Метросексуалдар кімдер?
Қазір қазақстандық еркектер шаштарын қиюмен шектелмейді. Сұлулық салондары мен клиникаларға барып, түрлі эстетикалық медицинаның көмегіне жүгінеді.
Сырт келбетіне ерекше мән беретін ер адамдарды метросексуал дейді. Терминді 1994 жылы британдық журналист Марк Симпсон ойлап тапқан. Метросексуалдар дене бітімі мен бет күтіміне көңіл бөлгенді, тырнағы мен шашын әрлеп, сұлулық салондарына барғанды, сәнді киінгенді жақсы көреді. Сәйкесінше, әдемі және жинақы көріну үшін уақыттарын да, ақшаларын да аямайды. Олар әдетте сән жаңалықтарын да жетік біледі. Бірден айтып өткен жөн, метросексуалдар дәстүрлі сексуалды бағдарды ұстанатын кәдімгі еркектер.
Сонымен қазақстандық метросексуалдар кімдер?
Сәнді және стильді киінгеннің барлығы гей емес
Ажарына айрықша назар аударатын қазақстандықтардың көшін әншілер мен актерлер бастайтыны сөзсіз. Өнер адамдары үлкен концерт, маңызды мәдени шаралардың алдында сұлулық салондарына көп барады. Тіпті салмағын тастап, арықтап жатады. Сондай-ақ дизайнер, стилист, визажист, тіпті кәсіпкерлер да әдемі болып жүргенді жөн көреді. Дегенмен қарапайым адамдардың арасында да метросексуалдар көп. Сондықтан болар соңғы уақытта тек еркектерге қызмет көрсететін сұлулық салондары пайда болды.
– Мәселен, Алматыда 5 мың сұлулық салоны бар болса, оның 200-і ерлерге арналған. Бұрын еркектерге қызмет көрсететін салондар тым аз еді. Қазір сұраныс бар. Көбіне 18 бен 52 жас аралығындағы ер адамдар барады. Олар шаштарын қиғызады, сақал-мұртына күтім жасатады. Бет терісі мен шаштарына майлап-сайлап, маникюр, педикюр жасайды, – деді Қазақстан Сұлулық индустриясы қауымдастығының президенті Махмуджан Тұрсын.
Фархад Азимов сырт келбетінің сұлулығына айрықша мән береді. 25 жастағы жігіт қазір Түркияда уақытша тұрып жатыр. Туризм саласында жұмыс істейтін ол әсіресе бет күтімін бірінші орынға қояды. Әжімнің алдын алып, безеулерден таза жүру үшін күн сайын жарты сағат уақытын соған арнайды екен. Түрлі маска жасап, крем жағып тартымды болып жүруге тырысады.
Кейіпкеріміз қол терісі мен тырнақ күтіміне де уақыт бөледі. Маникюр жасатып, тырнақтарының әсем болуын қадағалайды. Фархадтың өзі тырнағы өсіп, қолы күтім көрмеген жандардан жиіркенемін дейді. Метросексуалға әдемі киінген де ұнайды. Сәнді киім үшін Фархад ақшасын да аямайды екен.
– Танымал брендтерден киінемін. Ал сырт киімдерімді тапсырыспен тіккізуге тырысамын. Көшеге өзімді ретке келтіріп, жинақы болмайынша шықпаймын. Баратын жеріме, мейлі ол дүкен болсын сәнденіп барамын. «Ер адам маймылдан сәл әдемі болу керек» деген түсінік қазір жоқ. Өзін сыйлайтын адам қашан да күтініп, әдемі болып жүреді. Түркияда ер адамдар сұлулық салондарына жиі барып, өздеріне жақсы қарайды. Бұл жақта жігіттердің күтім жасап, сәнденіп жүруі қалыпты құбылыс. Ал Қазақстанда сені басқаша, «гей» деп қабылдайды. Бірақ сәнді және стильді киінгеннің барлығы гей емес, – деді Фархад Азимов.
Метросексуалдардың айтуынша, Қазақстанда да сыртқы сұлулығына көңіл бөлетін жігіттер жетерлік. Тек көпшілігі елдің сынынан қорқып, сұлулық салондарына баратынын жасырады.
35 жастағы Ринат Тәттібай да сырт келбетіне көп көңіл бөлетін жігіттердің қатарында. Өнер адамдарымен жұмыс істейтін продюсер 16 жасынан бастап сымбатын сақтаудың амалдарын істей бастаған. Айына үш рет сұлулық салонына барады. Терісін әрлендіру үшін түрлі маска қолданып, ұлу терапиясын жасатқанды жақсы көреді.
Сыртқы келбет – табыс кілті
Ринаттың жеке косметологы да бар. Метросексуал бетін тазартып, массаж жасатып тұрмаса көңілі көншімейді. Айтуынша, көрікті болу айып емес. Күтінгеннің арқасында қатарластарымнан әлдеқайда жас көрінемін дейді ол.
– Процедуралардың құны әр түрлі. Біреуінің бағасы ең кемі 5 мың теңге тұрады. Пластикалық хирургияға өмірімде бармадым, бірақ алдағы уақытта липосакция жасатсам деп ойлап жүрмін. Өзін сыйлап, жақсы көретін адам әдемі әрі ұқыпты жүреді. Бірақ біздің қоғамда ондай еркектерді дұрыс қабылдамайды. Сыртқы келбет – табыстың кілті. Сондықтан бет күтімінен бастап киім, имиджіме дейін зор талғаммен қараймын, – дейді Ринат.
Жас журналист Азамат Әуезхан да имиджіне ерекше мән береді. Трендтен қалмай, сәнді киім кигенді жаны сүйеді. Әсіресе ыңғайлы әрі жарасымды киім үшін қаржысын аямайды.
– Мен аксессуарға дейін мән беремін. Стилистпен жұмыс істемеймін, өз талғамыммен киінемін. Кейде киімді тапсырыспен тіккіземін. Бетіме сұлулық салондарына барып немесе үй жағдайында да күтім жасаймын. Көбіне корей кометикасын қолданамын. Шашымды қиғызып, басыма массаж жасату үшін барбершопқа жиі барамын. Сәнді киініп, ұқыпты жүргенімнің арқасында модель болуға және түрлі шараларды жүргізіп беруге жиі шақырады. Тартымдылық – ол да инвестицияның бір түрі. Іскерлік байланыс орнатуға, жұмысқа келіссөз жүргізуге барғанда сыртқы келбетіңе қарап сөйлеседі. Жалпы әр адам өзін жақсы көріп, өзінен ештеңе аямауы тиіс. Антон Чехов «В человеке все должно быть прекрасно» дейді ғой, сондықтан сырт келбетіміз бен ішкі жан дүниеміздің де сұлулығын ұштастырған дұрыс, – деді журналист.
Метросексуалдар әдемі киініп, сыртқы сымбатын сақтаған еркектердің жұмысқа тұруы оңай деп отыр. Олар іскерлік байланыс орнатқанға бет әлпет келістігінің маңызды екенін алға тартты. Сондықтан, «кез-келген адам өзін тауар ретінде қарастыруы тиіс» дейді.