден бір сүтқоректі жануар - итбалық. Оның тіршілігінде болатын ерекшеліктің бірі мұз қатқанда мұз үстіне шығып күшіктеуі халық назарын аударған. «Итбалықтың кіндік кесері» (кейде итбалықтың кіндік қатары) деген амал кезінде, яғни ақпан айында бір жетідей боран соғып, күн қатты суытады. Осы кезде жаңа туған күшіктің кіндігі мұзға қатып, табиғат оның кесілуіне (үзілуіне) жағдай жасайды.

«Құралайдың салқыны»

Ақбөкенді қазақтар киелі санауы бекер емес.  Оның тыныс – тіршілігі туралы халық ұғымдары көп. Соның бірі –«құралайдың салқыны» деп аталады. Бұл ақбөкендер көктемгі мамыр айының 17 - 25 - і аралығында жаппай лақтау мерзіміне сай келеді. Бұл кезде ол өте көп топ құрып (кейде 20 - 25 - мыңы бір жерге топталып), суы бар өзен жағалауына немесе қақ суы айналған шөбі мол жерлерде төлдейді. Бұл кезде ауа райы салқындап, ызғырық жел тұрады, жаңбыр жауып, артынша күн суытады да, табиғат дүниеге жаңа келген құралайларды салқын ауа райларымен ширатып, қатал табиғат жағдайына бейімді етіп өсіреді. Бұл мезгілді «киіктің лақ өргізері» деп те атайды.

Төрт-түлік мал, дала жануарлары, құстар, тіпті жыбырлаған жәндіктер де табиғат сыршылары екен. Әрине теледидар, ғаламтордан күнделікті ауа-райын хабарлап тұрғандықтан мұндай ескі әдісті қолданбайтынымыз анық. Сонда да зердеңізге тоқып алғаныңыз артық болмас.  Қанша дегенмен   бұл дала философы атанған халқымыздың сан ғасырлық ізденісі.    

​Тарақандар қиярды ұнатпайды
​«Тірі» почта
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу