Халық өз таңдауын жасады

Oinet.kz 24-06-2024 47

7 шілде күні Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданына қарасты Қандыағаш қаласы мен Шалқар ауданы Жаңақоныс ауылдық округінің әкімдерінің сайлауы өтті. 

Screenshot_70.jpg

Мұғалжар аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Асылбек Тұғыровтың айтуынша, тәуелсіздік алған уақыттан бастап ауданда 9 мәрте Президент сайлауы, 9 мәрте Мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауы, 30-дан аса қалалық, ауылдық, селолық әкімдерінің сайлауы өткізіліпті. 

- Бүгінгі таңда ауданда 46 сайлау учаскесі жұмыс істеуде. Оның 11-і Қандыағаш қаласында, 6-ы Ембі қаласында, 1-і Жем қаласында, қалғандары ауыл округтерінде орналасқан. Сайлау округтерінің 9-ы Қандыағашта, 4-і Ембіде, 1-і Батпақкөл ауыл округінде. Ал облыстық сайлау округінің бірі Қандыағаш қаласында орналасқан. Бүгінде аудан бойынша сайлаушылар саны – 41 мың адамға жуықтайды. Көрсетілген сайлаушылардың ішінде, дауыс беруге құқығы бар мүгедектігі бар адамдардың саны – 158, оның ішінде – 62-і тірек қимыл-аппараты бұзылған арбаға таңылғандар, олар 22 сайлау учаскелердің тізімінде, 45 – соқыр және нашар көретіндер 23 учаскеде тізімінде тіркеулі, саңырау және нашар еститіндер – 51, олар 18 сайлау учаскелердің тізімінде. Осы санаттағы мүгедектігі бар сайлаушыларға барлық учаскелерде кедергісіз кіріп-шығуына жағдай жасалған. Бүгінгі күні жұмыс атқарып жатқан аумақтық және учаскелік сайлау комиссиялардың құрамы, аудандық мәслихаттың шешімімен бекітілді, - деді Асылбек Тұғыров.

Сайлау қарсаңында Мұғалжар аудандық аумақтық сайлау комиссиясы Қандыағаш қаласы әкіміне үмітті 4 кандидатты тіркеген болатын. Кандидаттардың бірін Amanat партиясы ұсынса, үшеуі өзін-өзі ұсынғандар. Кандидаттардың бірі әйел. Ол өзін-өзі ұсынған Венера Берикқызы Тулегенова. 1986 жылы дүниеге келген ол Мұғалжар аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің сектор меңгерушісі. Ал Amanat партиясы ұсынған кандидаттың есімі Қазбек Тулеуханұлы Аққайыр. 1986 жылы туған ол Ақтөбе облысы әкімі аппаратының бас инспектор. Келесі кандидаттың бірі 1988 жылы туған «Эверест РК»  жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директор Данияр Каденұлы Черниязов болса, екіншісі 1980 жылы дүниеге келген, Мұғалжар аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің сектор меңгерушісі Биржан Сагидоллиұлы Шамгалиев.  

- Мемлекет басшысы айтқандай, сайлауға әрбір ел азаматының қатысуына құқы бар. Сонымен бірге мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарын сайлауға және оларға сайлануға да еркі бар. Сайлау қашан да – елге сын, ұлтқа жауапкершілік жүктейтін, азаматтық позицияға тың серпін беретін ертеңнің ісі, болашақтың бағдары. Өйткені, сайлау елді біріктіретін, ойды тоғыстыратын сын мен сынақтан әбден ысылған саяси құрал. Ал, бұл сайлаудың негізгі идеясы еліміздің баға жетпес қазынасы бірлік пен ынтымақтың, татулық пен келісімнің маңына топтасу идеясы. 

Жалпы сайлау жүйесі – бұл саяси билікті занды түрде қалыптастыруды қамтамасыз ететін ереже. Мемлекет жаңаруын Президент сайлануымен алып қарар болсақ, призидент сайлау арқылы өз мандатымен таққа отырады, сайлауға мемлекеттегі азаматтар ат салысады. Бұл барлық әлеуметтік топтардың мүдделерін анықтаудың, қалыптастырудың, іске асырудың тетіктерін жетілдіру. Жеке адамның жан-жақты жетілуіне көмектесу, ұлттардың үйлесімді дамуы, достықты нығайтып, ынтымақтастықтың процестерін жүргізу. Мәселен, өткен жылы өткен Президент пен Парламент Мәслихатының жергілікті мәслихаттардың сайлауы елімізге соны өзгеріс алып келді. Бүгінгі таңда елімізде ауылдық округтер мен аудан, қала әкімдерінің сайлаулары өткізілуде. Қандыағаш қаласында өткен сайлау нәтижесінде ел сенімінің ақталғанын, халық өз таңдауын әділ жолмен жасағанын көрдік, - дейді Мұғалжар аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Асылбек Тұғыров.

Сөйтіп «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңы 14-бабының 9) тармақшасына, 45-бабына, 113-11-бабының 1-тармағына сәйкес, 2024 жылғы «7» шілдеде болған аудан бойынша Қандыағаш қаласы әкімі сайлауының қорытындысы және аудандық аумақтық сайлау комиссиясының 2024 жылғы 7 шілдедегі шешімі шықты. Қандыағаш қаласының әкімі болып, 1986 жылы дүниеге келген, «Ақтөбе облысы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің бас инспектор, Amanat партиясынан ұсынылған Қазбек Тулеуханұлы Аққайыр сайланды. 

Ал Шалқар аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Н.Бейсековтың айтуынша, 7 шілдеге белгіленген аудандағы Жаңақоныс ауылдық округіндегі сайлау жоғары деңгейде өткізілген. 

«Шалқар ауданы Жаңақоныс ауылдық округінің әкімі лауазымына бастапқыда 6 кандидат тіркелген еді. Сөйтіп облыста кандидат санымен алдыға шыққан бірінші аудан болды. Бірақ сайлау күні жақындаған сайын кандидат саны екі адамға қысқарды. Өзін-өзі ұсынған екі азамат кандидаттар қатарынан өзін алуды сұрап өтініш түсірді. Олардың өтініші қанағаттандырылып, 4 кандидат қалды. Барлығы да өзін-өзі ұсынғандар. Оның бірі уақытша жұмыссыз жүрген Мұрат Сағынтайұлы Әленов. Ол да сайлауға қатысып өз бағын сынап көруге бел баған еді. Келесі кандидат аталған округ әкімі апаратының бас маманы Убниязов Муратбек Койлыбаевич. Көрші округтен Боранбай Серік Алдоңғарұлы мен Ақтөбе облыстық білім басқармасының бас маманы Убайтжанов Дархан Елмуратович тіркелген. Барлық кандидаттар жоғары білімді. Мемлекеттік қызметте тәжірибелері бар. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының 14-бабының 9) тармақшасына, 113-11-бабының 1-тармағына, 45-бабына сәйкес, 2024 жылдың 7 шілдеде болған Шалқар ауданының Жаңақоныс ауылдық округі әкімі сайлауының қорытынды хаттамасы және 2024 жылғы 8 шілдедегі аудандық аумақтық сайлау комиссиясының шешімі негізінде Шалқар ауданы Жаңақоныс ауылдық округінің әкімі болып Боранбай Серік Алдоңғарұлы сайланды. 1997 жылы дүниеге келген ол бұған дейін Кішіқұм ауылдық округі әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің бас маманы болған еді, - дейді Н.Бейсеков. 

Қос ауданда өткен сайлау қорытындысынан кейін қала мен округ әкімдері қызметтеріне кірісіп кетті.

Жаңа тағайындалған әкімдер жаңа қызметтеріне кірісті
Бөлек және Ташкенсаз ауылдық округі әкіміне үміткерлер анықталды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу