Қалдыбай Ыдырысов: «Жақын туыстардың үйленуі ауру ұрпақтың туылуына себеп болады»

Oinet.kz 10-07-2019 1208

Screenshot_3.jpg

Қалдыбай Ыдырысов, медицина ғылымдарының кандидаты, Сайрам аудандық Ақсукент емханасының бас дәрігері

-         Қалдыбай Садуақасұлы, Сайрам халық тығыз қоныстанған аудандардың бірі. Емхананың мыңдаған тұрғынға сапалы әрі жылдам қызмет көрсетуге мүмкіншілігі жеткілікті ме?

-         Өзге аудандармен салыстырмалы түрде айтқанда емхананың материалдық-базалық, сондай-ақ мамандардың біліктілігі көңіл қуантарлық.  Сайрам аудандық емханасы 60 жылдан астам уақыт бойы халыққа қызмет көрсетіп келе жатыр. Қазіргі таңда Сайрам ауданы бойынша 205 мыңға жуық халық тұрады, «Ақсукент» емханасының еншісінде  124 500 тұрғын: оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар 43 200, жасөспірімдер 6 мыңдай, ересек  адамдар 75 500  және туатын жастағы әйелдер саны 31 мыңды құрайды. Бір айта кетерлігі, Сайрам ауданында туатын жастағы әйелдердің саны көбірек. Емхананың құрамына орталық емхана, екі ауылдық емхана, 5 дәрігерлік амбулатория, 13 фельдшерлік-акушерлік бекет және 7 медициналық бекет кіреді.

Олардың барлығы заманауи құрал-жабдықтармен, медициналық аппараттармен қамтамасыз етілген.  Халыққа жедел түрде алғашқы медициналық көмекті көрсету үшін 13 шетелдік автосанитарлық көлік және 1 реанимобиль жұмылдырылған. Біздің мекемеде жедел-жәрдем көрсету бригадалары, басқа халқы көп аудандарға қарағанда біршама көп екендігін мақтанышпен айта аламын.   Ұжымда 206 дәрігер, 631 орта буынды медицина қызметкерлері аянбай еңбек етіп келеді. Көптеген аудандық емханаларда  кейбір бейінді мамандардың жетіспеушілігі байқалады. Облыстық және қалалық емханаларда нефролог, пульманолог, балалар кардиологы, балалар ревмокардиологы және профпатолог дәрігерлері болғанымен, аудандық емханаларда бұл мамандар тапшы. Осындай қиындықтарды жеңу үшін және халыққа арнайы сапалы медициналық көмек көрсету мақсатында емханаға арнайы нефролог, пульманолог, маммолог, реабилитолог, ревматолог, балалар эндокринологы және невропатологы, балалар кардиологы, балалар ревматологы, профпатолог, дәрігер эндоскопист және УЗИ дәрігері мамандарын даярлықтан өткіздік Қазіргі таңда олар толығымен жұмыс атқаруда. Мұндай мамандар өзімізде табылып тұрғасын науқастар басқа жаққа шапқыламайтын болды, яғни мемлекеттік бағдарламаға сәйкес сапалы медициналық дәрігерлік көмек халыққа жоғары деңгейде мейлінше жақындады.

-         Республика көлемінде жүзеге асырылған «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы аяқталғаны мәлім. Осы орайда бағдарламаны қорытындылай кетсеңіз…

-         2014 жылы емхана  рейтингілік көрсеткіш бойынша Оңтүстік Қазақстан облысы көлемінде алғашқы орындардың бірін иеленді. Мұны айтып отырған себебім ұжым  бағдарламаны сапалы орындап, жоғары көрсеткіштермен аяқтады.  Мәселен бұрынғы жылдармен салыстырғанда ана мен бала өлімі, туберкулез ауруының көрсеткіші айтарлықтай төмендеді. 2012 жылдан бері бүгінгі күнге дейін бірде-бір ана өлімі орын алған жоқ. Сондай-ақ 2012 жылы туберкулез  дертінен көз жұмғандар 5,7 пайызды құраса, өткен жылы ол 3,2 пайызды құрап,  төмендеді. Бағдарламаның мақсаты да ауруды дер кезінде анықтап, алдын алу жұмыстарын жүргізіп өлім-жітімді азайту болатын. Алға қойып отырған үлкен мақсат,  жаңадан қабылданған мемлекеттік «Денсаулық» бағдарламасын 2016-2020 жылдар  аралығында ойдағыдай жүзеге асыру. Жаңа бағдарламаның «Саламатты Қазақстан» бағдарламасына қарағанда жауапкершілігі жоғары. Айталық «Денсаулық» бағдарламасы бойынша  ақ халаттыларға жүктелген міндет  туберкулез, қатерлі ісік, жүрек қан тамырлары аурулары, эндокриндік аурулар секілді әлеуметтік, қауіпті ауруларды дер кезінде анықтап,  диспансерлік есепке уақтылы алу және емдеу.

-         Жоғарыда ауданда туатын жастағы әйелдердің саны көп деп айтып қалдыңыз. Бұл медицина мамандарына көптеген  міндеттерді жүктейтін шығар?

-         Ия, рас айтасыз. Ұрпақты жалғастырушы әйелдердің денсаулығы біз үшін өте маңызды. Бүгінде мамандарымыз қыз-келіншектерді ана болуға дайындалуды, жүктілікті жоспарлауды, жүктілік кезінде және жүктіліктен кейінгі күтімдерді насихаттап үйретуде. Ол үшін емханада «Отбасын жоспарулау», «Сау бала бөлмесі» секілді кеңес беретін бөлмелер ашылған. Жоғарыда атап өткенімдей соңғы жылдары ана өліміне жол беріп отырғанымыз жоқ. Алайда  емханаға қарасты туу жасындағы әйелдердің жүктілік кезеңдегі жатырішілік ұрықтың даму кезеңіндегі ақауларына келгенде, үлкен проблемаларамен кездесетінімізді айту керек.  Әрине, мұның өзіндік себептері, әсер ететін факторлары бар. Сайрам ауданының халқының менталитеті басқа аудандарға қарағанда өзгешелеу. Халық арасында  жақын туыстарымен қыз алысу, қаны жақын жастардың бір-біріне үйленуінің салдарынан жатырдағы балада ақаулардың пайда болуы негізгі себеп болып табылады. «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» дегендей ұрпақ сабақтастығына кесірін тигізіп отырған мұндай дәстүрден бас тартатын кез келген секілді. Осы мәселені көтеріп үш тілде жарық көретін аудандық газетте бірнеше рет мақала жаздым. Халық арасында және емделушілерге де мамандарымыз «қандасына үйленудің» қаншалықты қатерлі екенін аула аралау жұмыстарын атқарған кезінде барынша түсіндіруде. Баланың денсаулығына алаңдайтын тағы бір мәселе - аналардың жүктілікке жауапкершілікпен қарамауы. Аталмыш проблема қайтадан ұлттық менталитетке тіреліп тұр. Бізде «жас кезінде туып алсын» деген көзқарас қалыптасып қалған. Үлкендердің ақылына құлақ асқан жас аналар кейде бір жылда екі рет босанып жатады. Бұл дұрыс емес. Себебі әйел босанғаннан кейін кем дегенде бір-екі жыл демалу керек. Оның ағзасы толықтай қалпына келіп, әл-қуатын жинап алғаны абзал. Оның үстіне баланы екі жасқа дейін емізсе дені сау болады. Ал бірінші баланы босанып, бір жылға жетпей екінші рет нәрестелі болған әйелдің денсаулығы сыр бере бастайды. Дүниеге жаңадан перзент әкелген әйелді «жарты адам» деуге болады. Яғни ол қуатының жартысын балаға беріп отырған адам. Ал кейінгі сәби арада екі жыл өтпей жатып туылса, көп жағдайда әлсіз, аурушаң болып келеді. Себебі әлі қалпына келіп үлгермеген жатырда өскен бала жарымжан болады. Әр перзенттің арасы үш-төрт жылдан кем болмаса  ол балалардың ақыл-есі дұрыс, денсаулығы мықты болмақ. Соңғы уақыттары халықтың медициналық сауаты артып келе жатқанын сеніммен айта аламын. Түсіндіру жұмыстарын жүргізуді жалғастыра берсек ананың да, баланың да денсаулығында кемшіліктер бола қоймас деген ойдамын.

-         Емделушілердің медицина қызметкерлеріне көңілі толмайтын тұстары көп. Бұл қызметкерлердің білімсіздігінен бе, әлде қаралушылардың өз құқықтарын білмегендіктерінен бе?

-         Әрине, өмір болғасын қызмет барысында пацинеттер мен мамандар арасында түсініспеушіліктер орын алып тұрады. Мұндай кішігірім дау-дамайдың ақ-қарасын анықтау үшін емханамызда алты эксперт-дәрігерлер жұмыс жасайды. Олар қателіктің кімнен кеткенін анықтап, қай тараптың талабы дұрыс екенін шешіп береді. Қажет жағдайда екі тарапқа да өз құқықтарын түсіндіріп бере алады. Қызметкерлерден қателік кетпеу үшін олардың біліктілігін арттыруға көп мән беремін. Өйткені оқыған маман мен оқымағанның айырмашылығы жер мен көктей. Соңғы 5 жылда қызметкерлердің біліктілігін арттыру үшін Алматы, Астана секілді қалалардан білікті ұстаз мамандарды шақырттым. Олар өздерінің құрал-саймандарын, муляждарын осында ала келіп, дәріс өтеді. Жылына 50-60 дәрігер мен 70-100 мейірбикелерді оқытамын. Жақында ғана Алматыдан келген мамандардан 25 фельшер, 20 мейірбике мен 10 дәрігер дәріс алды.

Мұрағаттан, 2016 ж, шілде

АИТВ (ВИЧ) адамға қалай жұғады?
Бронх демікпесінің қалай алдын-алуға болады?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу