Кең тыныс алыңыз! Демікпеге жоқ деңіз!

Oinet.kz 04-06-2020 1423

Бронх демікпесі- балалар мен ересектерде бірдей дәрежеде жиі кездесетін созылмалы ағымды тыныс алу жолдарының ең көп таралған қабыну ауруларының бірі. Аурудың негізгі көрінісі-бронх түйілуі, бронхтардың шырышты қабатының ісінуі және шырышты қақырықтың пайда болуы салдарынан дем шығару қиындығымен жүретін кенеттен тұншығу ұстамаларының болуы. Ұстама - әртүрлі стимулдар-триггерлерге немесе аллергендерге ерекше жоғары бейімділігі бар (гиперреактивтілігі) адамдардың жоғары тыныс алу жолдарына әсер етуіне байланысты дамиды.

image.png

Қазіргі уақытта бронх демікпесі өмірге қауіпті патология болып саналмайды, өйткені дер кезінде диагноз қою және емдеуді тағайындау кезінде ауру жақсы бақылауға алынады. Сонымен қатар, дәрі-дәрмектерді жаппай қолдану қажет емес, тұншығу ұстамаларының дамуының алдын алуда салауатты өмір салты мен аллергендермен, басқа да бөтен заттармен, триггермен жанасудың алдын алудың маңызы зор. Соңғы уақытта бронх демікпесімен ауыратын науқастарға арналған көптеген жаңа дәрі - дәрмектер пайда болды. Медицина арсеналында бронх кеңейтетін және гормоналды препараттары бар ингаляторлар пайда болғалы аурудың ағымын өзгерте алды. 

Даму себептері. Бронх демікпесі пайда болуына қоршаған орта факторларының, аллергиялық және аллергиялық емес табиғаттың агрессивті әсеріне генетикалық (тұқым қуалайтын) бейімділіктің болуы негіз болып табылады. Ауру туралы қазіргі заманғы ұғымдарға сәйкес, оның мынадай түрлері бар: аллергиялық, аллергиялық емес сипаттағы, аралас типті. Қоздырушы факторлар: ұшатын аллергендер, атап айтқанда өсімдіктердің шаңдары, пайдаланылған газдардың бөлшектері мен өнеркәсіптік қалдықтар және т. б.; жұқпалы сипаттағы агенттер-вирустар, бактериялар, қарапайым

саңырауқұлақтар; синтетикалық заттар — дәрілік препараттар, мысалы, ацетилсалицил қышқылы (аспирин) және басқа химиялық агенттер; спецификалық емес қоздырғыштар (аллерген емес): суық ауа, темекі түтіні, физикалық жүктеме, өткір иіс, эмоциялық стресс.

Бронх демікпесінің белгілері. Емделушілер жиі қайталанатын тұншықтырғыш құрғақ, қашықтықтан естілетін сырылдармен, шырышты қиын бөлінетін қақырықты жөтелмен, кеуденің артындағы ауырлықпен, ентігумен жүретін тыныс алудың қиындауы мен тұншығу ұстамаларынан зардап шегеді. Кейде тұншығу ұстамаларының алдында тамақтың, мұрын жұтқыншақ қышуы, жас ағу, терінің қышуы пайда болады. Ұстама тәуліктің кез келген уақытында пайда болуы мүмкін, бірақ көбінесе түнде немесе таңертең ерте дамиды. Аурудың дамуындағы басты рөл бронхтардың жоғары реактивтілігі мен тыныс алу жолдарының кедергісінің күрт ұлғаюы және әртүрлі стимулдар мен тітіркендіргіштердің әсеріне жауап ретінде бронхтың саңылауының тарылуы түрінде көрінетін спазмға бейімділік болып табылады. Шырышты тығындардың пайда болуы және бронхтардың шырышты қабатының ісінумен, қабынуымен бірге тегіс салалы бұлшықеттердің спазмы- бронхтардың саңылауының тарылуына әкеледі. Бұл кезде өкпеге кірген ауа, өкпе тініне кідіріп, оның созылуы мен дем шығару ұзаруын тудырады. Дем шығару күшпен жасалады, тыныс алу бұлшықеттеріне көмекші бұлшық еттер қосылады, содан соң ентігу пайда болады. Бронх демікпесінің дамуына бейім адамдарда бронх рецепторларындағы ақау тұқым қуалауы мүмкін, ол тыныс алу жолдарына тітіркендіргіш әсер еткен кезде бронхтың спазмының дамуын болдырмайтын заттардың жеткіліксіз өндіруімен сипатталады. Тыныс алу жолдарының инфекциялық процестері (пневмония), ателектаздар (бронхтардың бітелуі кезінде өкпе альвеолының қабысуы), жүрек-қан тамыр ауруларының асқынуларыда себепші фактор болып табылады. Ұстамалардың пайда болу жиілігі науқастың физикалық белсенділігіне әсер етуіне байланысты аурудың ауырлығының үш дәрежесі бар: жеңіл, орташа және ауыр ауырлықтағы.

Диагностикасы. Тұншығу пайда болған кезде дереу дәрігерге бару керек. Жалпы практика дәрігері (терапевт) пациентті тексергеннен кейін алғашқы қабылдауда алдын ала диагноз қоя алады. Әдетте науқас дәрігер аллергологқа жіберіледі — дәрігер бронх демікпесін толық диагностикалаумен және емдеумен айналысады.

Дәл диагноз қою үшін көптеген тексерулер жүргізіледі: бірінші кезекте сыртқы тыныс алу функциясы бағаланады (спирометрия және бронхомоторлы тесттер жүргізіледі), қақырық зерттеледі; демікпенің аллергиялық түрінің пайда болуына күдіктенген кезде аллергендер сығындысы бар тері сынамалары жүргізіледі, қан сарысуындағы жалпы IgE және арнайы IgE деңгейі анықталады (олар өте көп болуы мүмкін); міндетті түрде кеуде қуысы мүшелерінің рентгенографиясы жүргізіледі; қосымша зерттеулер ретінде артериялық қанның газ құрамы зерттеледі.

Бронх демікпесін емдеу. Емдеудің басты міндеті аурудың көріністерін азайту, атап айтқанда тұншығу ұстамаларын азайту, әрі қарай — пациенттің жағдайын толық бақылауға қол жеткізу болып табылады. Дәрілік және дәрі-дәрмектік емес емдеу әдістерін толыққанды, уақтылы пайдалану кезінде бронх демікпесі адамның физикалық белсенділік деңгейіне, кәсіби қызметіне және жалпы өмір сапасына әсер етпейтін болады. Бүгінгі күні аурудың ағысын түзету және ұзақ бақылау үшін дәрілік заттардың әртүрлі топтары қолданылады. Демікпе ұстамаларын тоқтатуға арналған қысқа әсер ететін медициналық препараттар (талап бойынша): ингаляциялық қолдануға арналған қысқа (фенотерол, сальбутамол) және ұзартылған (формотерол, сальметерол) әсер ететін b2- агонисттер арнайы құрылғылардың көмегімен қолданылады; сондай-ақ ингаляциялық пайдалануға арналған антихолинергиялық дәрілер (ипратропия бромид, тиотропия);

Базалық терапияны жүргізуге арналған ұзақ әсер ететін препараттар:

· ингаляциялық кортикостероидтар (беклометазон, мометазон, будесонид, флутиказона пропионат, циклезонид);

· ішуге арналған (ішке қабылдау үшін) антилейкотриенді препараттар (монтелукаст, зафирлукаст);

· ингаляцияға арналған кромондар (кромоглиций қышқылы, натрийдің неокромилі);

· анти-IgE-терапия (омализумаб) препараттары.

Жеңіл жүргенде қысқа әсер ететін b2-агонисттер (қажеттілігіне қарай) қолданылады, жиі ингаляциялық кортикостероидтардың төменгі дозалары немесе антилейкотриенді препараттар (сирек) тағайындалады. Кромондар балаларда демікпені емдеуде және ерекше көрсеткіштер бойынша — ересектерде қолданылады.

Орташа ауыр ағымда кіші және орта дозаларда барлық ингаляциялық кортикостероидтар сонымен қоса ұзақ әсер ететін b2-агонистер қолданылады.

Ауыр ағымда ингаляциялық b2-агонистер мен ингаляциялық кортикостероидтардың жоғары дозаларын қолдану талап етіледі, сондай-ақ олардың негізінде пероральді қабылдау үшін антилейкотриендік және анти-IgE-препараттар тағайындалады. Демікпе кезінде аллергенспецификалық иммунды терапияны қолдану науқастардың жасымен (5 жастан жоғары), ауру ағымының нұсқасымен шектеледі. АСИТ (аллергенспецификалық иммунды терапия) аллергендерге сезімталдық дәлелденгеннен кейін, ауру ағымының тұрақты түрінде (яғни ремиссия кезінде) жүргізіледі.

Бронх демікпесінің алдын алу. Демікпенің алдын алу бірнеше кезеңде жүргізіледі. Осыған байланысты бронх демікпесінің біріншілік, екіншілік және үшіншілік профилактикасына бөлеміз. Демікпенің біріншілік алдын алу - сау адамдар арасында демікпенің алдын алу шараларын қарастырады. Іс жүзінде демікпенің бастапқы алдын алудың негізгі бағыты аллергияның және тыныс алу жолдарының созылмалы ауруларының (мысалы, созылмалы бронхит) алдын алу болып табылады. Демікпенің біріншілік алдын алу шаралары балалар мен ересектерде әртүрлі. Балалардағы астманың ең жиі түрі- атопиялық демікпе. Болашақ балада демікпені алдын алу үшін жүкті аналар темекі тартудан үзілді-кесілді бас тартуы, аллергиялық және жұқпалы ауруларды дер кезінде емдеуі, дұрыс тамақтануы қажеттілігі аса маңызды. Бұл ретте балаларда аллергияның дамуында өмірінің алғашқы жылдарында дұрыс тамақтанбау және тұрмыстың қолайсыз жағдайлары негізгі рөл атқарады. Емшекпен емізудің рөлі демікпенің алдын алу шараларында көптеген клиникалық зерттеулермен дәлелденген. Ересектерде бронх демікпесінің ең көп таралған себебі-тыныс жолдарының созылмалы аурулары (созылмалы бронхит сияқты) және тітіркендіргіш заттармен ұзақ байланыс (темекі түтіні, жұмыс орнындағы химиялық заттар).

ЖРВИ-мен ауырмауға тырысу керек, оған шынығу, таза ауадағы ұйқы, витаминдерді алдын ала қабылдау ықпал етеді. Сондай-ақ, бронх демікпесі ұстамаларының жиілігін төмендетуге мүмкіндік береді. Бронх демікпесімен ауыратын науқастарға санаториялық-курорттық емдеу ұсынылады. Бұл үшін ең қолайлы кезең - ауада шаң көп болған кезде өсімдіктердің гүлдену уақыты. Осы уақытта гүлдену кезеңі өткен немесе әлі басталмаған басқа жерлерге бару өте пайдалы. Демікпені емдейтін заманауи орталықтар (курорттар мен санаториялар) - қызметтердің барлық спектрін ұсынатын жоғары мамандандырылған медициналық ұйымдар. Демікпе көптеген факторлардың әсер етуіне байланысты, оның дамуына мүлдем жол бермеу мүмкін емес. Алайда, тұншығу ұстамаларын қоздырушы себептерді нақты анықтау кезінде адамның белгілі бір аллергендермен байланысын шектеуге немесе ұстама дамитын жағдайларды болдырмауға болады. Дәрі-дәрмектік алдын алу шарасы дегеніміз - дәрігер тағайындаған дәрі-дәрмектерді тұрақты қолдану болып табылады. Бронх демікпесінің алдын алу бойынша дұрыс жоспарланған және орындалған шаралар бұл ауруды алдын алудың және емдеудің тиімді құралы болып табылады. Қазіргі заманғы медициналық практика демікпенің алдын алу шараларын дұрыс жүргізу көбінесе ауруды емдеу үшін немесе науқастың демікпеге қарсы дәрі-дәрмектерге деген қажеттілігін айтарлықтай азайту үшін жеткілікті екенін көрсетеді.

Ұ.СЕРІКБЕВА, №1ШҚЕ  

дәрігер аллерголог-иммунологы

Оразаның 14 пайдасы
Балалар жарақаттанса...
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу