Майлы дақылдар мен ет Өзбекстанға экспортталады
Сайрам ауданында ауыл шаруашылығының даму қарқыны көз қуантады. Ауданда жыл сайын бау-бақша, егін егумен айналысатын жеке кәсіпкерлер, кәсіпорындар саны артып келеді. Олар жұмыстарына жауапкершілікпен қарап, жыл сайын өндіріс көлемін ұлғайтуда. Сайрамда майлы дақылдар өсірумен айналысатын «Сардор КЗ» шаруашылығы бүгінде аудан мақтанышына айналған.
«Сардор КЗ» қызметкерлерінің саны бүгінде 200-ге жуық адамды құрайды. «Сардор КЗ» қызметінің бағыттарына тоқталсақ, майлы дақылдарды өсіру, ет экспорты.
2020 жыл – «Сардор КЗ» 381,8 тонна ет экспорттады. 2019 жыл – компания ветеринариялық-санитариялық тексеруден өткеннен кейін Өзбекстанға өнім экспорттау құқығын қайта растады. Яғни «Сардор КЗ» ет өнімдерін даярлаумен қатар, майлы дақылдарды да жаппай өсіріп, оны көршілес елдерге экспорттап отыр. Майлы дақылдар сұранысқа ие. Тұқымынан өсімдік майы өндірілетін бірқатар екпе дақылдар майлы дақылдарға жатады: күнбағыс, мақсары, майлы зығыр, перилла, ляллеманция, майкене, жер жаңғағы, күнжіт, қыша, рапс, арыш, қышабас. Сонымен қатар өсімдік майлары мақта өсімдігі, талшықты зығыр, кенепшөп сияқты тоқыма дақылдары мен майбұршақ сияқты дәнді бұршақ дақылының тұқымдарынан да өндіріледі, ал кейбір майлы дақылдарды мал азығы ретінде де өсіреді (күнбағыс, рапс, т.б.). Өсімдік майлары тағамға кеңінен қолданылады, сыр, сабын, тері, тігін өнеркәсіптерінде, т.б. пайдаланылады. Тұқымдарынан май өндіргеннен кейінгі қалдығы күнжарасы малды азықтандыруға жарамды. Жекелеген майлы өсімдіктердің (майкене, майлы зығыр) сабақтарынан қағаз, қалың маталар өндіріледі. Өсімдік майлары кебетін (зығыр, перилла, арыш), жартылай кебетін (күнбағыс, майбұршақ, мақсары, күнжіт, рапс, қыша) жөне кеппейтін (жер жаңғағы, майкене) болып ажыратылады. Қазақстанда өндірістік маңызы бар майлы дақылдарға күнбағыс, майлы зығыр, рапс, арыш, қыша, мақсары жене майбұршақ жатады.
Сайрамда мәдени күнбағыс көп өседі. Мәдени күнбағыс — кіндік тамырлы бір жылдық өсімдік, көптеген ұсақ бүйір тамыршаларының арқасында Қазақстанның құрғақ далалы аймағында ойдағыдай өсіріледі. Күнбағыс сабағы тік өседі, қуатты, тікенекті түктермен көмкерілген, майлы сорттары бұтақтанбайды, биіктігі 0,6-2,5м. Жапырақтары ірі, сағақта, сабақта кезектесіп жөне қарама қарсы орналасқан, сопақ, жүрек пішінді, түкті. Гүл шоғыры — диаметрі 15-20 см және одан да жоғары себет. Оның негізін гүл тұғыры құрайды, шеттерінде жыныссыз тілді, ал ортасында, қосжынысты түтік тәрізді гүлдер орналасқан. Себеттің гүлдеуі созалаңқы және 7-10 тәулікке созылады. Жемісі — шекілдеуік, ол жеміс қабығынан және тұқымнан құралады. Майлы сорттардың 1000 шекілдеуігінің массасы 40-80 г және қауыздылығы (қабықтылығы) 28-35%.