Сіз хэллоуинді тойлайсыз ба?

Oinet.kz 31-10-2019 1336

Screenshot_6.jpg

Хэллоуин (Halloween) - христиандық дәуірге дейінгі кезеңде пайда болған кельт мейрамы. Кельттер - Англия мен Ирландияның, Францияның аумағында өмір сүрген тайпалар. Олар күнді құдай санап, қыс мезгілінде күн құдайы Самхэин тұтқынында болады деп түсінген. Яғни, хэллоуин - бұл қыстың келуін білдіретін мереке.  Аңыз бойынша, дәл  31 қазан күні Самхэин болашақ пен өткен шаққа жол ашады. 

Көптеген салттар және дәстүрлер Самхэйнмен байланыстырылған. Осы күні Ирландияның Тару атты бас қаласында барлық жауынгерлер жиналып, той жасайтын, ол күні-түні хэллоуин тойланатын болған. Самхэйн күні адамдар кейінірек друидтер (кельт халқының абыздары) берген қасиетті оттармен қайтадан жағу үшін, өз үйлеріндегі оттарды өшіріп қоятын. Бұл күн мазасыз әруақтар мен сиқырлы тіршілік иелері біздің әлемімізге өте алатын. Сондықтан да кельттер әруақтар сияқты киініп алып, арғы беттен келетін тылсым күштерді тыныштандыру үшін, әр үйге барып тамақ сұрап жүретін болған.

Самайн мейрамында әртүрлі бал ашулар өткізілетін. Мысалыға, жастар қосақталып отырып, ұзын пішіндісі – еркек, ал дөңгелектеу келгені әйел деп есептеп, шырмауық жапырақтарын жанып жатқан отқа лақтыратын болған. Алаудың екпініндегі жапырақтар бір-біріне жабысатын болса тойға, ал егер екі жаққа ұшып кетсе айрылысуға деп есептеген. Бал ашу кезінде көбінесе жаңғақты қолданған. Қыздар өз сүйіктілерінің адалдығына көз жеткізу үшін, жанып жатқан оттың жанындағы торларға аттары жазылғн екі жаңғақты қоятын болған. Сонда жаңғақтар бірдей жанып кетсе бәрі жақсы, ал егер олар жанбай, жан-жаққа ұшып кетсе – бұл жігіттің бейкүнәлігінің дәлелі деп саналған.

Screenshot_5.jpg

Біздің дәуіріміздің І ғасырында римдіктер кельттерді жаулап алған. Бірақ мейрамдарын тойлауға тиым салмаған – ол Помон (өсімдіктердің әйел құдайы) күнімен тура келген. Уақыт өте Самхэйн сіңісіп кеткен.

Британия мен Ирландияның христиандануы жергілікті халықтың пұтқа табынушылар мейрамдарынан бас тартуына алып келді. Бірақ та Самайн ұмытылмады.

ІХ ғасырда ІІІ Папа Григорий барлық әулиелер күнін тойлауды 13 мамырдан 1 қарашаға ауыстырды. Сол кездерде бұл күнді жыл бойына өз мейрамдары болмаған әулиелерге бағыштаған. Мереке қарсаңындағы күн (31 қазан) ескі ағылшын тілінде All Hallows Even немесе All Hallows Eve («барлық әулиелер кеші») деп аталған. Кейінірек атаулар Hallowe'en немесе Halloween деп өзгертілген.

Пұтқа табынушылар мен христиандардың мейрамдарының тойлануы бір уақытта тура келуі, пұтқа табынушылар мейрамының сақталып, кельттердің жын-шайтандары христиандарға өтті. Орта ғасыр және Жаңа уақыт дәуірінде Хэллоуин жындар ойнағының уақытына айналды.

Ішіне жанып тұрған шырағдандар орнату арқылы асқабақтан қорқынышты шамдар жасау дәстүрі Хэллоуинмен тығыз байланысты. Аңызға сенсек мұндай шамдарды қуақы және сараң ирландиялық ұста Джек ойлап тапқан екен. Ол осы шамдар арқылы шайтанды екі рет алдап, одан өз өміріне қастандық жасамайтыны туралы уәдесін алған-мыс. Бірақ та ұста күнәлары үшін жұмаққа жіберілмеген, және де ол шоқ болып жанған көмірді, жел тиіп өшіп қалмауы үшін бос асқабаққа салып, өз жолын жарық ете отырып, Ақырзаман келгенше Жер бетін кезіп жүруі керек болған. Осыдан келіп шамның — Jack-o-lanterns атауы пайда болған.

Қазіргі сипаттағы Хэллоуин тек ХІХ ғасырда ғана пайда болған. Еуропадан АҚШ-қа көшкен эммигранттар осы мейрамды алып келгеннен кейін, тек өткен ғасырдың 1920 жылы Нью-Йорк пен Лос-Анджелес қалаларында алғаш рет ресми тойланды. Хэллоуинде ағаштарды өртеу, шамдарды сындыру секілді ұсақ бұзақылықтар сәнге айнала бастады. 1950 жылдардан бастап Хэллоуин коммерциялық тұрғыдан пайда әкеле бастады. Костюмдер, әшекейлер, ашықхаттар және басқа да заттар өте жоғары сұраныстарға ие бола бастады. Содан бері Хэллоуин америкалық тинэйджерлердің сүйікті мейрамдарына айналды.

Биылғы жылы Америка Хэллоуинді тойлауға 6.9 млрд доллар бөліп, ерекше дайындалып жатқан көрінеді. Тіпті тойдан бас тартқан мұсылмандарға арнап, арнайы костюмдер тігіп, оны нарыққа шығарғанын қайтерсіз? Ал еліміздегі көптеген бауырларымыз Хэллоуиннің түпкі мағынасын, мәнін түсінбей, еліктеп, солықтаудан ғана тойлап жүрген болар. Мейрамды мерекелемеуге мемлекеттен ғана тыйым күтіп отыра беруіміз дұрыс емес. Әрқайсымыз саналы түрде Хэллоуиннен бас тартуымыз керек.

Оған бірнеше себеп те бар: 

Хэллоуин – мұсылмандардың емес, пұтқа табынушылардың әруақтарды шақыратын мерекесі.  

Мұсылмандар өлгендеріне құрмет көрсетеді, артынан жаман сөз айтпайды, Құран оқиды. Ал бұл мереке өлі аруақтарды қорлап, оларды шақырып, мазаққа айналдырады.

Дінімізде ақыл-есі бүтін адамдардың өзін «жындыдай» ұстауы дұрыс емес. Хэллоуин болса, жын-шайтандардың, мыстандардың мерекесі іспетті.

Сансыз асқабақ пен костюмдерге, бояуларға ақша жұмсау – ысырапшылдық.

Бұл мерекеден мұсылмандар тұрмақ, «дінімізге қайшы келеді» деп көптеген христиандар да бас тартқан.

Ең әлсіз футбол командасы
«Ана» тақырыбындағы 5 үздік фильм
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу