Елді тығырықтан алып шыққан - бизнес
1991 жылдың 16 желтоқсанында еліміз егемендігін алғанда есеңгіреп барып ес жиғанымыз белгілі. Елдің еңсе тіктеуіне сарабдал саясат пен кәсіпкерліктің дамуы да себеп болды.
1997 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен «Шағын кәсіпкерлікті дамытуды мемлекеттік қолдау және жандандыру жөніндегі шаралар туралы» кәсіпкерлікті дамыту мен қолдаудың алғашқы бағдарламасы қабылданды. Статистикаға жүгінсек, Шымкент қаласында 1991 жылы бөлшек сауда тауар айналымы 2,3 млрд. теңгені құраған екен. Ал, 1995 жылы көтерме сауда айналымы 266,6 млрд. теңге болған. Әрине, саладан түсетін түсімнің ел қазынасына құйылатынын ескерсек, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың стратегиялық бағдарламалары бірінен соң бірі қабылданды.
Кез келген елдің ішкі нарығы сыртқа тәуелді болмаған кезде, оның дамуы мен экономикалық тұрақтылығы көтеріле бастайды. Мәселен, дамыған елдерде ішкі өндіріс, шағын және орта кәсіптің үлесі 80 % асып жығылады екен. Осы себептен де, елімізде «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын ұсынып, жаппай ел ішінде бизнесті дамыту қолға алынды.
2010 жылы қабылданған аталған бағдарлама іске асырылғаннан бері Шымкентте бұл салаға 25,5 млрд. теңге қаржы бөлініп, 2 269 жобаға мемлекеттік қолдау көрсетіліпті. Алғашқы жылдары бағдарлама шеңберінде 875,3 млн. теңге бөлінген болса 2021 жылы бағдарлама бойынша 5,9 млрд. теңге бөлінген. Бұл 6 есе көп екенін білдіреді. Аталған бағдарлама шеңберінде 9,6 млрд. теңгеге инфрақұрылымы жүргізілген алғашқы маңызды индустриалды аймақтар құрылды. Қолдау тапқан жобалармен 25 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылып, 40 мыңға жуық жұмыс орындары сақталған. Сондай-ақ, 80 млрд. теңге көлемінде салық түсімдері құрап отыр.
Бұдан бөлек, 2013 жылы шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметі тарапынан «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Бағдарламаның іске асырылуынан бері жалпы қалаға 3,3 млрд. теңге қаржы бөлініп, 348 жобаға мемлекеттік қолдау жасалған.
Елімізде бизнесті жүргізуді жеңілдету үшін қолайлы жағдай жасау, әкімшілік кедергілерді жою мақсатында жыл сайын жаңа реформалар қабылданады. Осы шараларды тиімді жүргізудің нәтижесінде халықаралық «Doing Business» жүргізілген рейтингісінде 183 елдердің арасында Қазақстан 35 орынға жетті.