Қызметіне адал жанға құрмет көрсетілді
Еңбек адамы – ел мақтанышы. Қоғамның сан түрлі саласында еңбек етіп, сол бағытты алға жылжытуға үлес қосып жүрген жандар қанашда құрметке лайықты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында кәсіби маманның қадірін білу керек екенін, еңбекқор адам мемлекетті дамытатынын баса айтты. «Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай адамдар мемлекетімізді дамытады. Мен Ұлттық құрылтайда бұған арнайы тоқталдым. Біз еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек» деген болатын.
Өзінің өнегелі өмірін адал еңбекпен ұштастырып, көпке үлгі боп жүрген азаматтар аз емес. Соның бірі заң саласының үздігі, Созақ ауданының экономикалық дамуына өлшеусіз үлес қосқан азамат, Созақ ауданы әкімі аппаратында көптеген жылдар бойы заң бөлімінің басшысы қызметін адал атқарып, өз саласында кәсіби шеберлікке қол жеткізген Тілеубай Жұмабаев зейнеткерлікке шықты. Осыған орай, аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков еселі еңбек сіңірген азаматты құттықтап, құрмет көрсетті. Ұлттық дәстүрге сай иығына шапан жауып, құттықтау хат пен сый-сияпатын табыстады. «Осынау есте қалар сәтіңізде қай қызметте болмасын ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен еңбек сіңіріп, Отанға, туған жерге деген адалдықтың үздік үлгісін көрсеттіңіз. Осы кемелдікке тың жігер, жарқын көңілмен келіп отырсыз. Алдағы күндеріңіз жақсылылыққа толып, берекелі де ұзақ ғұмыр жасай беруіңізге тілектеспін», – деді аудан әкімі.
Еңсесі биік еңбек адамына құрмет көрсетілген жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, аппарат басшылары және сала мамандары қатысып, құрмет-қошеметтерін білдірді. Өз кезегінде Тілеубай Тәжіметұлы еңбек жолындағы түрлі қызықтарын еске түсіріп, әріптестермен өткен қызықты күндері туралы айтты. Еңбек түбі – зейнет екендігіне тоқталып, өзінің ерекше әсер алып тұрғанын жасырмады. Сондай-ақ көрсетілген ілтипатқа алғыс білдіріп, әріптестерінің алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.