Тамыр ұстаудың түрлері көп
Қазақта «алпыс екі тамырлы қазақпыз», «қарға тамырлы қазақ» деген сөздер бар. Бұл бекерден айтылмаған.
Тамыр ұстау көп жылдық тәжірибені және зеректікті қажет ететін күрделі тәсіл. Сол себепті оны кез келген адамның үйреніп алуы мүмкін емес. Көбінесе білек тамырын дәрігердің екі қолының саусағының ұштарымен басып, тамыр райының өзгерісін парықтайды. Бұған екі қолдың алты саусағы қатысады.
Жоғары санатты дәрігер, дәстүрлі қазақ емшісі Мәуітшәріп Қапанұлының айтуынша, жүрекке жалғасқан күре тамырлардың соғысы ең негізгі хабар беруші болып саналады. Сол арқылы жүрек соғысын, жүрекке баратын оттегінің әсерін, қан жеткізу қызметінің мүмкіндігін біледі. Қазірге дейін аталарымыз тамыр райының өзгерісінің 62 түріне дейін меңгере алған.