Аперитив және дижестив
Тамақ алдында аперитив, ал соңында дижестив сусынын ішу әдеті Батыс Еуропада орта ғасырларда пайда болған және бүгінде толыққанды мәдениет ретінде қалыптасып үлгерген. Бұл дәстүр біздің елімізде кең таралмағандықтан, әзірге көпшілікке беймәлім. Дегенмен қазір көптеген жергілікті мейрамханаларда аперитивтер мен дижестивтердің арнайы мәзірі ұсынылып жүр. Дұрыс таңдау жасағыңыз келсе, бұл түсініктермен алдын ала танысып алғаныңыз жөн.
Аперитив (латын тілінде «aperīre» – «ашу») – тамақ алдында берілетін спирттік (кемінде 15%) сусындар тобы. Олар тамаққа тәбетті оятып, ас қорытуға көмектеседі. Аперитив ретінде алкогольсіз сусындар да ұсынылуы мүмкін – қарапайым минералды, содалы су немесе қышқыл шырындар (апельсин, лимон, томат, қайың шырындары).
Аперитив ретінде ұсынылатын алкогольдік сусындар:
абсент;
шампан;
вермут;
арақ;
сыра;
херес;
портвейн;
виски;
коньяк (арманьяк);
джин;
күшті алкогольді (30-40%) коктейльдер.
Барлық аперитивтер үш топқа бөлінеді:
жеке ұсынылатын – тек бір сусыннан тұрады.
қатар берілетін – бір мезгілде бірнеше сусын ұсынылады;
аралас – коктейль сияқты сусындар қоспасы арнайы дайындалады.
Аперитив ұсынудың бірнеше ережесі бар:
ыстық, жылы және тәтті сусындар берілмеуі керек;
аперитив құрамындағы алкоголь қонақтардың тәбетін ашуы керек, бірақ оларды мас қылатындай мөлшерде болмауы тиіс;
негізгі тағаммен үйлесімді болуы қажет, мысалы, ыстық суп алдында салқын сыра ұсынылмағаны жөн.
аперитивтерге тіске басар ретінде көбінесе зәйтүн жемісі, лимон тілімдері, бадам және басқа да түрлі жаңғақтар ұсынылады.
Дижестив (латын тілінде «digestivus» – «тамақты қорытуға көмектесетін») – тамақты қорытуға көмектесетін спирттік сусын. Ол дастарқанға тамақ ішіліп болған соң қойылады. Дижестив құрамындағы алкоголь аперитивтікіне қарағанда күштірек болады. Себебі тоя тамақтанғаннан кейін, жеңіл сусындардың дәмін онша сезіне алмауыңыз мүмкін. Тамақтан кейін ішілетін алкогольсіз сусындарға шай мен кофе кіреді, бірақ мамандар оларды басқа топқа жатқызады.
Дижестив ретінде ұсынылатын сусындар:
ликер мен бальзам;
күшейтілген және десерттік шараптар;
граппа;
кальвадос;
бренди;
виски;
коньяк.
Көріп тұрғаныңыздай, бір алкогольдік сусынды аперитив түрінде де, дижестив түрінде де қолдануға болады. Бірақ оларды бір отырыста екі рет қайталай ұсынуға болмайды. Сондықтан аперитив пен дижестивті таңдау кезінде мына кеңестерді басшылыққа алыңыз:
ашық түсті сусындар аперитив ретінде, ал қою күңгірт түстілері дижестив ретінде ұсынылады;
дижестивтер аперитивтерге қарағанда күштірек болуы керек.
Аталған ережелерді қадағалай отырып, дұрыс таңдау жасай аласыз. Алайда бұл жерде қатып қалған заңдылық жоқ, сол себепті өз талғамыңызға сүйеніп, қиялыңызға ерік берсеңіз болады.