129 ағаш заңсыз кесілген
Шымкент қаласы Абай ауданындағы Гагарин көшесі №143 үй маңында рұқсатсыз (заңсыз) 129 дана ағаш кесілгені анықталды. Шымкент қалалық жайлы ортаны дамыту басқарма қызметкерлері ҚР заңнамаларымен бекітілген базалық ставкаға сәйкес, келтірілген залалдың мөлшері 4 миллион теңгені құрады.
Ішкі істер органдарымен ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу фактісі бойынша ағаштардың жойылуына кінәлі тұлғаларға айыппұл салу, келтірілген залалды өтеу және 50 еселік өтемдік отырғызуды (6450 ағаш) міндеттеу бойынша сотқа материалдар жолданды. Сот нәтижесі алдағы уақытта жарияланатын болады дейді сала мамандары.
Жалпы ағаш кесу қандай жағдайда рұқсат етіледі. Мамандардың айтуынша егер оның қабығы алынса, шіріген немесе қурап қалса, діңінің қисаю бұрышы 45 градустан артық болса, жылу немесе электр құбырына жақын тұрып кедергі келтірсе ғана рұқсат беріледі. Сонымен қатар арнайы құрылыс жүретін ауданды босату мақсатында ағашты кесуге, бұзуға болады.
Бір ағаш жылына 90-120 келіге дейін оттегі өндіретінін көп адам біле бермейді. Бұл — үш адамның бір жыл бойы тыныс алуына жететін оттегі көлемі. Сонымен бірге ағаш ауадағы шаң мен ұсақ бөлшектерді өзіне сіңіреді. Өсімдік — табиғи фильтр. Қазіргі таңда мамандар осындай ақпараттарды халық барынша жеткізуге тырысуда. Ақпараттық-насихаттық жұмыстардың нәтижесінде Шымқалада жасыл-желекке қатысты негатив оқиғалар да азайып келеді екен. Оның үстіне қоғам белсенділері мен қала тұрғындары қаланың тазалығына ат салысып, ағаш егуге жәрдемші болуда.
Айта кетейік, қазір Қазақстанның орман деңгейі 4,8 пайызды құрайды. 2030 жылға дейін бұл көрсеткішті 5 пайызға дейін жеткізу жоспарланған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы аясында елде 2 миллиард ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасы бар. Жоба аясында Шымкент қаласында жыл сайын 20 мыңға ағаш көшеттері отырғызылуда.
Мамандар жалпы экологиялық мәдениет төмен болғандықтан заңбұзушылар табиғатқа қасақана зиян келтіреді, ол тәрбиені экологиялық мәдениеттің маңызды құрамдас бөлігі деп санайды.
“Мұндай фактілерді жою, ағаштарды заңсыз кесудің алдын алу үшін жауапкершілікті күшейту және айыппұлдардың өсуі маңызды рөл атқарады. Алайда бұл жолда ең маңыз қадам – экомәдениетті қалыптастыру мен ерте жастан тәрбиелі білім беру”,- дейді табиғат жанашырлары.