Сабын өндірісін дамытып отыр

Oinet.kz 17-11-2024 164

image.png

Сайрамдық кәсіпкерлер облыстағы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ қолдауымен жаңа өндіріс орындарын ашып, халық тұтынатын тауарлар шығаруға мықтап ден қоя бастады. Сол сияқты қолда бар кәсіпорындарын кеңейтіп, өндірісті өркендете отырып, жергілікті тұрғындарды жаңа жұмыс орындарымен қамтуда. 

    «Даму» қорының кепілдігінің арқасында Сайрам ауданында айына 23 тонна дайын өнім немесе 92 мың дана кір сабын шығаратын цех жұмыс істейді. Өмірбай Тәшімбетов Сайрам ауданының тұрғыны, 1953 жылы туған, еңбек өтілі 30 жылдан асады, соның 10 жылдан аса мерзімін жеке компанияларда басқару қызметін атқарған. Ал, 2014 жылдың басында жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп өз бизнесін ашуға бел буады. Кейіннен  кір сабын өндірісімен айналысатын болып шешім қабылдайды.

«Халықтық тұтыну тауарларына әрқашан сұраныс бар, оның үстіне, біздің облыс халқы ең көп және ең тығыз орналасқан өлке, сонымен бірге Өзбекстанмен шекараласып жатыр. Әртүрлі тауар түрлерінің нарығын және оларға деген сұранысты зерттей келе, мен кір сабын өндірісін қолға алдым», – дейді Өмірбай Тәшімбетов өз іс-тәжірибесімен бөлісіп. Цех үшін ғимаратты жалға алу және шикізат сатып алу мәселесін тездетіп шешу аса қиындыққа соқпаған көрінеді. Тұтынушылар үшін өнім сапалы және бағасы тартымды болуы шарт. Ал, ондай сапалы дайын өнім шығару үшін өндірісті сапалы атқаратын, көрсетілген бағдарламаны мүлтіксіз толық қамтитын ақылды құрылғы қажет. Бұл дегеніміз: майды ерітуден бастап, оны айдап қотару, табиғи өсімдік майларын қосып қайнату, кептіру және соңында өңдеу, кесу және қаптау сияқты күрделі сатылардан тұрады. Мұндай талаптарға жауап беретін жинақы, қуатты және бағасы да қолжетімді құрылғы Өзбекстандағы өндірушілерден табылғанмен, оны сатып алу үшін қаражат жетіспепті. Міне, осы кезде өз жеке ісін бастаушы кәсіпкер ойластырған коммерциялық идеясын алып «Даму» қорының аймақтық филиалына жүгінеді. Бұл жерде кәсіпкердің идеясы бірден қолдау тапты. Өйткені кір сабын қарапайым зат болып көрінгенімен оның тұрмыста кеңінен қолданылатыны алдымен есепке алынған-ды. «Даму» қоры кепілдігін және пайыздық мөлшерлемені субсидиялауды ұсынды. Яғни, несие алуға қажет пайыздық мөлшерлеменің 7 пайыз қор, ал қалған 7 пайыз кәсіпкердің өзі төлейтін болды. Сонымен қатар «Даму» қоры «Бизнестің жол картасы – 2020» бірыңғай бағдарламасының аясында 6,2 млн. теңгеге немесе кәсіпкердің банктен алған несие соммасының 70 пайызы кепілдік берді. Бұл кәсіпкер үшін үлкен жеңілдік, қолдау болды, алдағы ісіне нық сенім, серпіліс берді. 

Бизнес бастау туралы ойларымызбен бөліскенде айналамыздағылар бізге сенімсіздікпен қарайтын. Менің ойымша, ол қалыпты нәрсе. Жағымсыз пікірлерге құлақ аспай, ойға алған істі бастауды барынша қолға алу керек. Меніңше, бұл сәбидің дүниеге келу процесі сияқты уақытты қажет етеді. Идея туындады, оны толық іске асырып, бір жүйеге келтірдік. Бизнес бірден жүріп кетпейді. Қазір бизнесіміз еңбектеу сатысында. 

Кір сабын шығару және оны сату жыл мезгіліне қарамайды. Бұл әр үйде күнделікті қолданатын, тұрмыс-тіршілікке қажетті дүние болып табылады.

 Кір сабынның құрамы өте оңай. Шикізаттың барлығы қолжетімді. Әр қалада таба алатын заттардан тұрады. Негізгі шикізат: өсімдік майының қалдығы, мал майы, пальма майы. Сондай-ақ, химиялық қоспалар қолданылады. Ал жасалу жолына келетін болсақ, тоңмай мен арнайы химикатты аралыстырып, бір күн күтеміз. Қазандағы майға қоспаларды қосып әбден илеген соң, сабынды нығыздап, пішініне келтіретін құрылғыға ауыстырамыз. Осылайша, кәдімгі кір сабын пайда болады. Аса жарнаманы талап етпейді. Халықтың көзі үйреніп кеткен тауар. Жыл мезгіліне қарамайды. Сұраныс өте жақсы

Кәсіпкердің  айтуынша, кір сабын тек кір жуу үшін ғана емес, тұрмыс-тіршілікте де өзіндік пайдасы зор.  

«Кір сабынның пайдасы өте көп. Біріншіден, кір сабын табиғи және экологиялық таза өнім. Кір сабын өсімдік майлары мен қолдану кезінде оның тұтынушылық қасиеттерін жақсартатын жоғары сапалы арнайы қоспалардан дайындалады. Екіншіден, кір сабын тіпті қатты сіңген кірді де кетіре алады. Суық суда да, ыстық суда да жууға болады. Жүннен тоқылған бұйымдарды кір сабынмен жуу пайдалы екені анықталған, олар үлпілдек әрі жұмсақ бола түседі. Үшіншіден, адам үшін толық зиянсыз, себебі тек қана табиғи құрамдас бөліктерден тұрады. Ол аллергия тудырмайды. Сонымен қатар, тіпті жас балалардың киімдерін жууға болады және теріні тітіркендірмейді. Кез келген кәсіп – береке бастауы. Сондықтан кез келген адам кәсіпкер бола алады. Ең бастысы, бастаған ісіңе адал болуы керек. Талмай еңбек ету қажет. Талпынған адамға еңбек етуге мүмкіндік көп. Сонымен қатар, кір сабын кәсібін де кез келген адам жүргізіп кете алады деп сенімді айта аламын.

Айта кетейік, арнайы бағдарламаларды жүзеге асыру арқылы мемлекет отандық өндірістің дамуын ынталандырады. Ол мемлекеттік бағдарламалардың операторы – «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ субсидия, кепілдік, сондай-ақ серіктес қаржы ұйымдары арқылы жеңілдікпен несиелеу құралдары арқылы қолдау көрсетеді.

Қор кәсіпкерлерге республикалық бюджеттен қаражаты есебінен қолдау көрсетеді. Қор қызметін бастаған күннен бастап бүгінге дейін бағдарлама таңдаудан бастап, жоба жүзеге асқанға дейінгі сүйемел көмек ТЕГІН. Қор менеджерлері қолдау сұрап келген әр кәсіпкерге әрекет ету жоспарын қадам-қадаммен түсіндіреді.

Мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру басталғалы бері «Даму» Қоры бүкіл Қазақстан бойынша жалпы несие сомасы 11,4 трлн теңге болатын 197 мыңға жуық бизнес-жобаға қолдау көрсетті. Жобалар әртүрлі салаларды қамтиды. Бұл – мемлекеттің экономиканың барлық бағыттары мен қызмет түрлеріне көңіл бөлетінін көрсетеді. Әсіресе отандық өнім шығарушылар, IT-технология, аграрлық және ауыл шаруашылығы, медицина, білім беру саласына басымдық беріледі.

Қор өндірілетін өнімі мен қызметін сапалы деңгейге көтеруге қабілетті кәсіпкерлерге қолдау көрсетеді. Бұл – болашақта ол тауарлардың импортты алмастырып, бәсекеге түсе алуына оң әсер етеді, тіпті экспортқа шығуына мүмкіндік береді. Анықтама: мемлекеттік қолдауға өтінімді «Даму» Қоры онлайн ресурстар арқылы қабылдайды және ол қызмет тегін, қандай да бір сыйақыны талап етпейді.

Сайрамдық бананның екінші терімі басталды
Алғашқы кәсіпорындардың бірегейі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу