Депиляция және эпиляция

Oinet.kz 25-05-2020 2793

Эпиляция – тері қорғанысына жасалған қастандық па күтім бе?

Адам денесінде артық зат болмайды. Барлығының атқаратын қызметі бар. Тіпті, көпшілігіміз қажетсіз деп санайтын денедегі түктің де пайдасы бар. Түк – теріні сыртқы ортадан келетін қауіп-қатерден қорғайды. Мәселен, шаң-тозаң, ыстық-суықтан. Рас, түк көзге түрпідей көрінеді. Әсіресе, нәзік жандылар бет, аяқ, қол, қолтық тұстағы түктерден арылуды армандайды.  Халық емінде денедегі түктен құтылудың бірнеше рецепттері кездеседі. Олар көмектескенімен әсері уақытша ғана. Ал қазір денедегі қажетсіз түкті алып тастайтын мың бір түрлі әдіс бар. Оларды үй жағдайында және сұлулық салонында жасатуға болады. Мұндай процедура – эпиляция деп аталады. Жоғарыда айтқанымыздай түк – терінің қорғаны. Егер сол қорғанды бұзып алсақ терімізге, жалпы ағзамызға нендей қауіп төнбек? Жалпы эпиляция адам денсаулығына зиян ба әлде зиянсыз ба?

 Какая эпиляция вам подойдет? — PORUSSKI.me

Депиляция және эпиляция

Бұл сұрақтарға жауап бермес бұрын денедегі артық түктің неден пайда болғанын біліп алайық. Түк барлық адамда кездеседі. Ол табиғаттың заңдылығы. Ал егер денедегі түктер шамадан тыс өсіп кетсе, оның бірнеше себептері болуы мүмкін:

- гормондық өзгерістер;

- андрогендер (аталық жыныс гормоны) мөлшерінің артуы;

- бүйрек үсті безіндегі ісік;

- иценко-кушинг аурулары (бұлшық ет әлсіздігі);   

- инсулинге қарсылық, т.б. 

Денеңізді түк басуының себебі осы аталғандардың бірі болса, онда міндетті түрде арнайы мамандарға қаралып, кеңестеріне құлақ түру керек. 

Салонға бара қалсаңыз мамандар келбетіңізге «сызат» түсіріп тұрған түктерді алудың екі тәсілін ұсынады. Депиляция және эпиляция. Оларды бір-бірімен шатастырып алмаған жөн. Депиляция – түктің бетін ғана алдырту, яғни, терінің бетіне өсіп шыққан аймағын ғана жою. Ал эпиляция – қажетсіз шашты түбірімен бірге алып тастау әдісі. Әдетте депиляцияның әсері ұзаққа бармайды. Бірнеше күннен кейін түктер қайта шыға бастайды. Сондықтан қыз-келіншектер одан біржолата арылу үшін эпиляцияны таңдайды. Дегенмен эпиляция да кейде түкті түбірімен жоюда қауқарсыз болып жатады. Әйтсе де депиляцияға қарағанда бірза уақытқа түктерді ұмытуға болады. Технология дамыған заманда эпиляция түктен арылудың ең тиімді тәсілі болып тұр. Оның бірнеше түрі бар.

Механикалық

Қолжетімді әрі қарапайым әдісті депиляцияға жатқызғанымыз жөн. Қырынуға арналған ұстарамен, қысқышпен (пинцет), электрлі эпилятордың көмегімен және балауыздың көмегімен жасалады. Ұстараны құп көрмейтіндер үй жағдайында көбінесе балауызды пайдаланады. 

Теріге қыздырылған балауыз жағылады да, арнайы қағаз жабыстырылады. Қағазды қолмен жоғарыдан төмен қарай үш-рет рет басып өткесін төменнен жоғары қарай бірден жұлып алу керек. Түктердің бәрі әлгі қағазға жабысып қалады. Теріңіз түктерсіз екі-үш аптаға дейіз жібектей болып тұрады. «Сұлулық құрбандықты талап етеді» демекші, процедура біршама ауыртады. Жұлынған түктің түбіндегі қызарған нүктелер 3-5 тәулікке дейін кетпейді. Оның үстіне келесіде түгіңіз қарайып әрі қоюланып шығатын болады. Балауыз қысқа, майда түктерді жұлмауы да мүмкін. Балауызды қант диабеті, варикоз кезінде қолданбаған жөн. Және түк шыққан аймақта паппилом, сүйел, мең болса депиляцияны жасамаған дұрыс.   Ескерте кететін жәйт – қыздырылған балауызды бет және қолтық терісіне қолдану қауіпті.

Электроэпиляция

Уақытпен сыналған тәсіл – түк түйіншесіне жіңішке ине арқылы баяу ток беріледі де ыдыратады. Егер түк қалың болса процедураны бірнеше мәрте жасауға тура келеді. Әсері бірден байқалады. Тіпті ақшыл, сары түсті түктерді де жақсы алады. Әттеген-айы нәзік, әлсіз теріге кері әсер етуі мүмкін. Қуаты аз болса да ток қауіптілік тудырады. Сондай-ақ түктің қайта өсіп шықпайтынына ешкім кепілдік бере алмайды. Электроэпиляцияны тері ауруларында, қан тамырларының ауруында, псориаз, экзема, теріде тыртық, жараның орны болса, жүктілік кезінде және денеде металл кездессе (тіс имплантаты, жатыр ішіндегі спираль т.б) жасауға болмайды. Құрылғыны дұрыс пайдалана алмасаңыз теріде дақ пен тыртық қалуы мүмкін. Одан кейін құрылғыдағы иненің бір реттік екеніне көз жеткізіңіз. 

Лазерлі эпиляция

Бүгінгі таңда жиі әрі сұранысқа ие тәсіл. Бұл түктен ұзақ уақытқа арылудың ең тиімді тәсілі. Ол ұлпа мен ішкі ағзаға әсер етпейді тек түк түйіншесін ыдыратады. Процедура кезінде пациент ешқандай ауырсынуды сезбейді. Есесіне бағасы қымбат. Керек емес түктерден толық арылу үшін бірнеше сеанс қажет. Ескі аппарат немесе біліксіз дәрігер процедура кезінде теріңізді күйдіріп алуы, дақ түсіруі мүмкін. Сондықтан маман жұмысқа кіріспес бұрын пациенттің жағдайын тексереді. Клиенттің терісіне қарай сәуленің қуаты мен импульстің ұзақтығын реттеп отыруы керек. Салоннан шыққаннан кейін бірнеше күн моншаға түсуге және күнге күюге тыйым салынады.

Фотоэпиляция

Бұл әдіс те түкті ұзақ уақытқа ұмытуға мүмкіндік береді. Аталған әдістің ерекшелігі теріге жанаспай-ақ  әсер ету мүмкіндігі. Жоғарыэнергетикалық импульсті лампа кез-келген аймақтағы, тіпті қалың түкті де лезде жоя алады.  Процедура басында денеге арнайы гель жағылады. Ол терінің күйіп қалмауын қамтамасыз етеді. Лазерлі терапиямен салыстырғанда фотоэпиляция тым тереңде жатқан түк түйіншесін де ыдырата алады.  Әрі ауыртпайды. Сонда да бұл процедураны тек дерматолог дәрігерге жасатқан жөн. Түктен арылған соң денеңізге әрдайым 30 бірліктен кем болмайтын күннен қорғайтын кремді жағып жүріңіз.

Элос-эпиляция

«ELOS» деген «электрлі оптикалық ымыра» деген мағынаны білдіреді. Эпиляцияның бұл әдісі кезінде ток пен жарық энергиясының импульсынан түк түйіншесі ыдырайды. Басқа сөзбен айтқанда бұл лазерлі және фотоэпиляцияның қосындысы. Оптикалық энергия меланинге тартылып, түк пигментіне әсер етіп, оны қыздырады. Әбден қызған кезде, радиотолқын түйіншені ыдыратады.

Түксіз тегіс әрі жылтыр тері сұлулығыңызды аша түсетіні анық. Бірақ, жоғарыда атап өткеніміздей түк терімізді сыртқы ортадан қорғайды. Егер оның өсуіне кедергі жасайтын болсақ, тері тым сезімтал болады. Күнге күйгіш, ыстық суықты сезгіш келеді. Ал күнге күю өз кезегінде көптеген тері ауруларын тудыртады. Дәрігерлер түкті қайта-қайта алу немесе жою терінің қатерлі ісігіне алып келуі де ғажап емес дейді. Сондай-ақ түк бізді онша-мұнша жәндіктердің шағуынан да қорғайды. Сұлу болған, әрине, жақсы. Алайда сұлулық сіздің денсаулығыңызға кері әсерін тигізбеуі керек.

6 метрлік құрт
Ауру аймақ таңдамайды!
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу