Ізденбеген дәрігер адам емдемеуі тиіс
Мұқан ЕГІЗБАЕВ,
Түркістан облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
Ізденбеген дәрігер адам емдемеуі тиіс
– Мұқан Кеңесбекұлы, Түркістан облысы құрылып, орталығының ауысуы денсаулық сақтау саласына да аз әсер етпегені анық. Өйткені біраз аураханалар республикалық мәртебе алған Шымкенттің еншісінде қалып қойды. Олардың орнын қалай толтырмақсыздар?
– Негізі медицинада шекара болмайды. Біздің елімізде де сондай. Әркімнің өз қалауы бар. Түркістанның тұрғыны Шымкентте емделем десе де өзі біледі. Бірақ, солай екен деп қол қусырып қарап отырғанымыз жоқ. Өзіңіз айтқандай Шымкентте қалып қойған емдеу мекемелерінің орындарын алмастыру мақсатында қазіргі таңда облыста жоқ медициналық мекемелерді ашып жатырмыз. Атап айтар болсақ, облыстық медициналық жедел жәрдем станциясын құрдық. Оның аудан-қалалардағы филиалдары іске қосылып, жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Сосын облыстық СПИД орталығын аштық. Ол медициналық ұйым да Түркістанда жұмысын бастап кетті. Бұрынғы облыстық онкологиялық диспансер Шымкент қалалық мекемесіне айналған соң облыстық клиникалық ауруханасы базасында онкологиялық емханамен бірге науқастардың жатып ем қабылдауына ыңғайлы болуы үшін арнайы бөлім аштық. Жұқпалы аурулар ауруханасы Шымкентте қалалық болып қалған соң аудандық ауруханалар базаларында инфекциялық бөлімшелер құрып жатырмыз. Оларды ағымдағы жөндеуден өткізіп, деңгейін көтеруіміз керек.
– Жаңадан құрылған емдеу мекемелерін ғимараттармен қамту қалай болады? Облыста олардан басқа да ғимараттар қажет ететін мекемелер бар шығар...
– Түркістан облыс орталығы болған соң заман талабына сай емдеу мекемелерінің ғимараттары осында бой көтеретіні сөзсіз. Сол мақсатта мұнда 850 төсек орынды көпбейінді медицина орталығы салынады. Облыс әкімі Өмірзақ Естайұлының талабы бойынша медициналық кешен ішіндегі құрал-жабдықтарына дейін еуропалық үлгіде болуы керек. Бүгінде оның жобалық-сметалық құжаттары әзірлену үстінде, жер телімі бөлініп қойды. Жобалау жұмыстары аяқталған соң құрылысы басталады. Бұдан бөлек, Түркістанда облыстық психикалық денсаулық орталығының ғимараты бой көтереді. Мұнда жаңадан құрылған қан орталығы, медициналық жедел жәрдем станциясы және облыстық СПИД орталығының ғимараттарымен қатар тағы бір үлкен емхананың құрылысы басталады. Бұлардың жобалық-сметалық құжаттары дайын болған соң кезең-кезеңімен жүзеге асады. Ал, Ордабасы ауданында облыстық туберкулезге қарсы диспансері салынады.
№3 облыстық перинаталды орталығына жапсарлас салынып жатқан 150 төсек орынға арналған ғимарат құрылысы биыл аяқталып пайдалануға беріледі. Сонымен қатар Түркістанда қалалық балалар ауруханасының 190 кереуеттік емдеу корпусын салу жұмыстары жүріп жатыр.
Соңғы 7-8 жылдың көлемінде облыста ірі емханалар салынбаған-тұғын. Алла бұйыртса, биыл Жетісай, Сайрам аудандары мен Кентау қаласында 500 пациентке қызмет көрсетуге қауқарлы 3 емхана, Мақтарал ауданының орталығы Мырзакент пен осы ауданға қарасты Атакентте тәулігіне 250 келушіге дәрігерлік көмек көрсете алатын 2 емхана ғимараттары биыл пайдалануға беріледі. Ал, Сарыағаш ауданының Қызылжар ауылдық округінде дәрігерлік амбулатория мен Қаратөбе ауылында ауылдық емхананың салынып жатыр. Келесі жылы Шардара қаласында жедел жәрдем көрсету станциясы мен аудандық емханасына қосымша ауысымына 150 келушіге арналған ғимараттың құрылысы аяқталады.
Облыстағы барлық аудан-қалалардың денсаулық сақтау салаларын зерделеу жұмыстарын жүргіздік. Нәтижесінде қай ауданда қандай емдеу мекемелері жетіспейтінін анықтадық. Арасында ғимараттары тозғандары да кездеседі. Қайтадан салуды талап ететіндері де бар. Соның бірі – Арыс аудандық орталық ауруханасының емханасы. Оған жер телімі беріліп қойды. Жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Бітсе болды, ғимарат құрылысы басталады. Сол сияқты Сарыағаш қаласында да жер телімі бөлініп қойған. Ол жерде де халық тығыз орналасқан, үлкен емхана салынуы керек. Сонымен қатар, Сарыағашта жер телімі белгіленіп қойған, жобалық-сметалық құжаттары дайындалып жатқан облыстық перинаталдық орталық салынады. Өйткені өздігінен босануы қиын, бақылауда тұрғанымен шұғыл дәрігерлік көмекті қажет ететін аналарды Шымкентке жеткізем дегенше уақыт ұзап кетеді. Сондықтан ондай қиындықтарды болдырмау, олардың алдын алу үшін және медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында Шардара, Жетісай, Мақтарал, Келес, Сарыағаш аудандарының 800 мың тұрғынына жобаланғандай бір перинаталды орталық керек. Құжаттары дайын болса, құрылысты жүргізетін мердігер анықталса, осы жылдың екінші жартысында іргетасы қаланады.
Қолжетімді медицинамен шалғай ауылдардың тұрғындары да қамтылуы керек. Бұл бағытта модульдік медициналық пункттер құрастыруды қолға алдық. 2017-2018 жылдары облыста соның 62-ін орнаттық. Тарқатып айтсақ, Бәйдібек ауданында – 6, Шардара ауданында – 13, Сарыағаш ауданында – 4, Сайрам ауданында – 3, Төлеби ауданында – 7, Отырар ауданында – 4, Созақ ауданында – 4, Мақтара ауданында – 2, Жетісай ауданында – 3, Түлкібас ауданында – 3, Ордабасы ауданында – 8, Қазығұрт ауданында – 5. Құрылысы не бәрі екі айда аяқталып пайдалануға берілетін медициналық тіректер қаржыны да көп талап етпейді. Биыл да құрастырылмалы 19 медпункт саламыз, Бәйдібекте – 6, Арыста – 9, Жетісайда – 2, Отырарда – 1, Қазығұртта – 1. Биыл модульдік медициналық тіректің конструкцияларын сатып алуға облыстық бюджеттен 570 миллион теңге қаржы бөлінді. Бұдан басқа, Келес, Қазығұрт аудандық ауруханаларының емханаларына да тұрғындардың көбеюіне байланысты қосымша ғимараттар салуды қолға алатын боламыз.
– Әсем, жаға ғимараттардың көбейгені жақсы. Бірақ, оларды медициналық құрылғылармен қамту, емделушілерге жағдай жасау жағы қалай шешілмек?
– Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Естайұлы басқаға қаржы жетпесе де денсаулық сақтау саласына 1 миллиард теңге бөлдіртті. Оған 500 тоңазытқыш алдыртып, аудан-қалаларды, жалпы өңірді толық қамтитын боламыз. Сосын соңғы үш-төрт жылда аудан орталықтарында істемей тұрған жеделсатыларды (лифт) қайта іске қосамыз. Әзірге 12 ауданға лифт алып беріп жатыр. Жыл соңына дейін бәрін жаңалаймыз. Медицина мамандары науқастарды бұдан былай екінші-үшінші, жоғарғы қабаттарға көтеріп тасымайтын болады. Бұдан бөлек, облыстық медициналық жедел жәрдем станциясына, аудандық ауруханаларға, барлығын қосқанда 46 жедел жәрдем көлігін алып бермекші. Бұған мәслихатта қаржы қаралып, сатып алу процесі жүріп жатыр.
Биыл медициналық құрал-жабдықтарға 5 миллиардтан астам теңге бөлінді. Оған Түркістан қалалық орталық ауруханасында компьютерлі томограф сатып алып орнатудамыз. Таяуда облыс басшысының қатысумен аталған емдеу мекемесінде инсульт орталығын іске қосатын боламыз. Облыс орталығында бұрын мұндай медициналық аппарат болмаған. Сосын дәл осындай томограф Шардара аудандық орталық ауруханасында да орнатылып, ел игілігіне берілетін болады. Ол жерде де инсульт орталығы жұмысын бастайды. Қазір бізде 8 ауданда компьютерлі томограф бар, инсульт орталықтары тұрғындарға қызмет көрсетуде. Мұның бәрі соңғы екі-үш жылда атқарылған шаруалар, пациенттерге жасалған жағдайлар.
Былтыр төсек орындары, кереуеттері 70-80 пайыз жаңаланған аудандық ауруханалардың жан сақтау бөлімшелеріне биыл жасанды тыныс алу (ИВЛ), наркоз аппараттары, лапароскопиялық құрылғылары алып беріп жатырмыз. Биылдан бастап облыстағы аудандардың жартысынан көбінде оталар лапароскопиялық әдістермен жасалатын болады. Оған дәрігерлерді оқытып жатырмыз. Бұған дейін мұндай тілмей, кеспей жасалатын оталар облыс орталығы болған Шымкентте ғана жасалып келген болса, енді аудандарда да жасауға мүмкіндік бар.
– Ақпараттық жүйені енгізу дәрігерлердің жұмыстарын қаншалықты жеңілдетті?
– Цифрландыру бағытында барлық емханалар мен ауруханаларда ақпараттандыру жүйесін 100 пайыз енгіздік. Қазір қағаз айналым жүйесі жоқ. Бәрінде дәрігердің қабылдауына жазылуынан бастап, дәрі-дәрмекке дейін барлығы электронды әдіспен жүзеге асуда. Облыс тұрғындарының бәрінің электронды денсаулық паспорттары жасақталған. Бұл ақпараттық жүйе дәргерлердің ғана емес, пациенттердің де әрі-бері сабылуын біршама азайтты. Әлі де аталған жүйенің көмегін дұрыс пайдалана алмай, дәрігердің қабылдауына келіп кезек күтіп жүргендер жоқ емес. Қарияларды түсінуге болады. Ал жастар алдағы уақыттарда қолдарына ұстап жүрген смартфондарының мүмкіндіктерін меңгеріп алса, интернет арқылы дәрігер қабылдауына жазылып, белгіленген уақытта келіп қаралатыны анық. Ең бастысы, бұл – уақытты тиімді пайдаланудың ұтымды жолы. Сондықтан оның әлі де берері мол.
Ақпараттандыру жүйесінің артықшылықтарын аудандық ауруханаларда ситуациялық орталықтар ашуда да пайдаланып жатырмыз. Әрбір ситуациялық орталық сол аудандағы тұрғындардың жағдайларын біліп отыруы үшін керек. Кім қандай аурумен ауырады? Қашан келіп қаралуы керек? Қашан скринингтік тексеруден өткізу қажет? Деген сияқты сұрақтардың жауаптарының бәрі осы ситуациялық орталықтарда жинақталады.
– Қызмет сапасының жылдан жылға жақсарып жатқаны қуантады. Дегенмен, маман тапшылығы жоқ па?
– Облыста мамандықтар бойынша дәрігер тапшылығы бар. Олар әсіресе ауылды жерлерде жетіспейді. Облыста қажетті маман тапшылығын болдырмау үшін мемлекет тарапынан ауылға баратын жас кадрларға жағдай жасау қолға алынған, жүйеленген. Биылға дейін Түркістан облысында ауылда жұмыс істеуге келіскен маманға қаржылай 1 миллион теңге көлемінде көмек беріліп келді. Бұл басқа да материалдық көмектерді қоспағандағы ғана. Мұндай қолдау басқа бірде-бір облыста жасалып жатқан жоқ. Енді біз облыс әкімінің қолдауымен, мәслихаттың шешімімен оның көлемін 1,5 миллион теңгеге жеткіздік. Сонымен қатар, оларды баспанамен қамту және коммуналдық төлемдерінің 50 пайызын төлеп беру жұмыстары да әрі қарай жалғасын табуда.
– Игі істеріңіз «іс тетігін кадр шешеді» дегенді еріксіз еске түсіреді екен. Дәрігерлердің біліктіліктерін арттыру да назардан тыс қалмаған болар?
– Іздену, тәжірибе жинау қай уақытта болса да қажет. Онсыз дәрігер бірте-бірте қызметін дұрыс атқарудан қалады. Сондықтан бұл мәселе еш уақытта назардан тыс қалған емес. Заманға лайықты, медицина талаптарына сай ғимараттарды салумен қатар оларды білікті, кәсіби мамандармен қамтуды қарастыруымыз керек. Бұл бағытта 100-ге жуық дәрігерді біліктіліктерін арттыру үшін медицинасы жақсы жолға қойылған алыс және жақын шетелдердің клиникаларында тәжірибе алмасуларға жібердік. Солтүстіктегі көршіміз Ресейдің әлем мойындаған медициналық ұйымдарында – Мәскеу, Қазан, Новосібір қалаларында практика алмасып, іс жүзінде үйреніп қайтқан мамандарымыз да аз емес. Сол сияқты облыс әкімдігі мен Оңтүстік Корея билігінің арасында түзілген меморандумға сәйкес мұхит жағалауындағы елде де оқып, арнайы медициналық курстардан өтіп шыңдалғандар да бар арамызда. Түбі бір түркі жұрты Түркиядан да үйренгеніміз аз емес. Қара теңіздің арғы бетіне де мамандарымызды топ-тобымен жіберіп тәжірибе алмастырдық. Бұрын-соңды дәрігерлер бұлай бригадалық құраммен оқып үйренуге шет елдерге жіберілген емес. Алғашқыда облыс орталығындағы мамандарымызды шет елдердің озық клиникаларына жіберіп шыңдасақ, аудандық ауруханалардың басшыларын да сондағы медициналық ұйымдардың жұмыс тәртібімен танысуға, бір апталық практикаға жібердік. Корея көрген бас дәрігерлер мамандарын сол жақта оқытып алуға ұмтылады. Енді біз аудандардағы мамандарды алыс-жақын шетелдерге жіберіп тәжірибе алмастыруды қолға алудамыз. Түркістан қаласынан дәрігерлерді көбірек жіберіп жатырмыз. Өйткені облыс орталығы болғаннан кейін бұл жерде медициналық қызмет сапасы жоғары болуы тиіс. Осы мақсатта №3 облыстық перинаталдық орталыққа, Түркістан қалалық орталық ауруханасына облыстық клиникалық ауруханасынан шетелде шыңдалған өз ісінің кәсіби мамандарын алдыртып, басқаруды, жетілдіруді тапсырдық. Қалалық орталық емханаға да іскерлігімен, үйлестірушілік қабылетімен танылған азаматты тағайындадық.
Бір бағытта ғана емес, барыс-келісті реттеп, үнемі ізденуді, тәжірибе алмасуды қажет ететін медицина профессорларын облысқа Денсаулық сақтау басқармасының шақыртуымен алдыртып, жергілікті дәрігерлерге дәріс оқытып жүрміз. Олар шеберлік сыныптарын өткізіп, түркістандық мамандармен бірге пациенттерді де қабылдап жүр. Оңтүстік Корея, Моңғолия, Германия, Латвиядан Түркістан облысына арнайы келіп тәжірибе бөліскен профессорлардан біраз нәрсе үйрендік. Жуырда ғана біздің шақыртуымызбен мұхит асып жеткен Америка профессоры Түркістан қалалық орталық емханасында облыс дәрігерлеріне бастапқы медициналық көмек көрсетудің американдық үлгісін, қыр-сырын үйретті. Ағылшын тілін білетін мамандарымызды АҚШ-қа шақырып, сол жақта іс-тәжірибеде оқытпақ ойы бар екен. Бес-алты маманымыз әлем экономикасының локомотивіне айналған алып елде үйреніп қайтқаннан кейін осындағы әріптестеріне үйрететін болады. Жалпы, бізде шетелде шыңдалып қайтқандардың көрген-білгенін отандық медицинаға ендіру үшін жергілікті мамандармен бөлісетіні бұрыннан дәстүрге айналған.
– Өзіңізбен болған кәсіби мерекеңіз қарсаңындағы сұқбат соңында әріптестеріңізді «Диагноз» газеті арқылы құттықтауыңызға болады...
– Рақмет! Алдымен мынаны айтуға тиіспін. Облыстағы емдеу мекемелерінде жасалған жағдайлардың және ауру түрлерінің алдын алу бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижесінде ана өлімінің көрсеткіші 2019 жылдың 4 айында былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 110,1 пайызға төмендеді. Нәресте өлімі 11,6 пайызға, туберкулезден болатын өлім-жітім 20 пайызға, қан айналым жүйесінен болатын өлім-жітім 18,3 пайызға азайды. Бұл жетістіктерге облыстың денсаулық сақтау саласында елге дәрігерлік көмек көрсетіп жүрген 22 мыңнан астам медицина маманының қосқан үлесі үлкен. Сондықтан алғысымды білдіріп, әріптестерімді Медицина қызметкерлері күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!