Созақта балық шаруашылығын дамытып отырғандар көп

Oinet.kz 02-11-2023 225

image.png

Жұмыссыздықпен күрес бүгінде мемлекет тарапынан қарқынды жүргізілуде. Ел саясатының негізгі ұстанымы да осы. Сондықтан бұл бағытта жылда түрлі мемлекеттік бағдарламалар жанданып, салалық мамандарға нақты тапсырмалар жүктелуде. Соның нәтижесінде жыл санап жұмыссыздар саны азайып келеді. Бұл үрдіс Созақ ауданында да  кең көрініс табуда.

Халықты жұмыспен қамту, тұрғындардың әл-ауқатын арттыру мақсатында елімізде «Халықтың тұрмысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» жүзеге асуда. Аталған бағдарламадағы негізгі басымдықтардың бірі – ауыл шаруашылығында жұмыспен қамтуды арттыру,  кәсіпкерлік кірістің өсуін ынталандыру. 

 Осы мақсат аясында Түркістан облысында жақсы жобалар қолға алынуда.  Соның ішінде балық шаруашылығы қарқынды дамуда. Жалпы Түркістан облысы балық шаруашылығын дамытуға мықтап кірісті. Алдағы үш жылда өңірде жаңадан 91 балық шаруашылығын ашу жоспары бар. Биылдың өзінде тауарлы балық өсіретін 30 шаруашылық жұмысын бастап кетті. 

2020 жылы Үкімет бекіткен балық шаруашылығын дамытудың 10 жылдық бағдарламасына сәйкес, өңірде 2030 жылға дейін 20 мың тонна тауарлы балық өндіру жоспарланып отыр. Биыл саланы дамытуға жергілікті бюджеттен 500 миллион теңге бөлінді. Екінші жарты жылдыққа да сонша қаржы қаралған. Ал инвестициялық субсидия ретінде республикалық бюджеттен 226 миллион теңге бөлінген. Одан бөлек балық жемінің 30 пайыз, ал шабағы мен аналығын сатып алуға кеткен шығынның 25 пайызын мемлекет өтейді.   

Түркістан облысында балық шаруашылығы саласының жағдайы туралы облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының Жануарлар дүниесін қорғау бөлімінің басшысы Данияр Сейітов былай дейді: «Балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасына» сәйкес, Түркістан облысында 2030 жылға дейін тауарлы балық өсіру көлемін 20 мың тоннаға жеткізу жоспарланған. Облыста жергілікті маңызы бар 104 су айдыны тіркеліп, олар 88 табиғат пайдаланушыға бекітіліп берілген. Тауарлы балық өсірумен 146 кәсіпкерлік субъектісі айналысады. Балық шаруашылығын дамытуға мемлекеттік қолдаулар көрсетіледі. Акваөсіру бойынша 2023 жылға жергілікті бюджеттен 500 миллион теңге бөлініп, бүгінде 26 шаруашылыққа субсидия берілуде. Бұдан бөлек, инвестициялық салымдарды субсидиялауға биылға республикалық бюджеттен 226 миллион теңге қарастырылған. Тиісті жұмыстар атқарылуда.  Тауарлы балық өндіру бойынша біздің облыс республикада көшбасшы болып отырмыз. Жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Облыс әкімі тағы да тапсырма берді. Биылға жоспарлаған межеміз 6640 тонна болатын тауарлы балық өндіру бойынша, соны 2024 жылы 10 мың тоннаға жеткізу жүктелді. Соның аясында жұмыс істеп жатырмыз».

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен өңірде «Балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасы» бекітілген. Жоспарға сай, биыл облыста 6640 тонна балық өсірілуі қажет. I тоқсанның қорытындысы бойынша 2559 тонна өндіріліпті. 

 Аудан, қала әкімдіктерінің аумағынан 2023-2025 жылдары жаңадан ашуға жоспарланған 91 шаруашылыққа инвестициялық субсидия және жеңілдетілген несие тұрақты түрде бекітілген жағдайда, 2025-2026 жылдары облыста тауарлы балық өндіру көлемі 30 мың тоннадан асады дейді мамандар. Айта кетейік, балық шаруашылығымен айналысатын 14 кәсіпкер «Түркістан ӘКК» акционерлік қоғамы арқылы 5,4 миллиард теңге көлемінде жеңілдетілген несие алу бойынша құжаттарын жинақтап, өткізуде. Облыста жалпы қуаттылығы жылына 15 мың тоннаны құрайтын 7 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. 2023 – 2024 жылдары қосымша, жеке инвесторлармен 1 миллиард  700 миллион теңгеге балық азықтарын шығаратын (қуаттылығы жылына 10 мың тонналық)  2 зауыт ашу жоспарланып, жұмыстар жүргізіліп жатыр. Балық шаруашылығы – экономикалық өсудің және халықты жұмыспен қамтудың негізі ретінде экономикадағы маңызды салалардың бірі. Балық шаруашылығындағы негізгі қызмет – балық аулау және жасанды балық өсіру. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевтің айтуынша, Қазақстанның табиғи су айдындарында жыл сайын шамамен 40-45 мың тоннадай балық ауланады. Бұл көрсеткіш жыл сайын өсіп келеді.

 Балық шаруашылығының тиімділігін созақтықтар да ұғынып келеді. Өңірде дәл осы саланы дамытып отырған жандар бар. Осы орайда жуырда Түркістан облысы Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының ұйымдастыруымен бір топ БАҚ өкілдері Созақ ауданындағы «Бабата» су қоймасында балық өсіруді қолға алған  «Kaz.Gold.Fish» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен танысты.

Жалпы Созақ ауданында тауарлы балық өндірумен 8 шаруашылық айналысады. «Kaz.Gold.Fish» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің төрағасы Нұрахмет Қазақбаевтың айтуынша, шаруашылық жұмысын 2015 жылы бастаған. Биыл 180 тонна өнім алуды жоспарлаған. Күзде су қоймасына 500 мың дана шабақ жіберіп, тағы 200 тонна өнім алуды көздеп отыр.  Айта кетері, балық өсіру кезінде пайдаланылатын азықты сатып алуға жұмсалатын шығындардың 30 пайызы мемлекет тарапынан субсидияланады. 

– «Бабата» су қоймасында тауарлы балық өсірумен айналысып, жұмысымыздың жемісін көріп отырмыз. Оның ішінде дөң маңдай, ақ амур және сазан балықтары бар. 2018 жылдан бері мемлекеттен қажетті қолдаулар болып жатыр. Өткен жылы облыс әкімінің тапсырмасымен тиісті басқарма осы тауарлы балық өсірушілерді қолдап, қазір мемлекеттен субсидия берілуде. Тауарлы балықпен айналысу оңай шаруа емес, бір жылда өнім ала алмайсың. Салған шабақ үш жылдан кейін ғана өнім береді. Сол уақытқа дейін қаражат салып, шабақтарды бағып үлкейту керек. Өткен жылы облыс әкімі біздің балық жемін шығаратын зауытымыздың жобасымен танысты. Жем болмай, бұл саланы дамыту қиын. Облыс әкімінің тапсырмасымен жеңілдетілген несиеге ұсыныс берілді. Несие берілсе, біз балықтың жемін шығаратын зауыт салмақпыз. Жемді өзіміз шығаратын болсақ, балықтан пайда мол болар еді. Біздің балықтар экспортталмайды. Қазір тек өзіміздің ішкі базарларға сатылады. Келешекте көк серке балығын  өсіруді қолға алып, балық өнімдерін қайта өңдеу зауытын іске қосуды көздеп отырмыз, – деді Нұрахмет Қазақбаев.

Қазіргі таңда ауданда жеті мекеме біріге «Созақ балық өнімдері» ауылшаруашылық өндірістік кооперативін құрып, балықтың жемін шығаратын зауыт салуға кірісті. Әзірге жем сырттан сатып алынады. Серіктестік су қоймасына 2015 жылы – 100 мың шабақ, 2016 жылы –120 мың, 2017 жылы – 80 мың, 2018 жылы –120 мың, 2019 жылы –100 мың, 2020 жылы – 400 мың, 2021 жылы – 900 мың, 2022 жылы –750 мың дана шабақ салған. Ол шабақтар инкубациялары бар қожалықтардан сатып алынған. Келешекте серіктестік инкубацияларды орнатып, шабақ шығаруды да қолға алмақшы. 

Жалпы, облыс әкімі Дархан Сатыбалды балық шаруашылығын жүргізу үшін бекітілген 91 су айдынын қайтадан талдап, зерделеуді тапсырып, экспортқа ден қоюды тапсырған-ды. Осыған орай облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлының осы бағытта жұмыстар атқарылуы керектігін айтып, жауапты мамандарға тапсырма бергені — есте. Сондай-ақ балық шаруашылығы саласына инвестициялар тарту жұмысын күшейту қажет екенін, балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсету және жаңадан балық шаруашылығын обьектілерін ашу жоспарын орындауды облыс әкімдігі жіті назарда ұстап отыр.

– Балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетілуі керек. Инвесторлар тарту маңызды. Жаңадан тоғанды балық шаруашылығын, балық азықтары мен балық өнімдерін өңдейтін зауыт, кәсіпорын ашуға ниет білдірген тұлғаларға жаңадан және табиғат пайдаланушыларға конкурстық негізде бекітілген су айдындары мен жұмыс істеп тұрған тоғанды балық шаруашылықтарын одан әрі дамыту мақсатында айналасынан жер учаскелерін берулі қарастыру қажет. Балық шаруашылығын дамыту мақсатында 2023-2025 жылдарға арналған жаңадан балық шаруашылығы нысандарын ашу жоспарының орындалуы қамтамасыз етіліп, атқарылған жұмыстар бойынша әр тоқсан сайын табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына есебі берілуі керек. Балық шаруашылығымен айналысушыларға кәсіптерін дамыту үшін жеңілдетілген несие беру қамтамасыз етілсін. Конкурстық негізде балық шаруашылығын жүргізу үшін бекітіліп берілген жергілікті маңызы бар су айдындарында табиғат пайдаланушыларымен атқарылған жұмыстарына талдау жүргізіліп, шарт талаптарын орындамаған табиғат пайдаланушылармен шартты біржақты бұзу шаралары атқарылуы тиіс. Заңға сәйкес резервтегі су айдындарын конкурстық негізде табиғат пайдаланушыларға бекітіп беру жұмыстары жалғасады, – дейді Ермек Кенжеханұлы.

Бағдарламаға сәйкес 2030 жылға дейін облыста тауарлы балық өндіру көлемі 20 мың тонна болып бекітілген. Аудан, қала әкімдіктерінің аумағынан 2023-2025 жылдары жаңадан ашуға жоспарланған 91 шаруашылыққа инвестициялық субсидия және жеңілдетілген несие тұрақты түрде бекітілген жағдайда, 2025-2026 жылдары облыста тауарлы балық өндіру көлемі 30 мың тоннадан асады деп межеленген.

Қызметіне адал жанға құрмет көрсетілді
Адал еңбегімен аты шыққан Нұрбол
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу