Немереме не деп жауап беремін?
Күндердің күні, қартайған кезімде есейіп қалған немерем бетіме қысыла қарап, бірдеңе айтқысы келгенін қабағымен аңғартып, сосын біраз жөткірініп алып:
– Ата, сонау 1990 жылдары неге тіліміздің шұбарлануына «үлес қостыңыз»?
– Неге жер сатылған кезде үндемедіңіз?
– Неге протон құлап жатқан кезде газет бетіне өтірік пафосты мақала жаздыңыз?
– Неге ақбөкен қырылып жатқанда қорғап сөз сөйлемедіңіз, мәселе көтермедіңіз?
– Неге жеңіл әндер көбейгенде, жақсы әндерге сөз жазып, насихатты күшейтпедіңіз?
– Неге жол полицейіне пара беріп, ереже бұзғаныңызды жасырып-жаптыңыз?
– Неге біреу жұмыс тауып беруді өтінгенде, тамыр-таныс іздедіңіз?
– Неге өтірік мақтадыңыз, өтірік жамандадыңыз?
– Неге непрофессионалдардың тапсырмасын орындадыңыз?
– Неге ащы суға өте жақын болдыңыз?
– Неге ақшаны басты құндылық деп таныдыңыз?
– Неге дүрмекке ілесіп, бір уақ танымызды кеңейтуге ұмтылмадыңыз?
– Неге дүниеге құмарттыңыз?
– Неге тәубені ұмыттыңыз?
... десе не деп жауап берер екенмін? Жерге қарап, күмілжіп, шашымды салалап тарап, желкемді қасып отырып, «заман солай болды ғой, құлыным...» деп ақталамын ба? Әлде «әркім өз заманының сұрқылтайы, бар, өзіңді түзеп ал» деп өтірік айбат шегемін бе?
Біз дәуір сұрағынан қорықпайтын жағдайға жеттік. Осы қорқынышты.
Әр адам ертеңгі ұрпағының алдында жүзі жарқын болуды ойласа-шы. Шіркін, дүние...
Есей Жеңісұлы