Иманәлі Байдәулетов: «Медицинадағы реформалар тереңірек түсіндіруді талап етеді»

Oinet.kz 09-07-2019 992

Screenshot_7.jpg

Иманәлі Байдәулетов, Медицина ғылымдарының докторы, Денсаулық саласының ардагері

Тәуелсіздіктің тар жол тайғақ кешу жылдарында  Жоғарғы Кеңестің депутаты ретінде  төрт жыл тер төктік, ел игілігіне жарайтын заңдардың қолданысқа енуіне  үлесімізді қостық.  Оның ішінде әлеуметтік сала – медицина бойынша еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлымен ойласқан түрде жұмыс жасаған кездеріміз болды. Мені денсаулық саласына қатысты комиссияның құрамына кіргізді. Сонда мен Конституцияға «Қазақстанда ақылы және ақысыз медицина қатар жүреді» деген сөз енгіздім. Президенттің айтуымен, әрине. Сосын мен медициналық сақтандыру туралы ұсыныс жасадым. Қолдау тапты. Солай әліме қарамай қиын жағдайда қабылданған Конституцияға өз үлесімді қостым деп ойлаймын.  

Ұсынысымызды 1996 жылдары жүзеге асырмақ болғанымыз сәтсіз аяқталды. Басында бәрі жап-жақсы-ақ басталғандай көрінген міндетті медициналық сақтандыру қорының (ММСҚ) қаржысын кімдердің қолды еткенін жұрт жақсы біледі деп ойлаймын. Сөйтіп бүгінге дейін біз кеңестік кезеңдегі бюджеттік жүйемен жұмыс істеп келеміз. Бюджеттік жүйеде қандай болады? Қаржы болса – дәрі жоқ, дәрі болса – қаржы жоқ. Екі ортада науқас зардап шегеді. Кемшілігіміздің бірі осы болды. Бұл дүние жүзінде шешілген мәселе.  Десек те Елбасының 100 нақты қадам – Ұлт жоспарында айтылғандай жекеменшік медициналық ұйымдарды дамыту мен міндетті медициналық сақтандыру реформасына қайтадан келе жатырмыз. 2017 жылдан бастап медициналық қызмет ақыларын төлейтін комитеттердің барлығы медициналық сақтандыру компанияларына айналады. Сөйтіп олар бұрынғы ММСҚ міндетін мойындарына алады. Бай адамдар – тұрмысы төмен азаматтарға, денсаулығы жақсы жастар – ауру-мүгедектерге, жасы кішілер үлкендерге жәрдем береді деген сияқты қағидалары бар әлеуметтік сақтандырудың принциптері өте дұрыс. Бірақ оның қалай жүзеге асатынын айту қиын, егер ел арасында тұрғындарға түсіндіру жұмыстары өз деңгейінде жүргізілмесе.  Егер орындалса, бұл көптеген елдерден, оның ішінде көрші Ресейден медицинасын жүйелеп алған Қазақстанның озатыны анық. Жалпы алғанда, даму бағытымыз дұрыс келе жатыр.

Реформа  бүгінде басталып та кетті. Орталықта айтылып, әрекеттер жасалып жатыр. Бірақ, облыстық, аудандық, ауылдық деңгейде насихатталуы кемшін. Жаңа айтып өткенімдей реформалар тереңірек түсіндіруді талап етеді. Себебі оны бірінші ауру адам түсінуі, пайдасын білуі керек. Оның дұрыс екеніне көзін жеткізуіміз қажет. Дәрігерлеріміз де тиімді екенін түсінуі тиіс. Екі жақты түсінік дұрыс болмай ешбір реформа жүзеге аспайды. Сосын әлеуметтік сақтандыруға екінші рет келе жатқан соң мұнда асығыстыққа, шалағайлыққа жол беруге болмайды. Әлеуметтік сақтандыруды енгізу мүлтіксіз орындалғанның өзінде де кемінде үш-төрт жылға созылады.  Түсіндіру жұмыстарымен қатар медициналық көмек түрлерін мемлекеттен қаржыландыру қатар жүре береді. Бірте-бірте бесінші жылдан бастап, міндетті медициналық жарнадан түскен қаржы есебінен ММСҚ толық жұмыс жүйесіне көшуі тиіс. Жарнаның жиынтығы ішкі жалпы өнімнің 4-5 пайызын құрайды. Бұл дамыған елдерде 11 пайыз, 12-13 пайызға дейін жететіндері де бар. Сондықтан бізде де медицина келешекте АҚШ, Жапониядағыдай болады деп сенемін. 

Дамыған елдерде де сақтандырылмағандар 4-5 пайызды құрайды, 7 пайызға дейін жететіндері де бар.Бұл көрсеткіш өзіңіз айтқандай бізде көп болуы да мүмкін. Бірақ бұл жарна төлемегендерге медициналық көмек көрсетілмейді, олар өліп қалады деген сөз емес. Оның барлығы басқа механизмдер арқылы, үлкен қайырымдылық қорлары арқылы ем қабылдай алады. Сосын тегін медициналық жәрдем беретін ауруханалар болады. Барлығы ақылы болады деген сөз жоқ. Сосын қазақстандық реформаның ерекшелігі – халыққа 15 категория бойынша қызмет көрсетіледі. Оның ішінде қарттар, мүгедектер, асыраушысы жоқ адамдар, аяғы ауыр әйелдер, кәмелет жасқа дейінгі жасөспірімдер, құқық қорғау органдағылар мен әскерилер, тағы басқа да топқа жататындар деңгейіне қарай әлеуметтік жағынан қорғалады. Оларға мемлекет тегін медициналық жәрдем береді. Егер халқымыздың саны 17 миллион болса, соның 12 миллионы әр түрлі механиздер арқылы жеңілдіктермен мемлекет тарапынан тегін емделеді. Ал, енді кімдер жарна төлейді деп отырған боларсыз? Өзін-өзі жұмыспен толық қамти алатындар... Өкінішке қарай, олардың саны бізде әлі белгісіз. Олардың көбі еш жерде тіркелмеген, салық төлемейді. Тіпті тіркеліп, тиісті салықтарын төлеп жүргендерінің өздері медициналық сақтандыру полисі туралы толық білмейді. Біледі дегендерінің өздері бұған дейінгі жүзеге аспаған сақтандырудан кейін секемдене қарайды. Бір сөзбен айтсақ, олардың көздерін бұл жобаның тиімділігіне көздерін жеткізе алсақ, 3-4 жылда тез өтуге болады.

Мұрағаттан, 2016 ж

Саусақты қытырлату буын ауруына соқтырады деген рас па?
АИТВ (ВИЧ) адамға қалай жұғады?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу