Сайрамдық бананның екінші терімі басталды
Еліміздің басым бөлігінде күн суытып, қар жауып жатса, Түркістан облысында жаппай банан пісіп жатыр. Сайрам ауданындағы жылыжайда өсіріліп жатқан экзотикалық жемістің екінші өнімі жинап алынды. Қазір жұрт сүйсініп жейтін жемістер негізінен ішкі нарыққа шығып, Алматының сауда орталықтарына жөнелтіліп жатыр.
Жайнаған жасыл джунгли. Ағаш басында піскен банандар. Құдды бір экзотикалық орман дерсің. Бұл жылыжайдың бүгінгі көрінісі. «Бірінші өнімді біз мамыр айында жинап алдық. Жалпы 385 тонна алған болатынбыз. Бір банан ағаш шамамен 35-50 килограмның аралығында жеміс береді. »,- дейді жылыжай шаруашылығының басқарушы директоры Ислам Алиев.
Түркиялық технология негізінде іске қосылған жылыжайға түркиядан әкелінген 7400 түп банан көшеттері былтыр отырғызылған. Бас аяғы 10-15 жылға дейін өнім беретін экзотикалық жемістердің алғашқысы мамыр айында жиналса қазір екінші өнім пісіп дайын тұр. Осылайша жергілікті компания жұрттың бауы өскен жерге банан шықпайды деген сөздерін жоққа шығарып, мол өнім алуда.
Оңтүстікке банан егу идеясы қалай, қайдан пайда болды. Бұл туралы Ислам Алиев былай дейді: "2021 жылы компианиямыздың құрылтайшысы Тимур Утекешов Түркияның Анталья қаласына барып, банан өсірумен айналысатын жылыжайлардың жұмысымен танысып қайтқан болатын. Түрік технологиясы бойынша өсірілген бананның дәмі оған ұнап қалады. Сөйтіп бауырлас елдің агроном, кәсіпкерлерімен сөйлесіп, ақылдасып, Қазақстанда банан өсіруді қолға алуды шешеді. Жылыжай салу үшін Сарыағаш, Төлеби секілді біраз аудандарды қарайластырады. Алайда орналасқан жері ұнағандықтан Сайрам ауданындағы Таскешу ауылын таңдайды. Жерді таңдаған соң алдымен жер қыртысына зерттеу жүргіздік. Құнарландыру үшін жерге 400 көлік көң септік. Сөйтіп топырақты Түркиядағы мамандарға қайта жібердік. Олар оң қорытындысын берді. Сөйтіп көшеттерді егуді бастап кеттік. Өткен жылы жылыжайдың құрылысын және көшеттерді егіп біттік. Жалпы жобаға 4 миллион АҚШ доллары жұмсалды. Мемлекеттік субсидиялық жеңілдіктерге құжат тапсырып қойдық. Жылыту жүйесіне, тыңайтқыштарға деген сияқты. Егер бұл жүзеге асса өнімнің өзіндік құнының арзандауына септігін тигізер еді",- дейді ол.
Оңтүстіктің джунлиі атанып кеткен жылыжай толық автоматтандырылған. Қосымша жиын-терім маусымында қосымша 40 адам жұмылдырылады екен. «Банан Қазақстанда негізінен Эквадор елінен 100 тоннадай импортталады.Біз 20-30 пайыз еліміздің нарығын жабу үшін тағы да 5 гектардан тұратын 20-30 жылыжай салайын деп жатырмыз. Бұдан бөлек тағы 90 гектар жеріміз бар. Ол жерге манго, авакадо, ананас егейін деп жатырмыз. «Банан шыққан жерде қалған тропикалық жемістерді шығару оңай болады деді түрік агрономдары». Жылыжайға егілген бананның сорты "Анамгус" деп аталады. Түркияның климатына қарай жасалған. Түркиядан келген бір агрономымыз осында тұрақты жұмыс істеуде. Ал бас агроном айына бір рет келіп қадағалап тұрады. Жергілікті мамандарды да жәймен үйретіп жатырмыз,- дейді кәсіпкер Ислам Алиев.
Банан өсіру үшін жылыжайда арнайы микроклимат жасақталған. Мұндағы температура тұрақты түрде +15 градуста сақталады. Ал топырақ құрамы экзотикалық өсімдіктердің талаптарына сай тыңайтылған. Өнім көлемін арттыру үшін тағы тамшылатып суару жүйесі қолданылады. Мұнда 20 шақты ауыл тұрыны тұрақты жұмыс тапқан.
"Піскен банан алдымен бұтағы кесіледі. Кейіннен банандар кесіліп, екі рет жуылады. Сосын құрғатылады. Дайын болған өнімдер қораптарға салынып, тоңазытқышқа салынады. Кейіннен олар дозацияға қойылады. Дозация деген бананды пісіру процесі. Әрмен қарай сатылымға шығады. Жылыжай тұрған аумақ бұрын алма бау болған. 30 гектар еді. Бала күнімізден осы жердің алмасын теріп, жеп өскен адамбыз. Ауылымыз күннен күнге көркейіп жатыр. 60 гектар аумаққа үлкен жылыжай салынады деп жатыр. Бұл ауылымыз үшін үлкен жұмыс орындары болайын деп тұр. Жастар үшін де үлкен мүмкіндік. Өсімдікке құмар адаммын негізі. Осы ауылдың тумасымын. Үйіміздің қасында банан болғаннан кейін мұны да көрейік деп келдік. Жұмысым өзіме ұнайды. Айлығымыз 250 мың теңге. Жаңа жылдан кейін жалақымызды басшылық тағы қосамыз деп жатыр. Банандарымыз шартарапқа кетіп жатыр»,- дейді жұмысшы Қобыланды Шәмшиев.
Сайрам ауданының банандары бүгінде еліміздің оңтүстік өңірлерінде сатылымға шығарылуда. Өнімнің өзіндік құны келісіне 500-600 теңге. Мамандар алдағы уақытта оның көлемін екі есеге арттырып, ел нарығын қамтымақ. "Өнімдерімізді сауда орталықтары мен дүкендерден бөлек сублимированный зауытқа да жіберіп жатырмыз. Олар бананды біздің логотиппен кептіріп шығарады. Түркияда бананнан чипсы жасап, өңдеп, нарыққа шығарады. Алдағы уақытта бұл технологияны да үйренуді жоспарлап отырмыз",- дейді Ислам Алиев.
Жергілікті бағбандар бананнан бөлек лимон, құрма сынды экзотикалық жемістерді де өсіріп жатыр. Жалпы экзотикалық жемістерге тәуелділікті азайтып, өзімізде өсіру бұл ауылшаруашылығының жаңа мүмкіндіктерінің айқын көрінісі. Жобаны "GenGroupKazakhstan" компаниясы жүзеге асырды. Ол заманауи жылыжайларды құрумен айналысады және әртүрлі ауыл және тропикалық дақылдарын өсіреді.
Инвесторлар Түркияның ауыл шаруашылығын дамыту тәжірибесін зерттеді. Бұл ретте климаттық жағдайларға төзімділік мәселелеріне ерекше назар аударылды. Ауа райы жағдайлары мен топырақтың сипаттамаларын мұқият талдағаннан кейін Түркістан облысының Сайрам ауданында банан өсіру туралы шешім қабылданды. 5 гектар алқаптағы алғашқы жылыжай 2023 жылдың маусымында пайдалануға берілді. 2024 жылдың мамыр айының соңында алғашқы өнімдер жиналды.
"Көшеттердің арасын 2 метрден ектік. Келесі салынатын 5 гектар жылыжайда көшеттердің арасын 1,5 метрден егетін боламыз. Жалпы саны 11 мың көшет егеміз. Ол кезде жылына 1200-1300 тонна өнім алатын боламыз",- дейді жылыжай басшысы.
Қазіргі уақытта "GenGroupKazakhstan" компаниясы қызанақ пен құлпынай өсіретін жаңа жылыжай кешенін салуды жоспарлап отыр. Ауданы 6 гектар жаңа жылыжайдың қуаттылығы - 3 мың тонна қызанақ, 130 тонна құлпынай өсіруге қарастырылған. Жобаның жалпы құны 13,4 млрд теңгеге бағаланады, ал жобаларды іске асыру 2025 жылдың соңына дейін аяқталады. Сондай-ақ қазіргі уақытта 10 гектар ашық жерге манго, авокадо және көкжидек өсіру жобасы әзірленуде.
"Жылыжайымыз туралы естіген шаруалар, кәсіпкерлер арасында қызығушылық танытып, бізден сұрап жатқан көбейіп жатыр. Жобамызды сұрады. Біз қолдан келгенше өз тәжірибемізбен бөлісуге қашанда әзірміз. Тіпті бізге Өзбекстан елінен хабарласып сұрап жатыр. Әрине көршілес ел тропикалық жемістерді егеді. Бірақ бананды біз секілді үлкен көлемді ала алмапты. Қазір ташкенттік шаруалар жер таңдап, оны өңдеп, бананды егуге дайындық үстінде. Алдағы жоспарымыз Қазақстан нарығын банан өнімінің 30 пайызын жабу",- дейді басқарушы директор.
Сайрам ауданында барлығы 76 жылыжай кешін бар. Бұған дейін қызанақ, қияр секілді көкөніс еккендер енді қазір экзотикалық жемістерді өсіруге ден қойған.
«Соңғы екі жылдың ішінде ауданда цитрусты жеміс егуге қызығушылық танытып жатақан көбейді. 3,6 гектар жерге апельсин егілді. Одан бөлек тағы да 4,5 гектар жерге лимон жемісі егілді»,- дейді Сайрам аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Асыл Әсетов.
Кеңестік дәуірден кейін елімізге импорттала бастаған жемістің бұл түрі өте құнарлы әрі пайдалы. Көңіл күйдің көтерілуіне көмектесетін бұл жемістің құрамында В6 витамині бар. Банан 10 метр биіктікте, шамамен 40 см диаметрде өседі. Оның бір түбінде ең көп 300 бананға дейін өседі. Олардың ортақ салмағы 500 килограмға дейін барады.
Дүние жүзі бойынша ең көп өндірілетін жеміс-жидектердің ішінде екінші орында тұр. Бірінші орында – апельсин, ал үшінші орында – жүзім. Бананды ең көп өндіретін мемлекеттер – Үндістан, Бразилия.
Қарапайым сары түсті бананнан бөлек қызыл және қаралары да бар. Қызыл бананды көп мөлшерде экспорттайтын ел – Коста-Рика. Бұл банан өте хош иісті және өте тәтті. Жұмсақ, тез езіліп, бұзылып кететін болғандықтан, алыс шет елдерге тасымалданбайды. Сол себепті бананның бұл түрінен көбісі бейхабар. Жидектің ерекше түрінің құрамында көп мөлшерде қант болғандықтан, қант диабетінен зардап шегетіндерге тұтыну қауіпті. Қызыл банан А, С дәрумендеріне бай. Коста-Рикада таңғы асқа арналған бутербродтарға осы бананның тілімдері қосылады. Тіл үйірерлік дәмі бар бұл таңғы астың адам ағзасына пайдасы мол.
Қарапайым бананға қарағанда кептірілген банан 5 есе құнарлы. Бір бананның құрамында шамамен 300 мг калий бар. Адам организмі күніне 3-4 г калийді қажет етеді. Қан қысымы көтерілген кезде бананды тұтыну арқылы бұл жағдайды қалыпқа келтіруге болады. Сонымен қатар, жүрек бұлшықеттерін қатайтады.
Эстониялық Майк Лепик есімді азамат бананды жылдамдықпен жеуге арналған халықаралық жарыста үздік бірінші орынды иеленген. Ол 3 минуттың ішінде 10 бананды тауысып үлгерді. Жеңіске жетуінің басты құпиясы – уақыт үнемдеу үшін бірден қабығы ашылмаған жидекті жеген. Еуропада үлкен танымалдылыққа ие болған дәл осы «бананды жылдамдықпен жеу» жарысы бойынша тіркелген әлемдік рекорд – 1 сағатта 81 банан.
Бананның қабығы денедегі көгерген теріні қалпына келтіреді. Көбіне соққыдан көгеретін беттің айналасына 10-30 минут басып тұрсаңыз жеткілікті. Бананның латын тіліндегі аудармасы – «musa sapientum». Мағынасы – данышпан адамның жидегі.
Айта кетейік, қазір Ресей тарапы банан өсіретін қазақстандық компанияның тәжірибесіне қызуғушылық танытып отыр. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов айтқан болатын.