Сайрам ауданында көшпелі мәжіліс өтті

Oinet.kz 24-11-2024 380

image.png 

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков Сайрам ауданында көшпелі мәжіліс өткізіп, жетекшілік ететін салаларына қатысты өзекті мәселелерді саралады. 

 Облыстық Ветеринария басқармасының басшысы Ғани Құрманбай облыс әкімінің мал қозғалысына бақылау-қадағалауды жүргізу бойынша берген тапсырмасына сәйкес, Қарабұлақ ауыл округі аумағына 6 блок-бекет орнатылғанын, тұрақты жүргізілген рейдтік шаралардың нәтижесінде ауыл шаруашылығы жануарларын ілеспе құжаттарсыз тасымалдаған 100 автокөлік анықталғанын, иелеріне 1 366 040 теңге  айыппұл салынғанын жеткізді. 

Аудан аумағында жұмысшы топ тарапынан жүргізілген зерделеу қорытындысын облыстық Жер қатынастары басқармасының басшысы Ерғали Тілеген баяндады. Жұмысшы топ ауыл шаруашылық жерлерінің мақсатты пайдаланылуын саралау барысында 3422 жер иеленушінің салық берешегі барын анықтап, тиісті шаралар қабылдауды ұсынды. 

 Сайрам ауданы әкімінің орынбасары Шухратулла Убайдуллаев өз кезегінде елді мекен шегінде орналасқан мал бордақылау және сою алаңдарын агро аймаққа көшіру бойынша ұйымдастырылатын жұмыстарды тарқатып баяндады.

 Күн тәртібінде қаралған мәселелерді қорыта келе, аудан әкімі Арман Сәбитов ауыл шаруашылығы жануарларын  бірыңғай дерекқор тізбесіне енгізу, оларды құжаттандыру ісі, статистикалық көрсеткіштер бойынша түгендеу жұмыстары жүйелі жалғасатынын мәлімдеді.

 Нұрбол Тұрашбеков басқарма басшыларына ауданмен байланысты нығайта отырып жұмыс істеу керектігін ескертіп:

-  Нәтижеге жету үшін ең алдымен бірлік керек. “Менікі-сенікі” деп міндет бөліскен ұтпайды. Тірлік - ортақ, мақсат - бір. Бүгінгі айтылған кемшіліктердің бәрімізге қатысы бар деп түсініңіздер. Тапсырмалар нақтыланды, мерзім белгіленді. Ендігі ердің намысы - елдің абыройы екенін ұмытпаңыздар, - деді. 

Мәжіліс қорытындысымен хаттама түзіліп, тапсырмаларға жауаптылар бекітілді.

Сайрам ауданында агросалада ауқымды жобалар жүзеге асуда
Қарамұртта кәсіп өркендеген
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу