Еуропа дәрігерлерінің де бізден үйренері көп
Тоғжан ҚОШАНБАЕВА, №3 Түркістан облыстық перинаталды орталығы
Жүктілер патологиясы бөлімінің меңгерушісі:
– Тоған Ботабекқызы, көбінде перинаталды орталықта босанғымыз келеді дейтін әйелдерге сіздердің медициналық ұйымдарыныңыздың табиғи жолмен босана алатындарға арналмағандығын айтып түсіндіруге тырысамыз. Дегенмен, перинаталды орталықта перзентті болғысы келетіндер көп. Мүмкін, перинаталды орталық пен перзентхананың айырмашылығын маман ретінде сіз айтып берерсіз?
– Жалпы жүкті әйелдерге медициналық көмек үш деңгейде көрсетіледі. Біздің облыстық перинаталды орталық үшінші деңгейде дәрігерлік көмек көрсетеді. Біз көбінесе жүктіліктің ауыр асқынуларымен келіп түсетін әйелдерді босандырамыз. Бұл жерде біліктілігі жоғары, тәжірибесі мол мамандар медициналық қызмет етеді. Сондықтан шығар, преинаталды орталықта босанғысы келетіндердің көп болатыны. Бірақ, бұл бірінші, екінші деңгейлі перзентханалар дәрігерлерінің біліктіліктері төмен дегенді білдірмейді. Тек медициналық құрылғылармен жабдықтау жағынан да, дәрі-дәрмекпен қамтуда да бізде көрсетілетін дәрігерлік көмектің дәрежесі жоғарылау болады. Өйткені аудандық, қалалық перзентханаларда аналар айы-күні жетіп өз күшімен босанып жатса, бізде нәрестелер мерзімінен бұрын туылып жатады. Көбіне өздігінен туа алмайтындар түседі. Тіпті кейде асқыну әйелдің өміріне қауіп төндіретіндей болса, жүктілікті мерзімін бұрын 28-інші аптасында, 30-32 апталарында үзуге де тура келеді.
– Содан жасанды түсік жасатасыздар ма?
– Жоқ, бұл аборт емес, кесарь тілігі арқылы мерзімін бұрын босандыру. 7-8 айлығында босандырып алуға тура келетін кездер болады. Сондықтан бұл салмағы өте аз, мерзімінен бұрын туылған балаларға көмек көрсетуге бейімделген орталық. Сіз айтқандай, өзі босана алатын аналар толғағы жетіп келіп тұрса, бізде босанбайсыз деп қайтарып жібере алмаймыз. Егер оларда ешқандай асқынулар болмаса, бір тәуліктен кейін-ақ, кейде екі күнде үйлеріне шығарамыз. Рас, перинаталды орталық үшінші деңгейде қызмет көрсететін болған соң бәрін бірдей қабылдай беруге мүмкіндік жоқ.
– Босануы қиын, асқыну белгілері бар аналар көп пе?
– Шынын айтқанда, халықтың денсаулық индексі төмендеу. Бірақ, оның бәрі тек медицинаға байланысты емес. Басты сесебі адамдардың әлі де өз денсаулықтарына жауаптылықты толық сезінбеуінен болып жатады. Тұрғылықты жеріне байланысты да болады. Атап айтқанда, Оңтүстік өңірінде аналардың көбінде қаназдық мәселесі жиі кездеседі. Әсіресе ауылды жерлерден анемияның өте ауыр дәрекжесіндегі аналар келіп түсіп жатады. Оларды босандырып жатқан кезде қан құямыз. Олай етпесек, гемоглабин деңгейлері 44-46 болып келеді. Негізі денсаулығы жақсы адамның гемоглабині 110-нан доғары болуы тиіс. Варикозбен, оның асқынған түрімен, трамбоздармен түсетіндер де аз емес. Сосын қан қысымы жоғары жас келіншектер көбейіп барады. Бұрын мұндай дерт үлкен кісілерде ғана кездесетін. Бірақ, мұның бәрін экология салдарынан деп айтуға болмайды. Әлеуметтік жағдайлары да негізгі рөл ойнайды. Жетіспеушіліктен қажетті дәрімендерді уақытылы тұтынбауы да жүктіліктің ауыр өтуіне себеп болып жатады. Қалай дегенмен де бұрынғы аналар мен қазіргілердің денсаулықтарын салыстыруға келмейді.
– Кесарь тілігі әдісі мәжбүрлі жағдайда ғана қолданылады. Дегенмен, кесарь арқылы босанатындар көп пе?
– Менің осы перинаталды орталықта еңбек етіп келе жатқаныма 31 жыл болды. Салыстырмалы түрде айтар болсам, алғаш рет осында жұмысқа орналасқан жылдары кесарь тілігімен босанатындар кемде-кем болатын. Ондай әдісті күніне бір рет қолдануға мәжбүр болатын сәттеріміз сирек еді. Кейде екі күнде біреуін ғана солай хирургиялық жолмен босандырып алатынбыз. Қазір осы орталықтың өзінде күнде аз дегенде үш-төрт кесарь тілігі жасалады. Оның тағы бір себебі біздікі перинаталды орталық болған соң мұнда екі-үш рет кесерова болған аналар түсіп жатады. Оларға табиғи жолмен өзің босан деп айта алмаймыз. Асқынусыз, басқа себептерге байланысты алғашқысын кесарь арқылы босанғандар болмаса, екі рет осындай әдіспен өмірге ұрпақ әкелгендердің өмірін тәуекелге тіге алмаймыз. Сондықтан да бізде кесарь көбірек жасалады. Кейде облыстық клиникалық аурухананың хирургтарын көмекке шақыратын кездеріміз де болады. Екі рет осы тәсілмен босанған болса, аудандағы перзентханалар үшіншісінде өзіміз босандырамыз деп алып қалмайды. Дегенмен, өз күшімен кесарь көмегінсіз-ақ алтыншы, жетінші перзентін өмірге әкелетін аналар бар бізде де. Оларды да осында жібереді. Өйткені босану көбейген сайын адам ағзасы әлсірейді. Ондай жағдайда тәуекел ету де қиын.
– Кесарь тілігі арқылы босанғысы келетіндер бар ма?
– Жанын қинағысы келмей ота жасай салыңызшы дейтін жастар кейде кездесіп тұрады. Біз бірақ өздері босана алатындардың ондай өтінішін орындай алмаймыз. Оған табиғи жолмен толғатып босанудың баланың да, өзінің де денсаулығына өте пайдалы екенін айтып түсіндіреміз. Асқыну болмаса тезірек үйіне шығады. Баласына да қиналмай қарай алады. Отадан кейін де асқынулар болып тұрады. Ол жазылғанға дейін ауырсынады. Маған кесарьды қалайтындар ана болуға дайындалмаған жандар сияқты болып тұрады. Негізі оларды жанашыр енесі секілді үйретер үлкендері болмаса, аналар мектебі сияқты өмірге әкелу курстарына қатыстырған дұрысырақ болар еді. Толғағы дұрыс келіп жатса да ота арқылы босанғысы келетіндердің кездесетіні оларға ана атанудың әйел бақыты екенін ұғындырып, үйретпеудің нәтижесі болса керек.
– Толғағы қиын аналарды босандыру үшін де заманауи медициналық құрылғылардың көмегін пайдаланатын шығарсыздар?
– Мен алғаш акушер болып қызметімді бастағанымда қолмен ұстап сезіну арқылы диагнозын қоя беретінбіз. Босанар әйелдің ішіп сипап-ақ баланың қалай жатқанын білу қиындық тудырмайтын. Солай асқынулардың алдын алатынбыз. Бүгінде олай етуге мәжбүрлік жоқ. Баланың толық жағдайын, ананың хәлін дәл анықтайтын КТГ (кардиотокография) аппаратымыз бар. Сол арқылы бәрін дер кезінде бақылап отыра аламыз. Кейбір әйелдер ауруын жасырып, өзім босанам деп келеді. Алайда ол мүмкін емес. Біз бәрін біліп отырамыз. Өйткені қазір қағаз айналым жоқ. Әрбір тұрғынның электронды денсаулық паспорты бар. Соны ашып қарасақ ана туралы ақпаратты толық ала аламыз. Цифрландыруға 100 пайыз өткенбіз.
– Медицина үнемі ізденісті талап етеді. Әріптестеріңізбен тәжірибе алмасып тұратын шығарсыздар?
– Бізде бір ауысымда үш маман қызмет көрсетеді. Біреуі – өте тәжірибелі, барлық оталарды істейтін, екіншісі – ота жасап жүрген, тәжірибесі бар, үшіншісі – тәжірибесі аздау. Егер қандай да қажеттілік туындаса, әрине тәжірибелі дәрігер кіріседі. Екеуі көмекші болады. Бәрі ойдағыдай болса, біріншінің кеңесімен екіншісі босандырып, үшіншісі көмектесіп үйренеді. Практика алмасу дегеніміз осы. Бұдан басқа облыстық Қоғамдық денсаулық басқармасының қолдауымен шетелдік әріптестерімізбен тәжірибе алмасудамыз. Бізге Литва профессорлары келіп, солардан көп нәрсе үйрендік. Түркияға да барып, клиникаларында тәжірибе алмасып қайттық. Ресейдің Новосібір қаласындағы әріптестерімізбен де тығыз байланыстамыз. Дегенмен, бізден де үйренетіндер бар. Мысалы, бізде мерзімінен бұрын дүниеге келетін, салмағы өте кішкентай нәрестелер көп. Оларды күтіп бастпауда біздің тәжірибеміз мол. Бұл жағынан алғанда Еуропа дәрігерлерінің өзі бізден үйренсе болады.
– Перинаталды орталықта, егіздер, үшемдер дүниеге келіп жатады...
– Егіздер көп туылады. Үшемдер де көбінде мерзімінен бұрын дүниеге келетін болғандықтан олар перинаталды орталықта өмір есігін ашады. Жыл сайын екі-үш үшемнің кіндіктері біздің орталықта кесіледі. Оның үстіне олардың салмақтары кішкентай болғандықтан күтімді де көбірек қажет етеді. Мұнда Түркістан облысының Жетісай, Мақтарал, Бәйдібек, Сайрам аудандары мен Арыс қаласынан әйелдер жеткізіледі. Бәрін қосқанда бір жылда 7 мыңға жуық аса нәрестенің кіндік қаны осы орталықта тамады.
Біздің орталық 160 төсек орынды. Мұнда босандыру бөлімі, жүктілер паталогиясы бөлімі, нәрестелердің жансақтау бөлімі, ересек әйелдерге арналған жансақтау бөлімі, нәрестелерді жетілдіру бөлімі, гинекология бөлімі жұмыс істейді. Лабараториямыз, консултативтік-диагностикалық блогымыз бар. Аудандардағы әйелдерді жүктілік кезінде бізге консултацияға жібереді. Олардың қайда босанатынын, бірінші деңгейлі перзентханада ма, екінші ме, ауданда ма, қалада ма, Алматыдағы орталыққа жіберу керек пе, бәрін-бәрін осындағы мамандар анықтайды.
– Жұмысыңыз қиын емес пе?
– Қиын емес деп айта алмаймын. Бірақ, шыр етіп өмірге сәби келгенде, іңгәлаған үні бәрін ұмыттырып жібереді. Көбінде шаршағанымызды жұмыстан кейін сезініп жатамыз. Менің мамандығым – акушер-гинеколог. Гинеколог қызметін атқарып, емханада, диагностикалық бөлімде отыра берсем де болар еді. Ол қайта тыныш жұмыс. Бірақ, менің жаным осы акушерлікті қалады. Бұл – менің тағдырым!
Әңгімелескен Ж.ТЕМІР