Семіздік және арылу жолдары

Oinet.kz 20-05-2020 2315

«Артық салмақ пен семіздікті қалай анықтауға болады?» деген сұраққа жауап берелік. Ол үшін дене салмағының индексі (ДСИ) негізгі көрсеткіш болып табылады. ДСИ-ді анықтаудың формуласы мынадай: ДСИ=дене салмағы/бойы 2 (кг/см2) Нәтижесінде ДСИ 25-тен жоғары болғанда артық салмақ, 30-дан асса семіздік болып есептеледі.

unnamed (1).jpg

Семiрудiң себеп салдарына тұқым қуалаушылық, эндокринді аурулар, аз қимылдау және тамақ құрамындағы майдың шамадан тыс көп болуы, мидың нақты бөлшегінiң жарақаттануы, кейбiр психикалық ауытқулар жатады.

Семiрудiң бірінші кезеңі дене салмағы үнемі өсіп тұратын үдемелі, екіншісі артық салмақ болса да ары қарай үлкеймейтін тұрақты кезең. Ал дәрежесіне қарай I дәрежелі семіздікте дененiң нақты салмағы идеал массадан 29 пайызға дейін артады. II дәрежелі семіздікте дененің нақты салмағы идеал массадан 30-40 пайызға дейін асады. III дәрежелі семіздікте дененің салмағы идел массадан 50-99 пайызға дейін жетеді. IV дәрежелі семіздікте айырмашылық 100 пайыздан жоғары болады. Семіздік әрқашан ағзаның жұмысын тежейді. Солардың ішінде жүрек жұмысы ауырлайды, қан айналымы бұзылады, демікпе пайда болып, адам тез шаршайды, инфекциялардан қорғанысы әлсірейді.

Мамандар артық салмақ пен семіздіктің 90 пайызы дұрыс тамақтанбаудан болады деп пайымдайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы семіздікті әлемдік эпидемияға теңеп отыр. Қазақстан да бұл үрдістен шет қалып отырған жоқ. 1995-1996 жылдары жүргізілген ұлтттық зерттеулер нәтижесі Қазақстан халқының 42 пайызында артық салмақ бар екендігін анықтаған. Семіздіктің ел экономикасына келтірер зияны да орасан. Мәселен, денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржының 70 пайызы семіздіктің салдарынан туындаған ауруларды емдеуге жұмсалады екен.

Қазақ тағамтану академиясының 2017 жылы жүргізген зерттеуінің нәтижесі де қуантарлықтай емес. Еліміздің 14 облысы мен Астана, Алматы қалаларында тұратын 1-14 жас аралығындағы 890 бала мен 15-тен асқан 3735 адамның денсаулығын тексерген мамандар семіздіктің кең таралуына қатты алаңдаулы. Зерттеу нәтижесінде балалардың 22 пайызы, ересектердің 55 пайызы артық салмақ пен семіздік дертіне шалдыққан. Соның ішінде 28 пайыз әйелдер мен 16 пайыз ер-азаматтар семіздік ауруына тәуелді.

Жас ұлғайған сайын артық салмақтың да саны арта береді. Тексеруге қатысқан адамдардардың қан құрамында қант диабетіне әкеп соғатын глюкоза, жүрек-қан тамырлары ауруларын туындататын холестериннің де жоғары екендігі анықталған. Өлім-жітімнің 60 пайызы тамақтану режимінің бұзылуынан туындаған сырқаттың салдарынан болады екен. Мамандардың бұлай алаңдауының себебі семіздік көптеген аурулардың алғы шарты болып табылады. Семіздікке шалдыққан адамдарда мынадай аурулар жиі тіркелген:

- жүрек-қан тамырлары аурулары (қан қысымының жоғарылауы, атересклероз, жүректің ишемиялық ауруы, стенокардия, инфаркт және инсульт);

- түрлі ісіктер (жатыр мойнының, аналық бездің, сүт безі, тоқ ішек, тік ішек, бүйрек, бауыр, өт қабығының қатерлі обыры);

- қант диабеті;

- остеопороз, артрит;

- өт және несеп жолдарында тас түзілуі;

- жүктілік және босану кезіндегі асқынулары;

- бала өрбіту қызметінің бұзылуы;

- тыныс алу мүшелерінің созылмалы ауруларының даму мүмкіндігі жоғары болады.

Сонымен қатар артық салмақ өмір сүру ұзақтығын шамамен 7 жылға қысқартатыны дәлелденген. Егер ертеде арықтық өлім-жітімнің басты себебі ретінде айтылса, қазіргі кезде артық салмақ ажалға апаратын басты себептердің бірі болып отырғаны белгілі. Балалар мен жасөспірімдер арасында семіздікке шалдығу Еуропа елдеріне қарағанда бізде бүгінгінде 10 есеге өскен. Қазіргі уақытта 5 жасқа дейінгі балалардың 11,4 пайызы артық дене салмағына немесе семіздікке шалдыққан. Ол дегеніміз, егер бала кезден семіздік басталса, ол ересек уақытында да жалғаса береді, яғни өмір бойы артық салмаққа ұшырайды. Семіздіктің жүрек ауруына себеп болатынын ескерсек, бұл оның алдын алуды қажет етеді. Ал, жүрек ауруынан өлім бойынша Қазақстан әлемде алдыңғы қатарларды иемденеді. Елімізде 50-60 жас аралығындағы адамдардың екінің бірі осы жүрек ауруынан дүниеден өтуде. Ресми мәліметтер бойынша, артық салмақ пен семіздіктің кесірінен жылына 2,8 миллион адам қайтыс болады екен.

– Тұрғындар арасында семіздіктің кең таралуы өте ауқымды, шешуі қиын мәселеге айналып бара жатқанына қатты алаңдап отырмыз. Әсіресе, балалардың арасында артық салмақ пен семіздіктің таралуы өте қауіпті. Осыдан бес жыл бұрын АҚШ сенаторлары Парламенттің алдына «семіздік тек халық денсаулығына кері әсерін тигізіп қоймай, ұлтттық қауіпсіздікке қатер төндіріп тұр» деген мәселені қойды. Неге? Өйткені сол кезде АҚШ халқының 62 пайызы семіздікке шалдыққан еді. Содан бері олар семіздікпен күресіп келеді. Ал бізде енді ғана қолға алынып, былтыр кешенді зерттеу жүргіздік. Халық арасында артық салмақ иелерінің артуы – дұрыс тамақтанбаудан. Семіздік деген ұлт пен ұлысқа, жасқа қарамайтын, шекараны білмейтін дертке, яғни пандемияға айналды. Балалардың мектеп қабырғасында жүріп фаст-фудты жеп, тәтті сусындарды ішуі өсіп келе жатқан ағзаға кері әсер етіп, оның семіздікке шалдығуына әкеп соғуда. Бұл күндері АҚШ сенаторлары семіздік мәселесін неге жоғары деңгейде көтеріп, ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді деп отыр? Өйткені, ғалымдардың зерттеулеріне сүйенсек, семіздік түрлі арурлар тудыруымен қатар, адамның ақыл-ой мүмкіндігіне кері әсерін тигізіп, балалардың интеллектуалдық тұрғыда қатарластарынан қалуына себеп болады. Сенаторлардың мектеп жасындағылар арасында семіздіктің кең таралуына алаңдап отырған себебі – осы. Қазақстан балаларының 11 пайызы толықтық, яғни семіздік дертіне шалдығуы өте үлкен сан. Оның көрсеткіші жылдан-жылға артып отырмаса, кеміп отырған жоқ екенін баса атап кеткеніміз жөн, – дейді Қазақ тағамтану академиясының президенті, академик Төрегелді Шарманов.

Артық дене салмағы мен семіздік мүшелер мен тіндерге түсетін жүктемені арттырады, қызметтік жүйелер жұмысын қиындатып, көптеген аурулар даму мүмкіндігін арттырады. Олардың ішінде алмасу және жүрек-қантамыр аурулары, бауыр мен өт қабы аурулары, буын дерттері, жуан ішек қатерлі ісіктері, аналық без және сүт безінің қатерлі ісіктері бар. Әдетте, семіздік тері, шаш және тырнақ жағдайына әсер етеді. Артық дене салмағы организмнің тез қартаюына себепші болады.

Артық салмақты өз бетіңізбен толық емдей алмайсыз, алдын ала дәрігермен кеңескен дұрыс. Егер семіздік басқа бір аурудың салдары болатын болса, мұндай жағдайда сол себепші ауруды бірінші емдеу керек. Семіздікті дәрі-дәрмексіз емдеу үшін калориясы төмен азыққа негізделген тағаммен тамақтанып, жүйелі дене жаттығуларын күнделікті орындау қажет.

Барлық диеталар келесі талаптарға сай болу қажет – калорияның айқын тапшылығын қалыптастыра отырып, денсаулыққа зиянын тигізбеу үшін тиімді және үйлестірілген тағам пайдалану. Бірде-бір дәрігер өте аз уақыт ішінде салмақ тастауға көмектесетін диетаны құптамайды. Семіздіктен біртіндеп арылу қажет.

Семіздіктің ең бірінші себебі мешкейлік. Көпшілігіміз дұрыс тамақтануды әдетке айналдырмағанбыз. Асығыс тамақтанып өз асқазанымызды өзіміз бұзып алып жатамыз.

Базбір мәліметтер бойынша, жастардың семіздікке ұшырауына, денсаулықтарының бұзылуына көбіне фаст-фуд тұтынып, тәтті газдалған сусындар мен энергетикалық сусындар ішуі себеп болады. Тәтті сусындардың да залалы шаш етектен екені жайлы белгілі. Өзіміз күнде ішіп жүрген пепсидің құрамында қанттың мөлшері 4 есе көп. Ішкен сайын шөлің қанбай керісінше ішкің келе беретін бұл сусындар адамдарды тез семіртетін көрінеді. Ал, бала біткеннің барлығы чипсы жеуге құмар. Оның құрамында крахмал бар. Көп тұтыну адам ағзасына кері әсерін тигізеді.

Семіздікке бастар тағы бір себеп – адамдардың аз қимылдауы. Техниканың түр-түрі үйде де, жұмыста да жайнап тұр. Қазіргі таңда үй жинап, шынығып, кір жуып белі майысқан адам кемде-кем. Барлық жұмысты техника атқарады. Өмір сүру жеңілдеген сайын, адамдардың бойын жалқаулық басып, артық жұмысқа ынтасы болмайтыны белгілі жайт. Қазір көшеде жаяу жүрген адамды да сирек кездестіретін болдық.

Бұл күнде әйел адамдардың да жұмысы жеңілдеп тұр. Кірді кір машина өзі жуып, өзі сығып, дайын күйінде шығарады. Тамақ пісіру де жеілдей түсті, полуфабрикат күйінде дап-дайын тұр. Ыдыс-аяқты жуатын да арнайы құрылғы бар. Шаңсорғыш та ол кісілердің жұмысын жеңілдеткендей. Осындай құрылғылардың арқасында қазіргі әйел адамдар көп қозғалмайды. Күнделікті жүгіруді айтпай-ақ та қояйық. Көп қозғалмағандықтан денелерін май басып, семіріп кеткендіктерін өздері де байқамай қалады. Содан кейін келіп алып диеата ұстайды. Оны аяғына дейін ұстаса жақсы. Мықтаса бір ай ұстайды. Содан кейін кері асқа бас қояды. Зат алмасу процесі бұзылған ағза семіргеннің үстіне семіріп алады.

«Семіздіктің алдын алу жолдары бар ма?» деген сұрақ туатыны орынды. Ол үшін салауатты өмір салтын ұстап, спортпен шұғылданып, көкөніс пен жемістерді көбірек жеген абзал. Артық салмақ қосқаныңызды байқаған сәттен бастап, спорт және қауіпсіз диетаның көмегімен арықтауға тырысу керек.

Салмақ тастаудың көңіліңізден шығатын жолдарын қолдансаңыз, бұл процесс оңай бола алады. Диета ұстау, би, жүгіру, жүзу... Осылардың арасында өзіңізге ұнайтын спорт не ойын түрін таңдап, өзіңізді қинамай-ақ арықтай аласыз.

Коньки не роликтер

Саныңыз ылғи қозғалыста болып, жылдамдығыңызға байланысты калориялар жойылады. Сан, аяқ, кеуде бұлшық еттері жаттығады. Коньки не ролик тепкенде қозғалыс жылдамығы мен қадамыңызды өзгертіп жүріңіз. Басында қатты, кейін орташа, одан кейін баяуырақ. Қадамыңыздың ұзындығын өзгертіп, бірде көп аттап, бірде кішірейтіңіз. Коньки не роликтегі жаттығулар сағатына 500-800 ккал кетіре алады.

Жүгіру

Жүгіргенде адамның аяқ, сан, іш, арқа, иық бұлшық еттері жаттығады. Бұлшық еттер жұмысымен қатар, жүрек жаттығып, өкпе тазаланады, ал артық салмақ кете бастайды. Жүгіргенде алға қарай еңкеймеңіз, арқаңызды тік ұстаңыз. Қолдарыңызды қозғалтып жүгірген дұрыс. Бұнда да қадам ұзындығы мен жылдамдықты өзгертіп отырсаңыз, жаттығуыңыз нәтижелірек болады. Түзу жерде жүгірген оңай болса, тасты, түзу емес жердегі жаттығудан көбірек салмақ жоғалтуға болады. Жүгірудің тиімділігі 1 сағатта – 750 ккал.

Секіртпеден секіру

Секіртпеден секіргенде мынандай ерекшеліктерді білгеніңіз жөн. Секіру шапшаңдығын өзгерткен әлдеқайда тиімді. Екі аяқта, кейін оң, сол аяқта секіруге, секіріп жүгіруге болады. Тиімділігі сағатына – 680 ккал.

Шеңбер айналдыру

Бұл тәсілдегі ең маңыздысы – дұрыс өлшемді шеңбер таңдау. Алдыңызға қойғанда, шеңбер кеудеңізге дейін жетіп тұруы керек. Калориялардың кетуі үшін шеңберді айналдырсаңыз болғаны. Тиімдірек болсын десеңіз, айналдыру шапшандығын өзгертіп отырыңыз. Сондай-ақ шеңбер көмегімен басқа да жаттығулар орындаса болады. Шеңберді таңдағанда жеңіліне назар аударыңыз: жеңіл шеңберді ауырына қарағанда, айналдыру қиын. Тиімділік сағатына – 400-600 ккал.

Теннис не бадминтон ойыны

Бұл ойындар жүгіру, еңкею, созылу сияқты қимылдарды талап етеді. Алайда жұбыңыз болмаса, теннис добын дуалға соғып ойнаса да болады. Дуалдан бірнеше метр қашықтыққа тұрып, арықтай бастаңыз, сағатына 550 ккал жояды.

Би

«Арықтататын» би түрлері тез, ырғақты билер. Латина, хип-хоп, шығыс билері сізді арықтатып қана қоймай, көңіліңізді көтерері анық. Нәтижелілігі сағатына – 440 ккал.

Тез жүру

Жүгіргенде ентігіп қалып, шыдай алмайтын қыздарға таптырмас шешім – тез жүру. Түзу жолдан гөрі, таулы-тасты жол таңдаңыз. Қадамыңыздың ұзындығын барынша азайтып жүрген дұрыс. Денеңізді түзу ұстап, қолдарыңызбен көмектесіңіз. Нәтижесі сағатына – 300-450 ккал.

Егер ол шаралардың әсері болмаса, дәрігерге қаралғаныңыз орынды. «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» деп қазақ бекер айтпаған. Сондықтан, әркім өз денсаулығына сергектікпен қарап, аурмаудың жолын тапқан жөн.

Толқын АЙМАХАНОВА,

«Болашақ» медициналық колледждің оқытушысы.

Тараз.

Мектеп жасындағы балалар қалай тамақтануы керек?
Қыста терімізді қалай қорғаймыз?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу