Күш-қуаты қалмаған адамдарға өмірін өзгертуге арналған 12 кеңес

Oinet.kz 12-12-2015 1768

Күйзеліс, қобалжу, эмоционалды тоқырау – атауы әртүрлі болғанымен, мәні бір. Тығырыққа тіреліп, шығар жол таба алмай қалған жағдай бәріміздің басымыздан өтті. Бүгін өміріңізді түбегейлі өзгертіп жібермесе де, оны жайлы етуге көмектесетін бірнеше кеңестердің тізімімен бөлісеміз.  Мұндай жағдай сізге таныс шығар: таңғы сағат 10, үшінші шыны-аяқ кофеңізді ішіп отырсыз, басыңыздағы ойдың бәрінің астаң-кестеңі шыққан. Әбден қажып кеттіңіз – денеңіз де, санаңыз да, сезіміңіз де әбден шаршаған. Бұрын қуанышқа бөлеген нәрселерге қазір бей-жай қарайсыз. Мотвация ма? Жоқ. Ашушаңдық па? Иә. Денсаулық пен жақсы көңіл-күй туралы ойлар ше? Атай көрмеңіз.  Әдетте көпшілік биік шыңдарды бағындыру мен әл-дәрмені қалмай әлсіреу қатар жүреді деп есептейді. Мүлдем олай емес. Эмоционалды тоқырау табыстың белгісі емес, бұл ағзаңыздың демалу керек деп дабыл соғуы.  Екі шыны-аяқ кофе болсын немесе көзіңіздің астына жағылған консилер болсын, өзімізді арнаға түсірудің әдеттегі амалдарына көп уақыт кетпейді. Бірақ олардың қаншалықты пайдасы бар? Әрине, өмірді түбегейлі өзгерту үшін бұдан да көбірек уақыт керек. Бірақ түптің түбінде ол талпынысыңыз бекерге кетпесі анық. Бұл сіздің денсаулығыңызға және жақсы көңіл-күйіңізге салынған салым. Сондықтан оларға салмақты қарағаныңыз дұрыс. 

image.png

1. Ұйқыңызды қандырыңыз  Біздің денеміз – механизм. Бұл қамқорлық пен демалысты қажет ететін өте күрделі керемет жүйе. Жұмыстан кеткен кезде, сіз күн сайын компьютеріңізді өшіріп кетесіз. Сіздің денеңіз бен санаңызға да осындай нәрсе керек. Зерттеулер көрсеткендей, жақсы ұйқы миды күні бойы жиналған уытты заттардан арылтуға көмектеседі. Міне, сол үшін де жеті-сегіз сағаттық толыққанды тынығу біздің психикалық саулығымыз бен денсаулығымыз үшін аса маңызды. Сіздің мақсатыңыз – ұйқының күнделікті ұзақтығын біртіндеп осы деңгейге жеткізу. Күн сайын жарты сағат артық тынығу соншалықты қиын емес қой. Солай ма?  2. Нені және қалай жейтініңіз туралы ойланыңыз  Тамақтануыңызға байыпты қарау үшін тәжірибе керек. Бұл әсіресе жүгіріп жүріп тамақтанып, арасында хаттарға жауап жазып, телефон қоңырауларына жауап беріп үйреніп қалған адамдарға қатысты. Байыпты тамақтану тәжірибесі өзіңіздің не жеп отырғаныңызды және одан ағзаңызға қандай пайда болатынын түсінуге көмектеседі. Сол кезде сіз тамақтануды жай ғана қарын тойдыру деп қарамайтын боласыз. Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, тамақтануға осындай қадам жасау көңіл күйді айтарлықтай көтеріп, күйзеліс деңгейін төмендетіп, пайдалы тамақтану дағдысын қалыптастырып, тіпті артық салмақтан арылуға көмектеседі екен. 

3. Кофеинге деген көзқарасыңызды өзгертіңіз  Кофеин — сіздің онсыз да жұқарып тұрған жүйкеңізді тітіркендіретін ынталандырушы. Мазаңыз болмай, торығып отырсаңыз немесе ашуыңыз арнасынан шығайын деп отырса, әр шыны-аяқ кофе сізді уақытша ғана сергітеді. Оның орнына сергудің жеңілдеу жолын қарастырып, қуаттаныңыз. Дене қимылдарын немесе медитация жасаңыз. Егер таңертең кофе ішпей, көңіліңіз көншімесе, онда бұл сусынға деген пікіріңізді басқаша өзгертіңіз. Оны барынша саналы түрде жасаңыз. Сүйікті шыны-аяққа құйылған кофеге қол созып, иісін рахаттана иіскеп, кофенің дәміне тамсаныңыз. Біраз уақыттан кейін бұл нәрсе кофенің өзінен де маңыздырақ болып кетуі мүмкін.  

4. Тоқтамастан қозғала беріңіз  Қозғалыс – көңіл-күйді көтерудің және күйзелісті төмендетудің ең күшті емі ғана емес, оның еске сақтауды және жалпы ойлау дағдыларын жақсартудың тиімді әдісі екені дәлелденген.  Еңсеңізді басып тұрған күйзеліспен дене белсенділігі арқылы күресуге болады: йогаға, жүгіруге немесе велосипед тебуге кеткен әрбір минут күйзеліспен күрестегі кішкентай қадамдарыңыз.  Қарапайым таңғы жаттығудың өзі күні бойы сергек жүріп, маңызды мәселелерге көңіл бөлуге көмектеседі. Табысты адамдардың көбі таңғы уақытта жаттыққанды жөн көретінін айтудың өзі артық. Күніне ең болмаса 10 минуттан бастап ақырындап жаттығып, оның ұзақтығын біртіндеп жарты сағатқа дейін арттырыңыз.  

5. Ең жақсы демалыс - тыныштық Иә, иә. Өмірді өзгерту туралы бір де бір мақала медитациядан айналып өтпейді. Оның шынымен де пайдасы болса, айтпай кетуге болмайды ғой. Күйзеліске қатысты сырқаттардан емделу үшін дәрігер қабылдауының 80%-ына қаншама уақыт пен ақшаңыз кететінін есептеп көрдіңіз бе? Ең кереметі, осы шығындардың барлығын дұрыс медитация арқылы қысқарта алады екенбіз. Бұл тәжірибе күйзеліспен күресуге көмектесіп, иммунитетті нығайтып, ұйқыны тыныштандырып, өзіңізді бақытты сезінуге көмектеседі. Күніне бес минут медитация жасасаңыз, күні көңіл-күйіңіз жақсы болады. Оның тағы бір артықшылығы, үнемі медитация жасайтын адамдар өмірдің қара жолақтары келген кезде бәрін ақылға салып ойланып, сабыр сақтай алады.  

6. Теріңізге күтім жасаңыз  Оның еш құпиясы жоқ: теріңіз нәрлі болса – өміріңіз сәнді болады. Әрине, бұл әдетке дағдылану үшін де уақыт керек. Мұнда әйгілі үш апта – тұрақтылық, жүйелілік және түсіну деген ереже де маңызды емес. Өйткені күнтізбе күндерін сызып отырғаннан да, мұны не үшін істейтініңізді түсіну маңыздырақ. Қалыңдап жаққан консилер шаршағаныңызды әп-сәтте жасырғандай болады. Бірақ шын мәнінде теріңіз іштей, ақырындап өзгере береді. Сондықтан косметика болсын, тамақ болсын бет теріңізді жақсартып қана қоймай, ағзаңызға пайда әкелетінін таңдаңыз. Қажетті рәсімдерді ертелі-кеш қайталап отырыңыз. Біраз уақыттан кейін бет теріңіздің жарқырап, көңіл күйіңіздің көтерілгенен байқайсыз. Тым қарабайыр сияқты көрінер, бірақ адамзат бұдан артық ешнәрсені әлі ойлап таппады.

  7. Нәпсіңізді емес, жаныңызды байытыңыз  Мұның да еш қиындығы жоқ: өзіңізге қуаныш сыйлайтын нәрселерді істеңіз. Тұрақты жұмыс істеу пайдалы шығар. Бірақ түптің түбінде бұл ағзаңызды бар күш-қуатынан айырып, қажытып жібереді. Жүйелі демалыс пен бой сергітуге қарағанда, бұдан келер пайда аз. Өзіңіз көптен бері қалап жүрген туфлиіңізді сатып алыңыз, түскі үзіліс кезінде балмұздақ алып жеңіз және демалыс күндері күні бойы ескі фильмдерді тамашалаңыз. Осы әрекеттердің барлығының, жарайды көпшілігінің делік, бір ғана өзіңізге қуаныш сыйлау деген себебі болу керек. Сіз мұны жұмыс тізіміндегі келесі іс болғандықтан істемейсіз. Тек өзіңізді қуанту үшін істейсіз. Бар болғаны осы.  8. Түйсігіңізге сенім артыңыз  «Жүрегім сезіп тұр» деген сөз жай ғана метафора емес. Маңызды шешім қабылдар алдында ішкі сезіміңізді тыңдаңыз: әдетте біздің денеміз өзіміз түсінбей тұрып, бізге не керек екенін айтады. Шаршасаңыз, үзіліске шығыңыз. Жаныңыз өзгерісті қаласа, басқа жаққа барып-келіңіз. Егер бірнәрсе дұрыс болмаса, ең әуелі себебін өзіңізден іздеңіз. Егер сіз түйсіктің адамы болмасаңыз, онда ішкі даусыңызға құлақ түруді үйренгенше біраз уақыт керек. Тек барлық жұмыстарды ысыра тұрып, аздап тынығып алыңыз да, өзіңіздің қандай сезімде екеніңізге шынайы жауап беріңіз. Сол кезде өзіңізге шын мәнінде не керектігін жақсы білетініңіз анық болады. Тек бір сәт тоқтап, өзіңізді тыңдауыңыз керек.  9. Қатып қалған қағидаларды бұзыңыз  Аптасына ең аз дегенде бір рет өзіңізге мүлдем бейтаныс бірнәрсені байқап көруге тырысыңыз. Ал егер құлшынысыңыз артып тұрса, күніне бір рет. Бәрін бірден өзгерте салу міндетті емес – мысалы, жай ғана жұмысқа басқа жолмен барыңыз. Мұндай ұсақ-түйек сияқты көрінетін нәрсенің өзі ерекше тәжірибе. Ол ойлаудың жаңа әдістеріне, қабылдауға санаңызды ашуға көмектеседі. Ал бұл өз кезеніде сізді аз да болса бақытқа бөлейді.  10. Өзіңізге жайлы орта қалыптастырыңыз  Барлық дұрыс қарым-қатынастарды құрудың бірінші кезеңі – өз өміріңізге кімді және нені енгізетініңізге жауапты қадам жасау. Иә, өміріңізді құртып жүрген нәрселерді көңіл қуантатын әрі жайлы жағдайға айналдырудың болашағы сізді аздап қорқытуы мүмкін. Бұл әсіресе, достық, отбасы, тамақ, жұмыс немесе өзіңізге қатысты болса. Бірақ соған қарамастан, бұл өте маңызды.  Барлық байланыстарыңызды сараптап, олардың өз өміріңізге және жақсы көңіл-күйіңізге қандай үлес қосып жүргеніне көңіл аударыңыз. Ортасын таңдауға жауапкершілікпен қарайтын адамдар, шешім қабылдауда өзіне сенімді болады.  11. Жаңа нәрселерді үйреніңіз  Жаңа білім алу үрдісі сізді қуанышқа бөлейді. Бұл – ақиқат. Ол сіздің өмір жасыңызды ұзартып, оны қызықты әрі мазмұнды етеді. Сондай-ақ, сізді артық қате түсініктерден артылтады. Аздан бастағыңыз келе ме? Онда, мысалы, тоқыманы үйреніңіз. Желіде оны үйрететін роликтер өте көп. Мұндай істі тіпті, төсектен тұрмай-ақ үйренуге болады. Ал егер үлкен мақсаттарға ұмтылсаңыз – веб-дизайн жасаудың үш айлық курсына барыңыз. Немен айналыссаңыз да, миыңыз сізге алғыстан басқа ешнәрсе айтпайды.  12. Күнделік жазуды қолға алыңыз  Бой сергіту, шығармашылық қабілетті дамыту, өзіңізге деген сенімділікті арттыру және мақсаттарға жету үшін шабыттану – қарапайым істер болғанымен, пайдасы өте зор. Егер сізге ауыр тиетін болса, күнделікті бірнәрсе жазып отыру міндетін бірден алмаңыз. Мұнымен қанша уақыт айналысқаныңыз емес, мәтін құрау үрдісінің өзі маңызды. Сондықтан, бұл істі әуелі аптасына бірнеше рет қана қолға алсаңыз жеткілікті. Таймер белгілеңіз, өзіңізге жеңіл тақырып таңдаңыз. Мысалы, «Мен бұл күннен не күтемін?». Содан кейін ойыңызда не бар, соны жазыңыз. Көп ұзамай келесі жазба жазуды тағатсыздана күтеріңізге сенімдіміз. 

Дереккөз: bilim-all.kz

Арқаға безеу шығуының себептері
Тойға дайындық: қонақтар тізімі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу