Фронтлифтингтің құдіреті

Oinet.kz 25-05-2020 763

Жүзі жылыдан түңілмейтін халықпыз. Бірақ кейде көзқарасы ауыр, қабағы қатыңқы адамдарды көргенде аяқ тартып қалатынымыз бар. Білесіз бе, жүзіміздің жарық болып, көзіміздің жайнап тұруына қастың қосатын  үлесі мол екен. Қарлығаштың қанатындай қиылған қас ажарымызды ашып, қабағымызды ашық ете түседі. Ал косметологтардың айтуынша көзге жақын, яғни, төменде орналасқан және формасы келіспей қалған қас адамды сұсты көрсетеді екен. Әрине, жас қыздарда мұндай проблема кездесе бермейді. Ал отыздан асып, қырыққа қадам басып қалған әйелдердің бет терісі солыңқырай бастайды. Тартылып тұрған бет терісі босаңси бастағасын маңдайда және қабақ айналасында қатпарлы әжімдер пайда болады. Осылайша қиылған қас төмен түсіп, кәріліктен хабар бере бастайды. Дегенмен, медицина мен косметология ұштасқан заманда бет-әлпеттің мұндай кемшіліктерін пластикалық операция арқылы түзетуге мүмкіндік бар. Шекенің созылып кеткен терісін тартып, қабақтағы әжімді азайтып, қасты көтеру отасы фронтлифтинг деп аталады. Енді толығырақ баяндасақ...

Фронтлифтинг: зона отвественности - лоб. Новости о пластической ...

Кәрілікке тосқауыл

Адамға ең бірінші әжім бетке түседі екен. Ол заңды да. Себебі ең көп қимылдайтын – біздің бетіміз. Яғни, әрбір сөйлеген сөзіміз, асты шайнауымыз, қуану, жылау, тыжыраю кезінде бет терісі қозғалады, жиырылады және созылады. Оның үстіне әйел заты бетіне экперимент жасауға ұста келеді. Түрлі косметикалық заттарды жағып, татуаж жасап бет терісін «қорлап» жатамыз. «Еңбекқор» мүшемізге осылайша әжім ерте түседі. Әсіресе көздің айналасы, маңдай және қабақтың асты әжімге құмар келеді. Әжімденген бетте қас та өзінің тартымдылығын жояды.

Сұлулыққа құштар қыз-келіншектердің көбісі мұндай жағдайда пластикалық хирургтердің көмегіне жүгінеді. Мамандардың айтуынша, фронтлифтингті көп жағдайда 35-60 жастағы әйел мен ерлер жасатады. Бүгінде сұранысқа ие отаның артықшылықтары көп. Біріншіден, отадан кейін формасын жоғалтып, солыңқы тұрған қас қиылып шыға келеді. Екіншіден, қабақ және самайдағы әжімдер тегістеледі. Үшіншіден, пациент 5-10 жылға жас көрініп, маңдайы жарқырап шыға келеді.

Егер қасыңызды көтеру туралы нақты шешімге келсеңіз, дәрігермен ашық сөйлесіп алуыңыз қажет. Мәселен, бұрын-соңды қандай да бір операция жасатқаныңызды, созылмалы ауруларыңыздың бар-жоғын, денсаулығыңызда сызаттың барын айтуыңыз қажет. Маман сіз жайлы ақпаратқа қанық болғасын, қосымша анализдер тапсыруыңызды сұрайды. Егер сізде қан ұйып қала беретін болса, қант диабетімен ауырсаңыз, созылмалы ауруларыңыз асқынып тұрса, қан қысымыңыз жоғары болса, маңдай тұсындағы тері қатты жараланған болса, жүрек-қан тамырлары және онкологиялық ауруға душар болсаңыз ота үстеліне жата алмайсыз. Басқа жағдайда процедураға дайындықты бастауға болады. Алдымен хирург беттің бұлшықетін, терісін, бас сүйегін толықтай тексеріп шығады. Бәрі ойдағыдай болса ота жасалатын аймаққа наркоз жасалады. Операция кезінде кедергі келтірмес үшін шаш артқа қарай мықтап жиналады. Болды, сіз отаға дайынсыз.

Самай процедурасы

Бүгінде фронтлифтингтің бірнеше түрі қолданылып келеді. Жиі әрі кең қолданыстағысы ашық фронтлифтинг. Хирург маңдайдың шаш өскен тұсынан тілік жасап, қантамыры арқылы қажетті тіндерге жете алады. Ота кезінде самайдайғы тіндер дұрыс орналастырылып, артық майлар мен тері сылынып анылады. Маңдай мен көз айналасындағы бұлшықеттер  тартылады. Процедура кезінде тіліктің үш түрі қолданылуы мүмкін: стандартты, түрлендірілген және шаш өсу жолағы бойынша. Стандартты тілік бас сүйекті коррекциялауға жақсы. Бірақ, ол маңдайы тым жазық жандарға жасалмайды. Себебі шаш өсетін аймақ бірнеше сантиметрге кері шегінеді. Ал түрлендіріліген тілік маңдайдың әжімделген тұсынан шаш өсетін аймаққа дейін тілініп, қайта төмен түседі. Бұл әдіс керісінше маңдайы үлкен адамдарға жасалады. Үшінші тәсілде хирург шаш өсетін аймақтан шамамен 1-2 см жағалай тілік тіліп, маңдайды жоғары қарай тартады. Жараның орнын арнайы медициналық қыстырғышпен қысып, екі аптадан кейін қайта алып тастайды. Жалпы ашық фронтлифтинг қас пен маңдайды көтерудің базалық әдісі саналып келді. Кейінірек мамандар бұл тәсіл тек маңдайы мен қасы тым төмен түскен, қатты әжімделген теріге ғана жасау керектігін түсінді. Яғни, бұл 45 жастан асқан пациенттер үшін тиімді.   Коррекциялық операция 1 сағаттан 4 сағатқа созылуы мүмкін.

Ашық фронтлифтинг тиімді тәсіл болғанымен бірқатар кемшіліктері бар. Мәселен, отадан кейін пациенттің оңалуына біраз уақыт кетеді әрі пышақ тиген аймаққа шаш өспей қалуы мүмкін. Пластика жасалған тері аумағы көп жағдайда  жансызданып қалады, операция кезінде маңдай тіндері зақымдалуы мүмкін. Шаштың өсу аймағы біршама өзгергендіктен бастың формасы да өзгеріске ұшырау жағдайы жиі кездеседі. Сұлулық үшін құрбандыққа барған болсаңыз, онда отадан кейінгі мынадай «азаптарға» шыдауыңызға тура келеді. Әлгі тіліктердің орны бір жылдан кейін ғана толығымен жазылады. Ол кейде қақсап ауыртады, ал кейде тіпті жансызданып қалады. Бетіңіз жиі ісінеді, ең қорқыныштысы беттің жоғары бөлігінде мимикаңыз өзгереді. Маңдайыңыз үлкейіп немесе кішірейіп кетеді.

Эндоскопиялық фронтлифтинг – ашық түріне қарағанда күрделі процесс. Дей тұрғанмен ол медицинаның қауіпсіз әрі заманауи жетістігінің бірі. Хирург іске кірісерде тілетін аймақтарды таңдап алады. Әдетте маман қан тамырлары аздау орналасқан жерді ыңғайлы көреді. Сондықтан ота кезінде пациент қанды аз жоғалтады. Тіліктің ішіне камера орналастырылған эндоскоп құрылғысы ендіріледі. Камера арқылы хирург іштегі өзгерісті монитордан бақылап, қажетті әрекетті жасауға ықпалын тигізеді. Эндоскоп қажетті аймаққа енгесін маңдайдағы солыңқы теріні сылып тастап, тегістейді. Кейіннен жараның орны тігіледі. Бұл үшін бар болғаны 1 сағат уақыт кетеді. Эндоскопиялық фронтлифтингтің ашық лифтингке қарағанда артықшылақтары басым. Айталық мұнда тін мен қан тамырлары зақымдалмайды, шаш өсетін аймаққа қауіп төнбейді, ота ұзаққа созылмайды, тыртық қалмайды және асқынулар болмайды. 

Қасты көтеріп, маңдайды тартқызу үшін эндотинді әдісті де қолдануға  болады. Эндотин – бұл жайылатын микроскопиялық фиксатор немесе имплант. Эндотин пациенттің маңдайы тілінген соң 30 минуттан кейін тері ішіне ендіріледі. Ол тіндерге арнайы тістері бар тіреу арқылы жабысып тұрады да тіндерді тегістеп шығады. Хирург қажетті бет пішініне қол жеткізген соң оны алып тастайды.  Аталмыш тәсілдің нәтижесі бірден көзге ұрынып тұрады. Қас қиылып, маңдай тегістеле түседі. Әрі көп уақытты жоғалтпайсыз. Тез арада пластикалық ота жасатуды қалайтындар үшін мамандар көбінесе осы тәсілді ұсынады.

Сұлулыққа бәріміз де құштармыз. Кәрілікке бой бермей жастыққа талпынамыз. Қыз-келіншектерді сұлулығын сақтау жолында пластикалық операцияға жүгінгенін ешкім сөге алмайды. Дегенмен, жасанды сұлулықтың шегін білу қажет. Фронтлифтингті бір рет жасатудың еш айыбы жоқ. Білікті хирургтың қолынан шыққан дүние болса денсаулығыңызға залал келмес. Дей тұрғанмен пластикалық хирургияны бірнеше рет жасату «артық қыламын деп тыртық қылумен» тең екенін естен шығармаған жөн.  

Адам бойындағы химиялық элементтер және олардың қызметі
Туберкулез туралы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу