Сайрам ауданында агросалада ауқымды жобалар жүзеге асуда

Oinet.kz 23-11-2024 329

image.png

Бүгін облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков Сайрам ауданына барып, бірқатар нысандарды аралады. Аудан әкімі Арман Сәбитов облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес агроаймаққа бөлінген 90 гектар бойынша атқарылатын жұмыс жоспарын ұсынып, жобаларды таныстырды. 

Аралау барысында облыс әкімінің орынбасары «Gen Group Kazakhstan» ЖШС жылыжай кешенін кеңейту бағытында атқарылған тірліктермен де танысты. Банан өсіруді жолға қойған серіктестік қосымша 6 гектарға жылыжай салып, қызанақ және құлпынай өсіруді қолға алмақ.   «Жоба толық іске асқан жағдайда жылына 3 мың тоннадан астам қызанақ, 130 тоннадан астам құлпынай жиналады» дейді ЖШС басшысы Тимур Утешев. 

Фермерлік жылыжай кешені 2023 жылдың маусым айында іске қосылған. 150 адам тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Жобаның құны 1056 миллион  теңгені құрайды. Жылына 3000 тонна өнімді ішкі нарыққа өткізу көзделген. Жалпы 5,0 гектар алқапта банан өсіріледі. Мұндағы құрал-жабдықтар Түркия елінен алынған. Былтыр 5,3 гектар  аумаққа тәжірибе ретінде бананның «Анамуз» сортының 7400 көшеті отырғызылған болатын. Мамандардың сөзіне сүйенсек, банан бұтағы 10-15 жылға дейін өнім беруге қауқарлы.

«Korkem» сауда белгісімен танымал «Наурыз-5» ЖШС кәсіпорнын аралау барысында серіктестік басшысы Джурат Игамбеков жеміс қабылдау, көкөністерді өңдеу, қалбырлау және нарыққа шығару барысында кездесетін өзекті мәселелерді жеткізді. 

 Компания 2023 жылы «Қазақстан Халық Банкінен» жабдықтар сатып алуға жылына 21,75 пайызбен несие алған. «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба» мемлекеттік бағдарламасына қатысудың арқасында оның 16,75 пайызын «Даму» қоры субсидиялайды. Барлық өнімдер МемСТ бойынша сертификатталған. 2002 жылы негізі қаланған өндіріс орны тәулігіне 10 тоннаға дейін консервленген өнімдер (джем, тұздық, тосап, паста т.б) шығаратын әмбебап технологиялық желімен қамтылған. Бұндай заманауи жабдықтар сатып алу мақсатында қомақты инвестиция салынған. Өнім еліміздің барлық облысында сатылады. Консервілер жасауға жоғары сапалы өнімдер, салат, томат тұздықтары, маринадтар мен джемдер үшін жаңа піскен көкөністер мен жидектер қолданылады. Оның барлығы компанияның өз рецептімен дайындалады. Айына орта есеппен 50 тоннадан астам өнім нарыққа шығарылып отыр.

  Ал жалпы алғанда өнімнің 30-ға жуық түрін шығарады. Барлығы дерлік ерекше технологиямен жасалады. Ең бастысы мұнда өнімдерге химиялық қоспа қосылмайды, таза табиғи өнім.  Сондықтан кәсіпорынның тауарлары  тұтынушылар арасында жоғары сұранысқа ие.  

Цехтағы бірегей өнім деп  тәтті бұрыштан жасалған таза табиғи, бұрыш пастасын атауға болады. Бұл өнімнің ерекшелігі С дәруменіне бай. Яғни бұл өнімді балаларға да беруге болады, сәйкесінше  иммунитеттері көтеріледі. Бұл бұрыш пастасы  Қазақстан бойынша осы зауытта ғана  шығарылатынын атап өткен жөн.  

«Болгар бұрышынан паста шығарамыз. Бұл томат емес. Мұндай өнімді осы күнге дейін Қазақстанда ешқандай зауыт шығарған емес. Одан басқа мақтанышпен айта алатын тағы бір екі өнімдеріміз бар.  Оларды да елімізде ешкім шығарған жоқ. Алға қойған жоспарымыз көп. Тағы жаңа өнімдер шығарғымыз келеді. Бірақ оған уақыт керек және мықты кадрлар керек. Әсіресе, технологтар қажет. Біз өзімізде бар технологтарды барынша оқытып, үйретіп жатырмыз. Алайда біздің кәсіпорындағы қондырғыларымыздың мүмкіндігі өте жоғары. Оларды толық иегере алатын мамандарымыз әлі де болса тапшы»,- дейді кәсіпорын басшысы Джурат Игамбеков. 

Кәсіпорын өндіріске қажетті құрал-жабдықтарды Түркия мен Қытай елінен алдырып, жергілікті тұрғындарды жұмысқа алған. Қазір мұнда 30-ға жуық адам еңбек етеді. Ал маусымдық жұмыс кезінде 300-ге тарта жұмысшы жұмылдырылады екен. 

 «Осы зауытта жұмыс істеп жатқаныма 1 жылдан асты. Тағы сағат 9-дан кешкі 6-ға дейін жұмыс істейміз. Жұмысымыз өте жақсы, қиын емес. Менің қызметім бұл жерде өнімдердің сыртын қаптау. Консервілерді  өзіміз де тұтынамыз. Өте сапалы, дәмді, пайдалы. Шетелдік өнімдерден  сапасы аспаса кем емес»,- дейді кәсіпорын қызметкері Мәмура Имамназарова.  Цехта 15 мың тоннаға дейін өнім сақтауға мүмкіндік беретін алып тоңазытқыш та бар. Алайда қазір ол бос тұр.  «Өңірімізде үлкен қожалықтар жоқ. Біз зауытта күніне 100-120 тоннаға дейін қызанақты өңдеуге қауқарымыз жетеді. Болгар бұрышынан дайындалатын пастаға күніне 100 тонна өнім керек. Құлпынайдан джем, тосап дайындауға бір күнде 40 тонанға дейін өнімді өңдеуге шамамыз жетеді. Егер бізге күнделікті осыншама қажетті өнімді жеткізіп тұратын шаруа қожалықтары бар болатын болса біз өнім көлемін арттыруға дайынбыз. Оған цехтың қауқары толығымен жетеді»,- дейді цех иесі.   Алдағы уақытта кәсіпорын өнімнің 200 түрін шығарып еліміздің түкпір-түкпіріне шығаруды жоспарлап отыр. Компания аймақтағы ауылшаруашылығы өнімдерін өндірушілермен тығыз жұмыс жасауды көздеп отыр.  

Айта кетейік, Сайрам ауданы - облысымыздағы экономикалық  әлеуеті жоғары, халық көп шоғырланған ірі аудандардың бірі. Аудан аумағы 114 761 гектарды құрайды, 11 ауылдық округ, 42 елді мекеннен тұрады. Ауданда  239 мыңнан астам халық бар, бұл жалпы облыс халқының  11 пайызын құрайды. Салаға жауапты мамандардың мәліметінше ағымдағы жылдың 9 айдың қорытындысымен ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жоспарға сәйкес орындалған. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға, инвестиция тартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, сол арқылы аудан экономикасын дамытып, бюджеттің кірістер бөлігін ұлғайтуда жүйелі жұмыстар жүргізілді. Биылғы жылы 9 айда аудан бойынша барлығы   203,1 миллиард теңгеге жалпы өнім өндіріліп, өсім 119,2 пайызды құрады (2023 жылдың 9 айында  170,4 миллиард теңге болған). Жалпы өнімнің 53,5 пайызы ауыл шаруашылығына, 20,2 пайызы өнеркәсіп саласына, 17,5 пайызы сауда, 8,8 пайызы құрылыс саласының  үлесінде. Жалпы өнімнің 108,7 миллиард теңгесі ауыл шаруашылығында өндіріліп, шаруалардың еңбекқорлығының арқасында өнім көлемі 2023 жылдың есепті кезеңімен  салыстырғанда нақты көлемі индексі  129,8  пайызға артып отыр. Облыстық «Алтын күз-2024» іс шарасында ауданымыз Агроөнеркәсіп кешен көрсеткіштерін орындаудан  1 орынды иеленді. Сонымен қатар, ет өндіруден және қайта өңдеу саласын дамытудан озат аудан атанды. Егін шаруашылығында 46,4 миллиард теңгенің,  мал шаруашылығында 61,9 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Биылғы жылы 52,2 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, жоспар орындалды (24,6 мың га дәнді және бұршақты дақылдар, 6,3 мың гектар майлы дақылдар, 11,6 мың гектар мал азықтық дақылдары, 5,8 мың гектар көкөніс, 3,9 мың гектар  жерге картоп). Жыл басынан бері аудан көлемінде 35,4 мың тонна ет, 106,5 мың тонна сүт өндірілген. 

   Облыс әкімінің орныбасары сонымен қатар Манкент ауылындағы  «Kaz Eco Meat» ЖШС ірі қара мал бордақылау алаңын аралады. 

 «Kaz Eco Meat» ЖШС ірі қара мал бордақылау және мал сою кешенінің құрылысын 2025 жылы аяқтауды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда Беларусь, Қытай және Түркия елдерінен арнайы қондырғылар сатып алынған.  Кәсіпорын тәулігіне 500 ірі қара мал мен 600 ұсақ малды сойып, етін экспортқа шығаруға ниетті. Сонымен қатар, келесі жылы серіктестіктің 5 000 бас малға арналған бордақылау алаңы бой көтереді. Жалпы ет комбинатының құрылыс жұмыстары 2024 жылдың наурыз айында басталып, 2025 жылдың қыркүйек айында қолданысқа беріледі. Кәсіпорын иесі Абдурасул Сайдановтың сөзінше, өндірілетін еттің 70 пайызы Өзбекстан, Қытай, Иран елдеріне экспортталады. Сондай-ақ, өндіріс орнында ешқандай қалдық қалмай, малдың басынан бастап, ішек-қарын, сирағы мен сүйегіне дейін пайдаға асады. Сонымен қатар, ет комбинатында түрлі ет өнімдері дайындалып, барлық жұмыстар санитарлық талаптарға сәйкес жүргізіледі.

    Нұрбол Тұрашбеков пен Арман Сәбитов сонымен қатар «Nurym Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барды. 

Ауылшаруашылық кәсіпорнының негізгі қызметі де негізінен мал шаруашылығы болып саналады. Жоба негізінен ет өндірісін кеңейтуге бағытталған. Атап айтқанда мал шаруашылығы, ет өңдеу, ет саудасы, жем өндірісі. Ал құрылымы бордақылау алаңы мен мал базасынан, қоймалардан тұрады. 2018 жылы жұмысын бастаған кәсіпорында ірі қара өсіріледі. Бүгінде 6 мыңға жуық ірі қара мал бордақылануда. 2021 жылы компания 5 мың бас бұқа сатып алған. Өңдеу қуаттылығы жылына 5 мың тонна ет. Негізінен Иран мен Өзбекстанға ет экспортталады. Жақында мұнда инновациялық технологияларды қолдана отырып, түйіршіктелген жем жасау өндірісі іске асырылады. Жобаның құрылысына жауапты мердігер компания зауыттың құрылыс жұмыстарына кірісіп кетті. Аталған зауытта сағатына 20 тонна түйіршіктелген жем шығарылмақ. Өндіріс орны жанынан арнайы зертхана мен 20 мың тоннаға дейін мал азығын сақтайтын қойма салу да жоспарланған. Алдағы уақытта зауытта бірнеше азамат тұрақты жұмыспен қамтылады деп жоспарлануда. Оған қоса аудандағы қасапханалардан шыққан қалдықтарды терең өңдеу мәселесі де қолға алынбақ. Тағы бір маңызды жоба – ет өңдейтін зауыт. Оның құрылысы биыл басталады. Кәсіпорында күніне 1000 ірі қара мал сойылады деп жоспарлануда. Зауыттың өзгелерден ерекшелігі, онда қасапханалардағы шикізат қалдықтарын терең өңдейтін орын қарастырылған. Малдың қаны мен сүйегін, ішек-қарнын, терісін де пайдаға асыратын жаңа кәсіпорын 2025 жылы іске қосылады деп жоспарланып отыр. Бұл жоба аясында қосымша тұрақты жұмыс орындары ашылады деп күтілуде.

Биржаны құру кезінде қауіпсіздікке ерекше көңіл бөлінеді. Мұнда мал ұстаудың заманауи технологиялары қолданылып, жем-шөп пен суды уақытылы жеткізуге жағдай жасалады. Биржа жұмысы кезінде тазалықты сақтауға көп көңіл бөлу керек. Биржа Алматы-Самара тас жолының бойында салынады. Қазір австралиялық мамандармен бірлесіп сметалық құжаттама әзірленуде. Жер телімдерін бөліп, қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселесі де қарастырылуда. Бұған дейін Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин бастаған Қазақстан делегациясы мал шаруашылығының озық әдістерін зерттеу мақсатында Австралияға барған болатын. Үкімет атап өткендей, Қазақстандағы мал шаруашылығымен айналысатын фермерлердің басты мәселелерінің бірі - етті сатудағы көптеген делдалдық схемалар өндірушілерге өз өніміне әділ баға алуға мүмкіндік бермейді. Сондықтан Ауыл шаруашылығы министрлігі, облыс басшылығы мен АӨК өкілдері осы тәжірибені елімізде енгізу мақсатында мал биржаларының тәжірибесін зерттеді. Айта кетейік, Nurym Group негізгі қызметі мал шаруашылығы болып табылатын ауылшаруашылық кәсіпорны. Nurym Group 2015 жылдың шілде айында тіркелген. Компанияның жұмысшылар саны 20-ға жуық адамды құрайды. Компанияның қызмет бағыттарына тоқталсақ,  мал шаруашылығы, ет өңдеу, ет саудасы, жем өндірісі. Ал компанияның құрылымы: бордақылау алаңы, мал базасы, қойма үй-жайлары. Кәсіпорын етті бағыттағы ірі қара өсіреді. 2019 жыл – 6 мыңға жуық ірі қара мал бордақылануда. 2021 жыл – компания 5 мың бас бұқа сатып алды. Кәсіпорын Иран мен Өзбекстанға ет экспорттайды. 2018 жыл – компания Иранға 200 тонна ет және Өзбекстанға 800 мың тонна ет экспорттады. 2019 жыл – Нұрым тобы жыл сайын Иранға 5 мың тонна ет, оның ішінде 2 мың тонна сиыр етін экспорттайды. Биыл шетелге экспорттайын өнім мөлшерін арттыру басты назарда тұр. Оған компанияның әлеуете жетеді. Бүгінде австралиялыық мамандармен тәжірибе алмасып, көптеген мәселелерді оңынан шешіп, жаңа жобалар қолға алынып жатыр. Осылайша шетелдік әріптестермен бірлесе отырып, Нұрым компаниясы жаңа халықаралық деңгейге шықпақ.

Нұрбол Тұрашбеков кәсіпкерлерге мәселелері мен ұсыныстарының заң аясында зерделенетінін атап өтті. Әкімдік тарапынан атқарылатын жұмыстар кезеңімен жүзеге асатынын айтып, жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді.

Сайрам ауданы - облысымыздағы экономикалық  әлеуеті жоғары, халық көп шоғырланған ірі аудандардың бірі. Аудан аумағы 114 761 гектарды құрайды, 11 ауылдық округ, 42 елді мекеннен тұрады. Ауданда  239 мыңнан астам халық бар, бұл жалпы облыс халқының  11 пайызын құрайды. 2024 жылдың 9 айдың қорытындысымен ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жоспарға сәйкес орындалды. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға, инвестиция тартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, сол арқылы аудан экономикасын дамытып, бюджеттің кірістер бөлігін ұлғайтуда жүйелі жұмыстар жүргізілді.

Биылғы жылы 9 айда аудан бойынша барлығы  203,1 миллиард теңгеге жалпы өнім өндіріліп, өсім 119,2 пайызды құрады (былтырғы жылдың 9 айында 170,4 миллиард теңге). Жалпы өнімнің 53,5 пайызы ауыл шаруашылығына, 20,2 пайызы өнеркәсіп саласына, 17,5 пайызы сауда, 8,8 пайызы құрылыс саласының  үлесінде.

Жалпы өнімнің 108,7 миллиард теңгесі ауыл шаруашылығында өндіріліп, шаруалардың еңбекқорлығының арқасында өнім көлемі 2023 жылдың есепті кезеңімен  салыстырғанда нақты көлемі индексі  129,8  пайызға артып отыр. Облыстық «Алтын күз-2024» іс шарасында ауданымыз Агроөнеркәсіп кешен көрсеткіштерін орындаудан  1 орынды иеленді. Сонымен қатар, ет өндіруден және қайта өңдеу саласын дамытудан озат аудан атанды.

Егін шаруашылығында 46,4 миллиард теңгенің, мал шаруашылығында 61,9 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Биылғы жылы 52,2 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, жоспар орындалды (24,6 мың га дәнді және бұршақты дақылдар, 6,3 мың гектар майлы дақылдар, 11,6 мың гектар мал азықтық дақылдары, 5,8 мың гектар көкөніс, 3,9 мың гектар  жерге картоп). Жыл басынан 35,4 мың тонна ет, 106,5 мың тонна сүт өндірілді.

Аудан аграрлы аймақ болғандықтан ағын су  мәселесі өзекті. Коммуналдық меншікте 363 шақырымды құрайтын 47 каналдың 254 шақырымы (70 пайыз) жөндеуді қажет етеді. Биылғы жылы 96 шақырымы механикалық тазалаудан өтті. Облыстық бюджеттен 527,7 миллион теңгеге «Ақбай-Қарасу» каналының 4,8 шақырымына бетондау жұмыстары жүргізілді (2023 жылы-131,8 миллион теңге, 2024 жылы–376,2 миллион теңге). Нәтижесінде 230 гектар егістік жердің су жеткізу қабілеті жақсарды. Сонымен қатар, 8 каналды күрделі жөндеуден өткізуге жобалық құжаттамалар әзірленуде. (Аламан,Жоғарғы Аққала,Төменгі Аққала,Бауарық,Әсіл,Теспе,Сай, Закира).  Бүгінде жайылым тапшылығы әр өңірде кездесетін өзекті мәселеге айналған. Ауданда 31 462 гектар жайылым жер бар. Аудан аумағындағы төрт түлік малдың жайылымдық жерлермен қамтылу деңгейін есептегенде, қажетті жайылым көлемі  693,4 мың гектарды құрайды (Мал басына қажетті жайылым көлемі -693,4 мың.гектар.  Өріске шығатын әр мал басына 9 гектар деп есептелді, 77048 х 9=693 432 гектар). Аудан бойынша барлығы 9971 гектар жайылым жер қайтарылуы тиіс. Оның 5264 гектар жер учаскесі (2022 жылы-722 гектар, 2023 жылы- 4184 гектар, 2024 жылы 358 гектар) ортақ жайылымға қайтарылды, 3457 гектар  жайылымды қайтаруға сотқа  дейінгі келісім  рәсімдеу үшін жер иелеріне хабарлама берілді. Биыл 500 гектар жайылымды ортақ жайылымға қайтару жоспарланып, жыл басынан 358 гектар жер қайтарылды. Елді мекендердегі жергілікті халықтың шаруашылығындағы мал басына қажетті ортақ жайылымның тапшылығын жою – басты назарда. 

 Өнеркәсіп  саласында 41,1 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 108,7 пайызды құрады. Өндірілген өнімнің 32,8 миллиард теңгесі өңдеу өнеркәсібінде өндірілген.  Шағын кәсіпкерлікте  20 147 белсенді субъектілерімен  115,6 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, қызметтер көрсетілген. Былтырғы жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 1,5 есеге артқан. 2024 жылдың 9 айында "Бизнестің жол картасы 2025" / "Ұлттық жобаның" 2-ші бағыты аясында  55 кәсіпкерге  5,8 миллиард теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетілген. 

Ал, жаңа бизнес идеяларды іске асыруға  155 мемлекеттік грант берілді (жоспар 130 адам). Ауданға 9 айдың қорытындысымен 51,0 миллиард теңге инвестиция тартылды. Тартылған инвестицияның 

38,6 миллиард теңгесі жеке инвестиция. Аудан бюджетінің  өзіндік кірістері артуда. Ағымдағы  жылға өзіндік кірістер жоспары  11,2 миллиард теңгені құрады. Шағын кәсіпкерлік нысандарына түгендеу жұмыстарын жүргізу, мүлікті қайта бағалау және басқада атқарылған іс шаралардың нәтижесінде 3 жылда өзіндік кірістер көлемі 5,5 миллиард теңгеге, яғни 2 есеге ұлғайып отыр. Өз кезегінде кірістердің ұлғаюы ауданның әрі қарай дамуына септігін тигізуде.

Ағымдағы  жылға арналған аудан  бюджетінің кірістер көлемі  21,8 миллиард  теңгені құрады, оның 11,2 миллиард теңгесі өзіндік кірістер болса, 10,5 миллиард теңгесі трансферттер сомасы.

Аудан халық саны жағынан үлкен аудандардың бірі. Ауданда инфрақұрылым жүйелерін қажет ететін жаңақұрылыс аумақтары өте көп. Сондықтан да, ең алдымен халық көп шоғырландырылған аумақтардың инфрақұрылым мәселесін шешуге басымдылық берілуде.

Биыл инфрақұрылым жүйелерімен қамту бойынша 16 нысанға 1,2 миллиард теңге бөлініп, 163 гектар жер аумағына инфрақұрылым жүйелері жүргізілуде (Қарасу-106,2 гектар, Қосбұлақ- 24,8 гектар, М.Оразалиев-10,06 гектар, Қожақорған-22 гектар жер телімдері). Оның ішінде, 6 жоба ауыз суға, 4 жоба табиғи газға, 5 жоба электр желілерін жүргізуге, 1 жоба жол құрылысына

қатысты жобалар іске асырылуда. Ағымдағы жылдың 9 айында 4 нысан пайдалануға берілді ( Қарасу 50,0 гектар- газ 29.07.2024 жылы, Оразалиев 10,06 гектар газ, электр желісі 30.07.2024 жылы, Қосбұлақ 24,8 геатар электр желісі 22.08.2024 жылы)

Тұрғындармен кездесуде және жеке қабылдауларда жиі толғандыратын мәселелердің бірі – тозығы жеткен электр бағаналары мен трансформаторлар. Сайрам ауданындағы барлық 42 елді мекен орталықтандырылған электр желісімен қамтылған.  Электрмен жабдықтау жүйелерін дамыту іс-шарасы бойынша 2,6 миллиард теңгеге 8 елді мекеннің электр жүйелерінің құрылысы жүргізілуде. Арыс ауыл округі Қожақорған, Нұржанқорған ауылдарына электр жүйелерінің құрылысына жобалық құжаттамалар әзірленді, құны 286,2 миллион теңге.

Халықты таза ауыз сумен қамтуға бағытталған жобалардың жүзеге асырылу барысы тұрақты бақылауда. Биыл 221,4 миллион теңгеге 9 елді мекеннің (Көлкент, Қосбұлақ, Низамабад, Ошақты, Сарыарық, Теспе, Тоған, Ханқорған, Қасымбек Датқа) ауыз су жүйелері ағымдағы жөндеуден өтуде. 100 миллион теңгеге Жібек жолы ауылының су құбыры желісі күрделі жөндеуден өтіп, халық игілігіне пайдалануға берілді. Сондай-ақ, тұрғындардың 80 пайызынан астамы құдық суын

пайдаланып отырған Қарабұлақ ауылына (10606 тұрғын үйдің 8697-і (82 пайызы) құдықтан,1909-ы су ұңғымасынан су алады) құны 9,3 миллиард  теңгеге құжаттама әзірленіп, биыл 500 миллион теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары басталды. Ал, Қожақорған және Нұржанқорған ауылдарына (1865 тұрғын үйдің 1500-ы (80,4 пайыз) бұлақ, құдықтан, 365 үй су ұңғымасынан су алады) құны             3,0 миллиард  теңгеге су жүйелері құрылысына жобалық құжаттама әзірленіп, қаржыландыруға жоғарғы бюджетке ұсынылды. 

Табиғи газбен қамту үшін өткен жылы 1,5 миллиард теңгеге 6 елді мекеннің газ жүйесінің құрылыстары жүргізіліп, Ақарыс, Оймауыт, Ақсуабад ауылдарының құрылысы аяқталған болатын. Газ құбыры жүргізілген Ақсуабад, Шапырашты, Береке (1200 абонент) елді мекендері көгілдір отынға қосылып, нәтижесінде, аудан бойынша 37 елді мекен табиғи газбен қамтылып, қамту көрсеткіші 81 пайыздан 88 пайызға жетті. Биыл Құтарыс пен Қызылжар және Көлкент елді мекендерін газдандыру жұмыстары жүргізілуде. Нысандар 2025 жылға өтпелі.

 Аудан аумағында 1 298 шақырымды құрайтын жолдар болса, оның 70 пайызы қанағаттанарлық жағдайда. Биылғы жылы 2,4 миллиард теңгеге жолдар күрделі және орташа жөндеуден өтеді (401,3 миллион теңге .-2 жол күрделі жөндеу, 1,9 миллиард  теңге.- 58 көше орташа жөндеу.,30,0 миллион теңге. - 5 көше ағымдағы жөндеу). Нәтижесінде, ішкі жолдардың қанағаттанарлық үлесін 72,8 пайызға жетпек.

Ағымдағы жылы аудан орталығын абаттандыру жұмыстары қолға алынуда. Ақсу ауылындағы Абылайхан көшесін абаттандыру мен қайта құру, Мәртөбе гүлзарын қайта жаңарту, Ынтымақ гүлзарын қайта жаңарту және Қ.Жандарбеков көшесіндегі Арбат құрылысы жұмыстары жүргізілуде.

Жұмыссыздарды жұмыспен қамту шараларына сәйкес Ұлттық жобалар бойынша 2024 жылға 4194 жұмыс орындарын ашу жоспарланса, 9 айда 3667 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылып, жылдық жоспар 87,4 пайызға  орындалды. Сонымен қатар, «10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орындарын ашу» бастамасымен жаңа жұмыс орындарын ашу іс-шарасында 1935 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланса,  9 айда 1781 жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы еңбек нарығын дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында биыл 9 айда  жұмыспен қамту шараларына 10 877 азамат тартылып, жылдық жоспар 95 пайызға орындалды (жоспар 11 497 адам). Оның ішінде 1038 адам жастар практикасына, 1400 адам ақылы қоғамдық жұмысқа, 427 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 168 адам алғашқы жұмыс орындарына,    194 адам «Күміс жас» жобасына тартылып, 9 айдың жоспары орындалды. Нәтижесінде, жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайыздықұрады.

Білім беру саласында  ауданда 98 білім беру ұйымдары жұмыс жасайды, оның 74-і мемлекеттік мектеп болса,   24-і жекеменшік мектептер. Жаңа оқу жылында Қарабұлақ ауылында 500 орындық 1 жекеменшік мектеп іске қосылды. Үш ауысымды мектептің мәселесін шешу мақсатында биыл, Манкент ауылында 600 орындық Айнабұлақ атындағы жалпы орта мектептің құрылысы аяқталады. Әсіларық ауылында орналасқан Уәлиханов орта мектебі күрделі жөндеуден өтті. «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасымен 2024-2025 жылдарға Ақсу ауылынан 600 орындық 1 мектеп бой көтереді, биылғы жылы мектеп құрылысы басталды. 

Денсаулық сақтау саласында ауданда медициналық көмек көрсететін 41 мекеме жұмыс жасауда. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жоба аясында Ақбастау, Аққала, Құтарыс (құны 278,9 миллион теңге) ауылдарында 3 дәрігерлік амбулатория құрылыстары басталды. Сонымен қатар, Орталық аурухана ғимараттарын күрделі жөндеуге құны 3,3 миллиард теңгеге және Қарабұлақ аудандық ауруханасын күрделі жөндеуге құны 3,1 миллиард теңгеге жобалық сметалық құжаттамалар әзірленіп, қаржыландыруға ұсынылған. Бүгінгі таңда орталық аурухананың күрделі жөндеу жұмыстары басталды.

Жалпы ауданымызда 32 мәдениет ошағы мен 406 спорт нысандары  бар. 2024 жылдың 9 айында мәдениет саласы бойынша 216 іс-шара,  спорт саласы бойынша 111 спорттық іс-шара өткізілді.  Аудан спортшылары республикалық және облыстық жарыстарда спорт түрлері бойынша 22 алтын, 27 күміс, 40 қола медаль жеңіп алған.  Биылғы жылы «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасымен Қарасу ауылында 682,4 миллион теңгеге спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде, нысан 2025 жылға өтпелі. Ақсу ауылындағы Ш.Қалдаяқов атындағы мәдениет үйінің ғимараты күрделі жөндеуден өтті.

Ауданда бірігіп кәсіп ашқандар қатары артып келеді
Сайрам ауданында көшпелі мәжіліс өтті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу