Вакцина алмағандар қажылыққа бара алмайды
Қоғамдық денсаулықты сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшин қажылыққа шығатын азаматтарға вакцина алу қажеттігін ескертті. Жыл сайын қажылыққа әлемнің 160 елінен шамамен 2 миллион адам аттанады. Олардың ішінде 3-4 мың қазақстандық та бар.
– Барлық адамдар қажылыққа барар алдында менингококк инфекциясына қарсы егілуі қажет және олардың өздерімен бірге вакцинациялаудан өткені туралы анықтамасы болуы тиіс. Бұл – Сауд Арабиясы денсаулық сақтау министрлігінің талабы, – деді Ж.Бекшин Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.
Оның айтуынша, менингококк инфекциясына қарсы вакцинацияны республика бойынша 5 жерде алуға болады. Олар – Атырау облысы (Open clinic ЖШС филиалы, Атырау қ., Студенттік тұйық көшесі, 205 А), Жамбыл облысы (КТҒКО ЖШС филиалы, ZHANUYA емханасы, Тараз қ., Пушкин көшесі, 41), Шымкент қаласын (№ 1 Шымкент қалалық ауруханасы, Г. Иляев көшесі, 51), Алматы қаласы (Фармаком ЖШС вакцинациялау клиникасы, Қарасай батыр көшесі, 30; Бузурбаев көшесі, 24; IMC Медицина орталығы, Мұқанов көшесі, 235) және Астана қаласы (Open clinic ЖШС филиалы, Астана қ., Отырар көшесі, 8/2).
Сондай-ақ, қажылық кезінде жеке гигиена шараларын сақтау қажет. Атап айтқанда, дезинфекциялайтын сулықтарды пайдалану, қоғамдық жерлерде бетперде тағып жүру, түйелер жиналатын жерлерге жақындамау, қайнатылмаған және пастерленбеген түйе сүтін қолданбау, рұқсат етілмеген сауда орындарында тамақ өнімдерін алмау керек. Ал қажылықтан кейін кез келген ауру белгілері (қалтырау, температураның көтерілуі, тамақ ауруы және басқасы) пайда болса, дереу дәрігерге хабарласқан жөн. Қажылыққа барғаны туралы бірден айту қажет.
Айта кетейік, Ж.Бекшин жаз кезінде той тағамдарын дайындау қауіпсіздігіне де тоқталды. Оның айтуынша, алдымен аспаздардың кәсіби дайындығын тексеріп алу қажет. Бас аспазда санитарлық кітапша болуы тиіс. Сырттан адам тартуға болмайды. Ыдыс-аяқты жуып тұратын адамдардың саны да жеткілікті болуы шарт.
– Сосын тамақты сақтайтын арнайы құрал-жабдықтардың бар-жоғын тексеріп алған жөн. Дайын тұрған тамақ тоңазытқышта сақталуы қажет. Мейрамxанада ыстық су болуы тиіс. Тазалыққа баса мән беру керек. Негізі, тамақ жасайтын жердің санитарлық жағдайы жаппай улануға себеп болып жатады. Тойдың дастарқанын бір сағат бұрын жасаған дұрыс. Одан ерте жайылса, дайын тамақта микроағзалар тез өседі. Содан адам уланады. Әрине, тамақ өнімдерінің сақтау мерзімін үнемі бақылап отыру қажет, – деп атап көрсетті Ж.Бекшин.
Бұдан бөлек, Бас санитарлық дәрігер тойда жаппай уланудың басты себебін атады. Қоғамдық денсаулықты сақтау комитеті жазғы демалыс кезінде бірқатар мемлекеттерде вирустардың өршіп тұрғанын ескертеді. Сонымен бірге, Ж.Бекшин балаларға арналған жазғы лагерьге қойылатын талаптарды да атап өтті.
4 мыңнан астам адам қан қысымын өлшетті
Ақтөбе қаласының Денсаулық саябағында Гиннестің рекордын жаңарту үшін 4 мыңнан астам адам қан қысымын өлшетті. Барлығы 500 медицина қызметкері алдын ала дайындалып, адамдарды қабылдады. Ал рекордты жаңарту акциясына тек қала тұрғындары ғана емес, аудандағы медицина қызметкерлері де қатысты.
– Рекорд жаңарту өте сирек болады. Сондықтан ұсыныс түскен кезде қуана қабылдап, акцияға қатыстық. Бізге қойылған талап бойынша акция кезінде әр медицина қызметкері 10 адамның қан қысымын өлшейді. Бір адамға 3-4 минут уақыт берілген. Негізі біз адамның аты-жөнін, жеке куәліктегі нөмірі мен байланыс телефонын жазып аламыз. Кейін қатысушыға арнайы нөмер тағамыз. Егер қан қысымы жоғары болса, дәрігерлердің бақылауына жіберіледі. Қолымызда ақпараттық арнайы жадынама да бар, –деді Алға аудандық ауруханасының қызметкері Ғалия Мұқтарқызы.
Ақтөбеліктер кешкі сағат 19:00-де басталған акцияға екі сағат бұрын жиналды. Олар алдымен жеке куәлігін беріп, тіркеуден өтті. Тіркелген соң өздері қалаған медицина қызметкерінің жанына барып, қан қысымын өлшетті. Акцияға қатысушылар арасында дәрігерге тұрақты қаралып жүрген адамдар мен ақ халаттыларға өте сирек көрінетіндер де бар.
– Біз тарихта қалу үшін бүгінгі акцияны қуана қабылдадық. Өзім қан қысымымды жиі өлшетпеймін, дәрігердің алдына көп бармаймын. Бүгін тексеріліп, бәрі қалыпты екенін білдім, – деді қала тұрғыны Тамара Жұматова.
Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтің айтуынша, бүгін 4 мыңнан астам адамның қан қысымы өлшенді. Талап бойынша 80 бақылаушы қарады. Бәрі бейнекамераға түсіріліп, алдағы уақытта жиналған материал Лондондағы Гиннестің рекордтар кітабы кеңсесіне жіберіледі. Жауап екі аптадан соң белгілі болмақ.
– Ақтөбеде мұндай ауқымды шара бірінші рет өткізіліп жатыр. Бәрі жақсы ұйымдастырылып, уақытқа сай атқарылатын жұмыс реттелген. Халық өте көп жиналып, үлес қосты. Міндетті түрде Гиннестің рекордын жаңартамыз деп ойлаймын, – деді халықаралық дәрежедегі төреші Борис Романов.