Әлемнің үздік травматологтары Шымкентте
Бүгінгі таңда травматизм Қазақстанда өлім-жітім және мүгедектіктің себебі тұрғысынан жүрек-қан тамырлары, қатерлі ісік ауруларынан кейінгі орында. Жыл сайын елімізде көлік апатынан 2300 адам көз жұмса, 23 мыңдайы жарақат алады екен. Бұл тек біздің ел емес, бүкіл әлем үшін өзекті медициналық-әлеуметтік мәселелердің бірі болып отыр. Әлемде жыл сайын түрлі жарақат алудың кесірінен 5 миллионға жуық адам қаза табады екен. Сондықтан, жуырда Шымкент қаласында өткен «Қазіргі кезеңдегі травматология және ортопедияның өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның мәні зор болды. Конференция жұмысына облыс әкімі Ж.Түймебаев, шетелден келген 14 танымал ғалым, үш жүзге жуық дәрігерлер мен студенттер қатысты.
«Бүгінгі конференциядағы көтеріліп отырған тақырыптың қоғам үшін өте маңызды екендігін баса айтқым келеді. Соңғы жылдары отандық медицина саласында дәрігерлеріміз елеулі жетістіктерге жетіп, халықтың денсаулығын қорғауда тың технологияларды қолданысқа енгізуде. Мемлекет басшысының 2015-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының нәтижесінде медицина саласын қаржыландыру жылдан жылға ұлғайып, ауруханалар мен емханалардың материалдық-техникалық жағдайы жақсаруда. Дәрігерлер медицинасы озық елдердің клиникаларында тәжірибе жинақтап, кәсіби шеберліктерін шыңдауда. Ұлт денсаулығын сақтауда аурудың алдын алуға баса мән беріліп, саламатты өмір салтын ұстануда», - деді өз сөзінде өңір басшысы.
Дене зақымынан зардап шеккендердің қатары азаймай тұр, себебі олардың дені жол апатынан, сонымен қатар өнеркәсіп пен құрылысы саласындағы жұмысшылардың түрлі жарақат алуымен байланысты. Мамандардың айтуынша, соңғы кездері жоғарыда аталған себептермен мүгедек болып қалғандардың саны екі есеге дейін артып отыр. Демек, травматология және ортопедия заманауи медицинаның басым бағыттарының біріне айналғаны рас.
Конференция барысында Қазақстан және оның халқы аз қоныстанған елді мекендерге және мамандандырылған көмек көрсету орталықтарының арасындағы үлкен ара қашықтық үшін өте өзекті болып келетін травматология және ортопедияда инновациялық технологияларды енгізу және қолдану, ортопедиялық - травматологиялық көмек ұйымдастыру, жарақаттанушылықты алдын алу мәселелері бойынша пленарлық және секциялық отырыстар өткізілді. Сондай - ақ, балалар ортопедиясы мен травматологиясы, ортопедиялық - травматологиялық практикадағы қателіктері және асқынулардың өзекті мәселелері де осы басқосуда талқыланды.
Дене жарақаттарын емдеу ісіндегі технологиялар үнемі жетілдірілу үстінде. Ең бастысы, отандық мамандардың ұдайы кәсіби біліктіліктері шыңдауға жағдай жасалуда. Ұлттық травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институты жылына – 8 мың, ал күн сайын 25-30-дай операция жасайды екен. Сондай-ақ, жыл бойы Қазақстанның барлық аймақтарынан келген оперативтік көмек 5 мыңдай науқасқа көр¬сетіледі. Жоғары технологиялық қызмет көрсету өрісін кеңейту мақсатында мамандандырылған медициналық көмектің жоғары технологияларын трансферттеу, соның ішінде жамбас, сан және тізе буындарының эндопротезі бойынша да жұмыстар жүргізіледі.
Травматология және ортопедия мәселелеріне арналған конференцияны өңірлерде өткізудің маңызы зор. Бұл жергілікті жас мамандарға тәжірибе жинақтап, осы саладағы ең соңғы жаңалықтар мен тәсілдерді, жаңа технологияларды меңгеруге мүмкіндік береді. Ұлттық травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтының директоры, еліміздің бас травматолог-ортопеді Нұрлан Батпеновтің айтуынша, жылына осындай 8-10 конференция өткізіліп тұрады. Бұл жолғы басқосуға Ресей, Сербия, Германия, Польша, Өзбекстан, Қырғызстан секілді елдердің өкілдері қатысты. Іс-шара барысында шеберлік сыныптары жүргізіліп, күрделі операциялар жасалады. Өз кезегінде институт та әрдайым аймақтардан келген мамандардың біліктілігін арттыруға үлес қосады. Дей тұрғанмен, жас маманның білікті дәрігерге айналуы өзінің жігері мен ұқыптылығына байланысты.
- Кейбір жас мамандар асығып, конференциялар мен шеберлік дәрістерінен ерте кетіп қалады. Сұрай қалсаң, «айтылып жатқан нәрсені онсыз да білеміз ғой» деп шығады. Ал осындай асығыстықтың салдарынан кейін күрделі операциялар барысында асқынулар орын алып жатады. Жалпы, травматолог-ортопед өз ісіне өте мұқият болуы тиіс, себебі әр науқастың жанұясы, бала-шағасы бар. Сәтсіз операциядан кейін науқас мүгедек болып қалса, оны қалпына келтіру үшін бірнеше операция жасау қажет болады. Ағзаға салынған темірді алу керек, іріңдеп кеткен жерлерді тазалау қажет. Антибиотиктер, цементті пайдалана отырып тағы бірнеше операция жасау керек. Бірнеше қайтара наркозға салу да ағзаға әсер етеді. Мұның барлығы науқас адамды қинайды, - дейді Н.Батпенов. Әлбетте, білікті маманды даярлау бір айдың немесе жылдың тірлігі емес. Бұл кемі 5-6 жылға созылатын ұзақ процесс. Тіпті шеберлік дәрістеріне қатысуы да жас маманның мықты дәрігерге айналуының кепілі бола алмайды.
Бір операцияға – 200 миллион теңге
Соңғы жылдарда аймақтық травматология мен ортопедияның деңгейі біршама көтерілгенімен, халықаралық деңгейдегі сапалы қызмет көрсетіліп жатыр деп айту әлі ерте. Өңірлерде білікті мамандар тапшылығы әлі сезіліп тұр. Көптеген медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасы да заман талабына сай емес. Жалпы, травматология мен ортопедия – аса қымбат, шығыны мол жұмсалатын салалардың бірі. Сапалы медициналық қызмет көрсету үшін көп қаржы жұмсау керек.
- Операцияларда қолданылатын титаннан жасалған заттар өте қымбат, - деп пікірімен бөлісті Н.Батпенов. - Барлығы алыс шетелде шығарылады. Оны пайдаланбасаң, науқас адамды жедел түрде емдеп шығару мүмкін емес. Бұрынғы кеңес дәуіріндегі әдіс бойынша пациент 1,5-2 ай жататын. Сүйектің бітуіне бірталай уақыт кетеді, кейін гипске салады. Қазіргі операциялар жарақаттанған сүйекке темір салып, науқастың тезірек аяққа тұрғызуға бейімделген. Осы тұрғыдан алғанда, Міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру жүйесі өте оңтайлы шешім болмақ. Себебі, бұл қаржылық ауыртпалықты сездірмейді. Екінші жағынан алғанда, азаматтардың өз денсаулығына деген жауапкершілігін сезінетін уақыт келіп жетті. Тұрғындар істі операцияға дейін жеткізбеудің амалын жасап, дене шынықтырумен шұғылданса нұр үстіне нұр болар еді. Тағы бір айта кетерлігі, жол көлік оқиғалары – денсаулық сақтау саласы үшін айтарлықтай маңызды проблемаға айналды. Себебі, кең-байтақ еліміз жер көлемі жөнінен әлемде тоғызыншы орында. Ірі қалалардың арақашықтығы кемі 300-400 шақырымды құрайды. Оның үстіне жолдың сапасы да кейде сын көтермейді. Сол себепті жол апаттары елімізде жиі орын алуда. Жол көлік оқиғасы кезінде алғашқы бір-екі сағатта медициналық жәрдем берудің маңызы ерекше. Дер кезінде көмек көрсетілгенде көптеген жол апаттарының құрбандарын аман алып қалуға болар еді. Шалғайдағы аудандарға жеудің өзі қиын. Тіпті санавиацияның өзі де кей жағдайда жәрдемші бола алмайды. Тікұшақты көкке көтерудің өзіне кемі үш керек, оқиға орнына жетуге тағы бір-екі сағат уақыт кетеді. Тікұшаққа әрі кетсе 3-4 адам сияды. Ал жол апатына автобус ұшыраса ше? 10-15 адамға жәрдем қалайша көрсетілмек? Сондықтан әр аудан орталығында арнайы медициналық мекемелер жүйесін қалыптастырып, травматология бөлімдерінің жұмысын жолға қойған жөн.
Конференция барысында қызық дерек айтылды. Республикалық емдеу мекемелерінің бірінде құны 200 миллион теңгені құраған операциялар да жасалған екен. Бір науқасқа осындай көлемде қаржының жұмсалу себебі – пациент гемофилияға шалдыққан. Қанның тоқтамайтын қасиетінің болуы салдарынан науқасты алдын-ала операцияға даярлау мен операцияның барысында қымбат дәрілік препараттар қолданылады. Елімізде осындай гемофилияға шалдыққан 830-ге жуық науқас бар екен.
Ағылшын тілін білу – заман талабы
Конференция барысында Нұрлан Батпенов негізгі мәселелердің біріне де тоқталды. Бүгінгі таңда медицина ғылымы күн санап жаңалықтармен толығуда. Әйткенмен, қазақстандық дәрігерлердің басым бөлігі солардан бейхабар қалып жатыр. Оның себебі – ағылшын тілін білмеуі. Мұны конференцияға қатысқан атақты сербиялық ғалым, бірқатар ғылыми жаңалықтарды қолданысқа енгізген профессор Милорад Миткович те атап өтті.
- Конференцияның ұйымдастырылу деңгейі өте жоғары. Қазақстанның медицина саласындағы айтулы жетістіктерге жеткенін көріп қуанып отырмын. Технологиялар күн сайын жаңарып отырады. Жыл сайын жаңа аппараттар шығарылуда. Солардың біршамасын осында таныстырдық. Сербия аса бай ел емес. Оның үстіне, біраз жыл бүрын мемлекетімізге қатыст ыжылдар бойы түрлі санкциялар қолданылды. Алайда, медицинаның жағдайы жақсы. Әсіресе травматология өте жақсы дамыған. Біздің Еуропалық одақта қабылданған бірқатар әдістемелер әзірледік. Жаңа патенттеріміз бар. Әр елдің басты байлығы – оның білікті де жан-жақты адами ресурсы. Сіздерде өте мықты кадрлар бар. Профессор Батпенов бастаған қазақстандық дәрігерлер протездеудегі үздік әдістемелерді меңгеруде. Жалпы, жас мамандарға беретін кеңесім – тынымсыз еңбектеніп, алға қарай ұмтылу керек. онсыз жақсы дәрігер болып шығу мүмкін емес. Мен де жас кезімде көп еңбектендім, бұған ұстаздарым үйретіп, бағыт-бағдар берді. Сондай-ақ, ағылшын тілін меңгерудің де маңызы зор. Ағылшын тілін еркін меңгерген дәрігер медицинадағы ең соңғы жаңалықтарды алғашқылардың қатарында біліп отырады. Бұл өте құнды да маңызды ақпарат. Операция кезіндегі сәтсіздіктен де қорықпау керек. Сәтсіз операциясы жоқ дәрігер болмайды. Мықты дәрігердің өзінде 100 пайыз сәтті операция болмайды. Мен алғаш рет сәтсіздікке жол бергенімде түнімен ұйықтай алмай, мазасызданып шыққанмын. Соны келесі жолы болдырмаудың жолдарын ойланумен болдым. Қазір интернет байланыс дамыған заман ғой, күрделі операцияға қатысты жауапты шешім қабылдауда қиналған сәтте шетелдегі әріптестеріммен байланысамын. 5-6 дәрігермен сөйлескен соң дұрыс шешім қабылдай аласың, - деп пікір бөлісті сербиялық профессор Милорад Миткович.
Айта кетерлігі, халықаралық дәрігерлер жиынында медициналық бұйымдарды шығарушы компаниялардың көрмесі де болып өтті. Заманауи жабдықтар мен препараттарды өндіруші отандық және шетелдік компаниялар травматология мен ортопедиядағы соңғы жетістіктерді паш етті.Еліміздің бас травматолог-ортопеді Нұрлан Батпенов болашақта осындай қымбат бұйымдарды өз елімізде шығару қажеттігін атап өтті. «Титан, алтын секілді құнды металдар өзімізде бола тұра ортопедияда қолданылатын бұйымдарды неге шығармасқа? Бұл операциялардың шығынын едәуір азайтар еді. Қазір елімізде түрлі зауыттар ашылып жатыр ғой. Алдағ 4-5 жыл ішінде ортопедия мен травматология үшін қажетті титан бұйымдарын өндіретін зауыт та іске қосылар деген үміттеміз», деп арманын жасырмады Н.Батпенов.
Конференция қатысушылары бүгінгі басқосу халықаралық тәжірибені үйрену, білімдермен алмасу, одан әрі конструктивті және өзара тиімді ынтымақтастықты арттыру үшін және ғылыми, іскерлік байланыстарды құру алаңы болып қызмет ететіне сенім білдіріп, тарқасты.