Елімізде АЭС салу не үшін қажет?

Oinet.kz 06-09-2024 25

АЭС салу бойынша Түркістан ауданындағы штаб мүшелері халықпен кездесулері өз жалғасын табуда. Кеше Amanat партиясының Түлкібас аудандық филиалының ғимаратында аудандық қоғамдық штаб мүшелері Е.Жүнісов, С.Таңатбаев, А.Нұранов, Е.Киреева этномәдени бірлестік өкілдерімен кездесу өткізді. 

Screenshot_2.jpg

Жылы жүздесуде елімізде салынатын АЭС жайы сөз болып, оның қауіпсіздік шаралары халықтық талапқа сай сақталып, табиғи апаттарға төтеп беретіндігі айтылды. Сондай-ақ штаб мүшелері АЭС салу бойынша 6 қазанда өтетін референдумға жерлестерін белсене қатысуға шақырды. 

Штаб мүшесі Е.Жүнісовтың айтуынша, электр энергиясы сияқты қат дүниені сырттан тасымалдайтын Қазақстанға АЭС керектігі жиырма жылдың бедерінде айтылып жүрген пікір. Осы өзекті мәселе Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында нақтыланды. «Атом электр станциясы – Атом энергиясы арқылы электр энергиясын өндіретін өнеркәсіптік кәсіпорын. АЭС жұмысының негізінде атомдар көп жылу бөліп, ұсақ бөлшектерге бөлінетін процесс жатыр. Бұл жылу буға айналатын суды жылыту үшін қолданылады. Бу турбиналарды айналдырады, ал турбиналар өз кезегінде электр энергиясын өндіреді. Әлемдегі атом электр станцияларының сандық көрсеткіштеріне қарайтын болсақ, қазіргі уақытта әлемнің 32 елінде (Австралия мен Антарктикадан басқа) жалпы қуаты шамамен 390 ГВт болатын 440-қа жуық ядролық энергетикалық реактор жұмыс істейді. (Әлемдік электр энергиясының 9%). Атом электр станцияларының ең көп саны АҚШ-та  – 94, Қытайда – 56, Францияда – 56, Ресейде – 36, Кореяда – 26, Үндістанда – 20, Канада – 19, Украинада – 15, Жапонияда – 12, Ұлыбританияда – 9, Испанияда – 7, Пәкістанда – 6 АЭС бар. Ал әлемнің ең дамыған елдерінде (АҚШ, Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Франция, Ұлыбритания) әлемдік атом қуатының 70 пайызы орналасқан. Бұл елдер өз экономикаларын одан әрі дамытудың негізі ретінде атом энергетикасына да сүйенеді. 2023 жылы 25 дамыған ел атом қуатын 2050 жылға дейін 3 есеге арттыру туралы келісімге қол қойды. Атом энергиясының дамуы Азияда белсенді жүріп жатыр, атап айтсақ, Қытайда 30 жаңа реактор салынуда, Үндістанда тағы 7, Бангладеште 2 реактор салынуда. Даму жолына түсу үшін бізге де АЭС салу керек», - деп түйіндеді сөзін штаб мүшесі Е.Жүнісов.

Одан кейін сөз алған С.Таңатбаев, А.Нұранов, Е.Киреева Е.Жүнісовтың сөзін толықтыра түсті. Яғни, олардың айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстанның энергетикалық секторы елімізде өндірілетін барлық электр энергиясының шамамен 70 пайызын қамтамасыз ететін көмір электр станцияларына аса тәуелді. Алайда, бұл модель күрделі мәселелерге тап болуда. Біріншіден, жұмыс істеп тұрған станциялардың тозу деңгейі жоғары, 70 пайызға жетеді. Екіншіден, елімізде электр энергиясын тұтыну жыл сайын 3 пайызға өсуде. Үшіншіден, Қазақстан 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуді қоса алғанда, жаҺандық экологиялық міндеттемемлерді өзіне жүктеді. Сонымен қатар, көмір жобаларын қаржыландыру да экологиялық шектеулерге байланысты күрделене түсуде. 

Жалпы, Энергетика министрлігінің болжамдары бойынша 2035 жылға қарай Қазақстанда электр энергиясын тұтыну 152,4 млрд кВт/сағ құрайды деп күтілуде. Бұл ретте жұмыс істеп тұрған электр станциялары небәрі 135 млрд кВт/сағ қамтамасыз ете алады. Бүгінде электр қуатының тапшылығын Ресейден келетін ағындар жауып отыр. Бұл энергнетикалық тәуелділікке және елдің энергетикалық нарығының қауіпсіздігінің төмендеуіне әкеледі. Сондықтан, ең алдымен энергия тапшылығын болдырмау үшін Қазақстанға АЭС салудың маңызы жоғары. 

- Тұрғындардың арасында жиі кездесетін сұрақ Чернобыль және Фукусима сияқты апаттардың қайталану қаупі қандай және атом электр станцияларын пайдалану кезінде адами қателіктердің ықтималдығын азайту үшін қандай шаралар қабылдануда? Өздеріңіз жақсы білесіздер, 1986 жылы Чернобыль атом электр станциясында және 2011 жылы Фукусима – 1 атом электр станциясында болған апаттардан алынған сабақтар және басқа да оқиғалар жаңа реакторларды жобалау кезінде ескеріледі, әлемнің барлық елдерінің назарына дереу жеткізіледі. Осы апаттардың әсерінен атом энергетикасының қауіпсіздігі жаңа деңгейге көтерілді. ІІІ + буын реакторларының конструкциясына қосымша қауіпсіздік мүмкіндіктері қосылды. Оператор әрекетін немесе электронды құрылғыларды пайдалануды қажет етпейтін пассивті қауіпсіздікке баса назар аударылды. Нәтижесінде станция қызметкерлерді эвакуациялау және электр қуатын өшіру жағдайында жұмыс істей алады. Сыни сәттерде адам факторын жою апат кезіндегі басқару қателерінің қаупін жояды. Сонымен қатар, ІІІ + буынның көптеген реакторларында балқыма тұзағы қарастырылған. Әрбір атом электр станциясы табиғи апаттарға төтеп беруді ескерген. Біздің мамандардан бөлек АЭС қауіпсіздігіне АЭС операторларының Дүниежүзілік қауымдастығы мониторинг жүргізеді, - деді штаб мүшесі С.Таңатбаев өз сөзінде.

Штаб мүшелері атом электр станциясын салған жағдайда энергия тапшылығынан құтылумен қатар, инфрақұрылым дамып, жаңа жұмыс орындары ашылып, жаңа нысандар бой көтеретінін, ел экономикасы көтерілетінін айтты. Аудандық қоғамдық штаб төрағасының орынбасары С.Таңатбаев: «АЭС салған жағдайда энергияға тәуелділіктен арылумен бірге экономикалық-әлеуметтік жағдайымыз жақсарады, технологиялық прогреске жол ашылып, әлемдік ареналағы беделіміз артады» деп ойын қортындылады. Штаб мүшелері жиынға қатысушыларды елдік мәселеге бей-жай қарамай, ұрпақтарымыздың жарқын келешегі үшін салиқалы шешім қабылдауға шақырды.

АЭС елімізде бейбіт мақсатта қолданылады
АЭС еліміздің энергетикалық әлеуетін арттырады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу