Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
Президент биылғы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында АЭС тақырыбына бөлек тоқталғаны белгілі. Мемлекет басшысы маңызды құжатта жаһандық энергетика тапшылығының күшейіп бара жатқанын алға тартып, елімізге сенімді жəне экологиялық таза қуат көздері аса қажеттігін атап өтті. Сөйтіп, АЭС салу мəселесіне қатысты өтетін республикалық референдум 6 қазанға белгіленді.
Президент Жолдауынан соң референдум жөніндегі науқан шеңберінде Ақтөбе облыстық аумақтық референдум комиссиясының кеңейтілген отырысы өтті. Отырысты ашқан облыстық аумақтық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлыбек Жүсіпов Мемлекет басшысының шешіміне сəйкес атом электр станциясын салу мəселесі азаматтардың пікірін ескеру мақсатында жалпыұлттық референдум арқылы шешілетінін атап өтті. Ол республикалық референдум туралы заңнаманы жаңарту, республикалық референдум қарсаңындағы үгіт, республикалық референдумды өткізу кезіндегі шет мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың байқаушылары, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қызметі мен республикалық референдумды әзірлеу мен өткізудің ұйымдастырушылық аспектілері туралы айтты.
Облыстық референдум комиссиясы төрағасының орынбасары Ақмарал Нұрмағамбетова баяндама жасады. Мəселен, республикалық референдум туралы Конституциялық Заңның 7-бабының 1-тармағына сəйкес республиканың азаматтары мен қоғамдық бірлестіктері референдумға шығарылған мəселеге өз пікірін «жақтап» немесе «қарсы» айту құқығына кепілдік беріледі. Бұл – үгіт болып саналады. Үгіт плакаттар, парақшалар, баннерлер жəне басқа да электрондық жəне баспа материалдарын шығару арқылы жүргізілуі мүмкін. Сондай-ақ, заңда жиналыстар, митингілер, азаматтар жиындарын өткізу жəне бұқаралық ақпарат құралдарында үгіт жүргізу көзделген. Бұл ретте заңнамада үгіт жүргізу кезінде белгілі бір шарттардың сақталуы көзделген. Барлық үгіт материалдарында осы материалдарды шығарған ұйым, олардың басылған орны мен таралымы, оларды шығаруға жауапты тұлғалар туралы мəліметтер болуға тиіс. Анонимді үгіт материалдарын таратуға тыйым салынады. Конституциялық құрылысты күштеп өзгертуге, республиканың тұтастығын бұзуға, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге, соғысқа, əлеуметтік, нəсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық жəне рулық үстемдікке, сондай-ақ, қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа табынуға үгіттеуге жол берілмейді. Үгіт материалдарын орналастыру меншік иесінің келісімімен арнайы бөлінген орындарда жəне өзге де нысандарда жүзеге асырылуға тиіс. Жабық үй-жайлардан тыс үгіт (жиналыстар, митингілер) бейбіт жиналыстар туралы заңның талаптарына сəйкес жүргізіледі. Үгіт референдум тағайындалғаннан кейін басталады. Бұл ретте референдумның алдындағы күні (үнсіздік күні) жəне референдум өткізілетін күні үгіт жүргізуге тыйым салынады. Дауыс беруге арналған үй-жайлардан тыс жерде бұрын ілінген баспа үгіт материалдары, плакаттар сол орындарда сақталса болады.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша облыстық референдум комиссиясының мүшесі Асылжан Бүркіталин баяндама жасап, Қазақстанда республикалық референдумда халықаралық байқау институтының ашылғаны туралы хабарлады. Ол Қазақстан Республикасы көптеген халықаралық ұйымдардың мүшесі ретінде халықаралық байқау институтын ашу бойынша өзінің халықаралық міндеттемелерін тұрақты орындайтынын атап өтті. Республикалық референдум туралы Конституциялық заңның 6-бабының 4-тармағына сəйкес референдум өткізу кезінде шет мемлекеттерден жəне халықаралық ұйымдардан аккредиттелген байқаушылар, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатыса алады. Қазақстанда шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушылары Орталық референдум комиссиясының төрағасы мен Сыртқы істер министрінің шақыруы бойынша референдумды байқауға қатыса алады. Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушылары Сыртқы істер министрлігінің ұсынуы бойынша орталық референдум комиссиясының жанынан аккредиттеледі. Ағымдағы сайлау науқанында аккредиттеуді жүргізуді Астана уақыты бойынша сағат 18:00-де дауыс беру күніне 5 күн қалғанда, яғни, 2024 жылғы 30 қыркүйекте аяқталады.
Келесі мәселе бойынша сөз сөйлеген облыстық референдум төрағасы Нұрлыбек Жүсіпов науқанның жалпы ұзақтығы тағайындалғаннан дауыс беру күніне дейін 35 күн болатынын хабарлады. Дауыс берушілердің тізімдерін жасау бойынша жұмысты жергілікті атқарушы органдар тағайындалғаннан кейін бірден бастайды. Дауыс беруден 20 күн бұрын, яғни 15 қыркүйекте тізімдер референдум учаскелеріне жəне электрондық түрде облыстық референдум комиссиясына беріледі. Азаматтардың уақытша болатын орындарында құрылған референдум учаскелері бойынша республикалық референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізімдері азаматтарға танысу үшін дауыс беру күніне 5 күн қалғанда ұсынылады. Сайлау туралы Конституциялық заңда азаматтардың болу орнын ауыстырған кезде дауыс беру құқығына есептен шығару куəлігі бойынша дауыс беру құқығы көзделген. Есептен шығару куəлігі бір елді мекен шегінде референдумның басқа учаскесінде дауыс беруге қатысқысы келетін азаматтарға берілмейді. Бюллетеньдер референдум учаскелеріне дауыс беруге дейін үш күннен кешіктірілмей жəне бір күннен кешіктірілмей жеткізіледі. Дауыс беру 6 қазанда таңғы сағат 07:00-ден кешкі 20:00-ге дейін өтеді.
- Жалпы, елімізде жүзеге асырылған саяси реформа Қазақстанда мүлдем жаңа саяси жағдай қалыптастырғанын айтуымыз керек. соңғы 5 жылда ауқымды реформалар жасалды. Еліміздің саяси жүйесі түбегейлі өзгерістерді бастан кешті. Қазір халықтың қоғамдық сана-сезімі басқа. Құқықтық мәдениеті артып келеді. Соған қарай, азаматтардың бойында жаңа әдістер, дағдылар қалыптасып, жаңа құндылықтар орнығып келеді. Саяси және қоғамдық болмысымыз, менталитетіміз және мәдени кодымыз өзгеруде. Ал, ең басты табысымыз – қазіргідей жер жүзінде геосаяси текетірестер белең алып тұрған кезеңде эволюциялық жолмен дамып келе жатқандығымыз. Сондықтан да алдағы айға, атап айтқанда 6 қазанға белгіленген референдумды аброймен, жауапкершілікпен өткізу міндеті тұр алдымызда, - дей келіп, жиынды қорытындылады Нұрлыбек Жүсіпов.