Жедел ішек инфекцияларының алдын алу

Oinet.kz 25-05-2020 622

Жедел ішек инфекциялары – бұл бактериялар, вирустар тудыратын және балалар мен ересек адамдарда ішек қызметінің бұзылуымен (диарея) сипатталатын жұқпалы ауру. Жұқпалы жедел ішек ауруларының бас көтеретін мезгілі қазіргідей жаз айлары болып есептеледі. Бұл ішектің ауруға шалдығуынан, кейде іштің бұзылуы, организмнің кейбір тағамдарды қорыта алмауымен байланысты.

Жедел ішек инфекциялары | KazMedic

Инфекция ауыз арқылы жұғып, қоздырғышы ішекте өсіп жетіледі де, микробтары нәжіспен сыртқы ортаға түсіп, тарайды. Инфекция гигиеналық тазалықтың төмен дәрежеде болуынан, азық-түліктерден, яғни жуылмаған көкөністер, пісірілмеген сүт, сапасыз шала пісірілген тағамдарды қолдану, сондай-ақ, ауыз суды қайнатпай ішу, лас суға түскен кезде жұғуы мүмкін. Жаз айларында инфекцияны көп жағдайда шыбындар таратады.

Аурудың алғашқы белгілері – іштің жиі су сияқты өтуі, дене қызуының көтерілуі, емшектен бас тарту, асқа тәбеті болмау, шөлдеу, құсу, бас ауру, жалпы әлсіздік, селқостық, мазасыздық, ауырсыну, дәретінде қан қоспасының немесе кілегейдің пайда болуы. Науқаста қайталамалы құсып, іш өткен сайын баланың жағдайы ауырлай түседі. Өйткені, организм өз тіршілігіне қажетті су мен тұздарды көп жоғалтады. Жоғарыдағы аталған клиникалық белгілер пайда бола бастағаннан дәрігерге көріну керек.

Дәрігер келгенше мүмкіндігінше ем жасай бастаған жөн. Ол үшін сұйықтықты мол, көбірек ішкен дұрыс. Өздігінше емделу аурудың асқынуына әкеліп соғуы немесе созылмалы формаларына ұласуы мүмкін. Антибиотик қабылдау сырқаттың клиникалық сипатын өзгертеді, мұның өзі дұрыс диагноз қоюды қиындатады.

Жоғалған сұйықтықтың орнын толтыру үшін емшек сүті, айран, сорпа, күріш суы, сұйық шай, кисель, қайнатылған және салқындатылған су, ауыз арқылы ішетін тұзды-минералды су ерітіндісі қолданылады. Рационнан ішекте ашитын немесе асқазан-ішек жолын тітіркендіретін азықтар (сүт, кепкен, қуырылған тағамдар, майлы, ащы тағамдар) шығарылып тасталады.

Оральды-регидратациялы ерітінді (регидрон) қолданған жөн. 1 пакет регидрон ұнтағын қайнатылып, бөлме температурасында суытылған 1 литр суға дайындайды. Дайын ерітіндіні балаға әрбір 3-5 минут сайын 1 шай қасықпен беру керек. Егер құспаса, аз-аздан жиі ішкізуге болады. Ерітінді әрбір күнге жаңадан дайындалып беріледі.

Ішек инфекциялары – кір қолдың ауруы. Оның алдын алу үшін:

- жеміс-жидектер мен көкөністерді ағынды су астында жақсылап жуғаннан кейін пайдаланыңыз;

- өнімдердің жақсылап қуырылып, қайнатылуына көңіл бөліңіз;

- жұмыртқаны шикі немесе шала қайнатылған күйінде қолданбаңыз;

- дайын тамақты пайдалану кезінде оның исіне, дәміне мұқият мән беріп, тез бұзылатын тағам өнімдерін тоңазытқышта сақтаңыз;

- арнайы көрсетілген жерлерде шомылыңыз;

- суды тұтынар алдында міндетті түрде қайнатыңыз немесе бөтелкедегі суды ішіңіз;

- балаларды әрбір тамақтандырар және тамағын дайындар алдында қолды жақсылап сабындап жуу керек, оның әрбір затын, ойыншықтарын, бөтелкесі мен емізіктерін таза жағдайда ұстаңыз;

- ішек инфекцияларының алдын алу үшін жеке бас тазалығын қатаң сақтаңыз;

Кей жағдайларда ауру өте ауыр түрде өтіп, өмірге қауіп тудыруы мүмкін. Сол себепті, өткір ішек жұқпаларының жоғарыда көрсетілген белгілерінің бірі Сізде немесе жанұя мүшелеріңізде байқалса, тез арада дәрігерлік көмекке жүгінгеніңіз дұрыс.

Дүйсенбі неге ауыр күн?
«Уақытша саңырау»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу