Қызылша ауруы жайлы не білеміз?
Қызылша – вирустар туғызатын жұқпалы ауру. Жасырын кезеңі 7-17 күнге созылады. Алғашқы күндері ауру тұмауға ұқсап өтеді, яғни дене қызуы көтеріледі, мұрын бітеледі, бала жөтеледі, көзі қызарып, жасаурайды. Ауру сәт сайын үдей түседі. Ауыз іші қабынып, ісініп, іш өтуі мүмкін. 2 немесе 3 күннен кейін ауыздың шырышты қабығында тұздың жартысындай кішкентай ақ дақтар көріне бастайды. Одан кейін екі немесе үш күн өткен соң құлақта және мойында, сосын бетте және денеде, ең осңында қол мен аяқта бөртпелер пайда болады. Денеге бөртпелер шыққаннан кейін баланың жағдайы әдетте жақсарады. Бөртпелер 5 күннің ішінде шығып болады. Бөрткендер басылғаннан кейін ғана дене қызуы қалпына келеді, жөтел басылады, бөрткен жерлердің терісі түлейді. Асқынбаған ауру әдетте 10-14 күнге созылады. Бөрткендер шыққаннан кейін дене қызуы төмендемесе аурудың асқынғаны. Бала көбінесе бронхитке, пневмонияға, ортаңғы құлақтың қабынуына шалдығады. Баланың халі нашарлайды, тәбеті жоғалады, шөлдей береді. Сондықтан балаға суды жиі беру керек, аузын жиі-жиі шайып отыру қажет. Бұл жағдайда бөлмені қараңғылап қойған дұрыс. Бала жатқан бөлмені жиі-жиі желдетіп, таза ұстаған жөн. Дене қызуы қалпына түскен соң баланы төсектен тұрғызуға, ал бір аптадан кейін қыдыруға, ойнатуға болады.
Ата-аналар! Қызылшадан кейін бала организмі қатты әлсірейді, сол себептен тұмау және ішек ауруларына шалдығуы мүмкін. Сондықтан балаға ерекше көңіл бөліп, дәрігердің айтқанын мұқият орындап отырыңыздар.
Ата-аналар! Алдын-алу шаралары:
Қызылшамен ауырған баланы басқа балалардан бөлек ұстаған жөн. Қызылшамен ауырып жатқан баласы бар үйге басқа үйдің балаларының келуіне болмайды. Қызылша ауруы бар үйдің балалары, егер олар бұл аурумен ауырмаған жағдайда мектепке, дүкенге немесе басқа да өоғамдық орындарға 10 күнге дейфін баруына болмайды. Жас балалар организмінің қызылша ауруына қарсы тұрып, шетінемеуі үшін олардың жетіліп, ет алуы қажет. 8 айдан 14 айға дейінгі бала қызылшаға қарсы егілуі керек.