Әлемдегі ең қауіпті кітап

Oinet.kz 31-10-2019 1801

Л. Н. Толстой: «Жақсы кітап – ақылды адамның әңгімесіндей» - десе, Әлішер Науаи кітапты ақылына ақы сұрамайтын алтын қазынаға теңейді. Ия, шынында да кітап – адамның ең жақын досы, ақылшысы, таптырмас асыл қазынасы. Жақсы кітап өзінің әлеміне еріксіз баурап әкететін құдіретті күш іспетті. Өзіңді тану үшін де, өзгені тану үшін де, тіпті әлемді тану үшін де кітап керек. Әрине егер ол қауіпсіз кітап болса... Иә, иә, қауіпсіз. Қауіпті кітап дегені қалай деп таңданып отырған боларсыз? Кинофильмдердегідей іші қауіпті сиқыр сөздерге толы кітап немесе адам терісінен жасалған кітап, не болмаса қауіпті бомба жасауды үйрететін нұсқаулығы бар кітапты елестетіп отырсыз ба? Жо-жоқ, олардың біріне де жатпайды. Керек десеңіз, ол кітаптың ішінде бірде-бір мәтін жоқ. Сонымен ол қандай кітап болды екен?

Кітаптың аты «Өлім қабырғаларының көлеңкесі», яғни «Тени от Стен Смерти (Shadows from the Walls of Death). 86 беттен тұратын бұл кітаптың әрбір парағы 150 жылдық тарихы бар қабырға түсқағаздарынан құралған. Оның қауіптілігі де сонда. Оны химия ғылымдарының профессоры Роберт Кедзи есімді дәрігер жасап шығарған. Ол 19 ғасырдың соңында тұрмыстық қағаздардың адам денсаулығына зияны туралы зерттеумен айналысқан. Кітапты жасап шығаруының себебі де сонда. Себебі сол кездегі қағаздардың 60-65% бояу үшін күшән мен мыс қоспасын пайдаланған. Түсқағаздарға ерекше әдемі жасыл түс беретін құрамында күшән (мышьяк) бар бояулардың бағасы да өте арзан әрі тиімді болған. Улы бояу қағаздан оңай кетіп, тозаң күйінде өкпеге, тіпті тамаққа да түседі.

shadows_from_the_walls_of_death.jpg

Американың Манчестер қаласында осындай күшәнмен улану оқиғасы да тіркелген. Жас отбасы үйлеріне жөндеу жұмыстарын жүргізіп, балалар бөлмесіне ашық жасыл түсті түсқағаз жабыстырған. Оған 9 жасар Эмма атты қыздарын жатқызған. Біраз уақыттан кейін қыздың көздері нұрсызданып, денесіне жара басып, салмағы күрт төмендеп, бас ауруы пайда болған. Үйінен емделуге кеткенде жағдайы жақсарып, үйіне келген соң ауру белгілері қайта орын алып отырған. Бөлме түсқағазынан сынама алған Роберт Кедзи оның құрамында күшәннің концентрациясы өте жоғары екенін анықтаған. Ата-анасы түсқағазды алып тастаған соң ғана қыздың жағдайы жақсарып, денсаулығы қалыпқа келген.

Қазіргі таңда «Өлім қабырғаларының көлеңкесі» кітабының екі данасы ғана қалған. Оның бірі Мичиган университетінің кітапханасында сақтаулы. Кітап ерекше коллекцияға еніп, герметикалық контейнерге салынған. Сонымен қатар әрбір беті уланудың алдын алу үшін арнайы өңдеуден өткен. Кітапты «оқығысы» келген оқырмандар ең алдымен арнайы резеңке қолғап киюі тиіс.

Бір қызығы, 19 ғасырдың соңында АҚШ-та күшән қоспасы бар бояуды тек түсқағаз бояуға ғана емес, балаларға арналған ойыншықтарға да, құттықтау хаттарына да, ойын карталарына да, концерттік билеттерге де, тіпті опа-далап пен тәттілерге де пайдаланған.

Қытайда қарлығаштың ұясы 3000$ тұрады
Ең әлсіз футбол командасы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу