Учаскелік сайлау комиссиясы мүшелерінің біліктілігі арттырылды

Oinet.kz 23-05-2024 126

Сайлау қашан да – елге сын, ұлтқа жауапкершілік жүктейтін, азаматтық позицияға тың серпін беретін ертеңнің ісі, болашақтың бағдары. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен аудан, қала мен ауылдық округ әкімдерін сайлау екі жылдан бері жүзеге асырылып келеді. 

Screenshot_45.jpg

Мұндай сайлау Батыс Қазақстан облысының аудандарында да өтуде. Жақында Бумакөл ауылдық округі әкімінің заңда белгіленген өкілеттік мерзімінің аяқталуына байланысты 2024 жылдың 2 маусымда осы ауылдық округ әкімінің сайлауы өткізіледі. Осыған орай аудандағы №109, №110, №111 учаскелік комиссиялары өз жұмысын бастап кетті. 

Аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Ерлан Қаржауовтың айтуынша, ауылдық округтің учаскелік сайлау комиссия мүшелерінің біліктілігін арттыру маңызды. Өйткені, қазіргі таңда сайлау талаптарына қойылған жауапкершілік жүгі артып отыр.

- Қазіргі таңда сайлау жүйесі, оның талаптарында өзгерістер бар. Бір жағы учаскелік сайлау құрамы үнемі өзгеріп, жаңарып отырады. Сол үшін де олардың сауаттылығы мен біліктілігін арттырып отыру маңызды. Олардың біліктілігін арттыру үшін түрлі семинарлар мен кездесулер ұйымдастырып отырамыз. Онда учаскелік сайлау комиссиясы мүшелеріне көп ақпарат беріледі. Мәселен, жуырда аумақтық сайлау комиссиясы Бумакөл ауылдық округінің учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері үшін оқыту семинарын өткізді. Сөйтіп онда сайлауға қойылып отырған талаптар жан-жақты түсіндірілді, - дейді ол. 

Жалпы өткен семинарда аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ерлан Қаржауов, төрағаның орынбасары Жұпар Имашева сөз сөйлеп, учаскелік сайлау талаптарын түсіндірген. Атап өтер болсақ, оқу барысында Ерлан Аманжолұлы алдағы сайлауда учаскелік сайлау комиссия мүшелерінің қызметінің негізгі мәселелеріне, комиссия мүшелерінің мәртебесі, сайлаушылар тізімімен жұмыс, дауыс беруге арналған бөлмені дайындау және тағы басқа мәселелерге тоқталды.

Сонымен қатар ол дауыс беруге арналған үй-жайдағы тәртіп қағидаларын да түсіндіріп өтті. Оның айтуынша, дауыс беруге арналған үй-жайдағы тәртіп қағидалары «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының (бұдан әрі - Конституциялық заң) 20-1-бабы 3-тармағының 4) тармақшасына, 39-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленді және сайлау процесіне қатысушылардың өзін-өзі ұстау тәртібін белгілейді. Осы Қағидалар дауыс беруге арналған үй-жайдағы барлық адамдар үшін белгіленеді. Учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы (бұдан әрі - төраға) дауыс беруге арналған үй-жайда бір мезгілде болған сайлау процесіне қатысушылардың санын (сайлаушылар, сенім білдірілген адамдар, байқаушылар, бір уақытта сайлау учаскесінде болған бұқаралық ақпарат құралдары (бұдан әрі - БАҚ) өкілдерінің санын реттейді; тәртіпке жауапты болады және осы Конституциялық заңның ережелерін бұзып, дауыс беруді өткізуге кедергі келтірген кез келген адамның ол жерден кетуін талап етуге хақылы.

Дауыс беруге арналған үй-жайда сайлау процесіне қатысушылардың барлығы сайлау комиссиясының санитарлық қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету жөніндегі талаптары мен нұсқауларын сақтайды. Ал сайлау комиссиясы дауыс беру басталғанға дейін бір сағат бұрын дауыс беруге арналған учаскені ашуға кіріседі. Дауыс беру Конституциялық заңның 41 және 42-баптарында белгіленген тәртіпке сәйкес жүзеге асырылады.

Сайлау бюллетеньдерін беру кезінде сайлаушының жеке басын куәландыратын құжат сайлау комиссиясының мүшесіне ұсынылады. Сайлаушы тізімге енгізілмеген, дұрыс енгізілмеген немесе тізімнен шығарылған, сондай-ақ тізімде жаңсақтық жіберілгені анықталған жағдайда учаскелік сайлау комиссиясына тиісті жазбаша өтінішпен жүгінуге құқылы. Учаскелік сайлау комиссиясы бұл өтінішті дереу қарайды.

Арыз мақұлданбаған жағдайда сайлау комиссиясы арызданушыға оның арызының мақұлданбағаны туралы дәлелдi шешiмнiң көшiрмесiн дереу бередi. Шешiмге сайлау комиссиясы орналасқан жердегі тиiстi сотқа шағым жасалуы мүмкін, сот шағымды келіп түскен күні қарайды. 

Арызданушы үшiн дұрыс шешiм қабылданған жағдайда сайлау комиссиясы сайлаушылар тiзiмiне түзетудi немесе енгiзiлмеген сайлаушыны тiзiмге енгiзудi дереу жүргiзедi.

Сайлау учаскесінде сайлаушының өтініші бойынша азаматтың тіркеу орнын тексеру жөніндегі сервис ұйымдастырылады. Тексеруді сайлау комиссиясының уәкілетті мүшесі дереу жүзеге асырады. Дауыс беру күні сайлау учаскесі ашылған кезден бастап және дауыс беруге арналған үй-жайда дауыс беру нәтижелері анықталғанға дейін бір мезгілде қатысуға құқылы:

1) партиялық тізімдерді ұсынған әрбір саяси партиядан сенім білдірілген адамның куәлігі мен Қазақстан Республикасы азаматының жеке басын куәландыратын құжаты болған кезде сенім білдірілген бір-бір адамнан;

2) Қазақстан Республикасының әрбір саяси партиясынан, өзге де қоғамдық бірлестігінен, басқа да коммерциялық емес ұйымынан бір-бір байқаушыдан (бұдан әрі - ұлттық байқаушылар), егер:

- байқаушының тегі, аты, әкесінің аты, сайлау учаскесінің нөмірі, қандай сайлауды байқауға уәкілетті екені көрсетілген, байқаушыны жіберген ұйымның мөрімен куәландырылған, қол қойылған жазбаша жолдама;

- заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу), филиал мен өкілдікті есептік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтамалар;

- байқаушыны жіберген ұйымның мөрімен куәландырылған, қызметінің мақсаты азаматтардың саяси құқықтары мен бостандықтарын іске асыруға және қорғауға байланысты жарғы (ереже) немесе жарғыдан үзінді көшірме;

- байқаушының жазбаша жолдауына қол қойған адамның өкілеттігін растайтын құжат (жарғы, ереже) немесе одан үзінді, жіберуші ұйымның басшысын тағайындау туралы бұйрық немесе өкімнен көшірме, ұйымның құжаттарына қол қою үшін сенімхат);

- Қазақстан Республикасы азаматының жеке басын куәландыратын құжат.

Байқаушыны сайлау учаскесіне жіберу үшін заңды тұлғаның қолданыстағы мәртебесі болуы тиіс, яғни оның қызметінің тоқтата тұрылмауы, оған қатысты тарату рәсімдерінің басталмауы тиіс.

Осы және басқа да сайлау талаптары мен қағйдаларын тәптіштеп түсіндірген Ерлан Аманжолұлы учаске комиссия мүшелерінің сайлау талаптарын сақтап, оны бұлжытпай қағидада қалай жазылса солай сайлау заңы шеңберінде орындауға шақырды. 

Ал аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Жұпар Жігерқызы дауыс беру күні комиссия мүшелерінің іс-әрекеті, үй-жайдан тыс жерде дауыс беруді өткізу туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

Аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы барлық сайлау шаралары мен рәсімдерін мүлтіксіз орындау, сайлау процесіне қатысушылардың өтініштерін қарауға жіті көңіл бөлу қажеттігін ескертіп, сайлауды ұйымдастыру мен заңдылығын қамтамасыз ету жауапкершілігі толықтай сайлау комиссияларына жүктелетінін атап өтті.

Сот судьяларын да сайлау арқылы таңдау тәсілін енгізген жөн
Деркөл кентінде әкім лауазымына кандидаттар тіркелді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу