Жастар кәсіпкерлігін дамытуға арналған несие шарттары белгілі болды
Жастар кәсіпкерлігін дамытуға арналған несие шарттары белгілі болды. Микрокредит 5 жылға дейін беріледі. Ал мал шаруашылығы саласындағы жобаларға 7 жылға дейін.
Қарызды 5 млн. теңгеге дейін 2,5 пайызбен алуға болады. Несие алатын уақытта үміткердің жеке кәсіпкер ретінде тіркелу мерзімі бес жылдан аспауы тиіс. Жастарға арналған жеңілдетілген кредит «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы беріледі.
Қазір Ашық үкімет порталында құжат жобасы екінші желтоқсанға дейін қоғамдық талқылауға шығарылған. Шағын несие беруді Жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы орган іске асырады.
Finprom.kz-тің есебінше, елімізде бір жыл ішінде жұмыс істеп тұрған жеке кәсіпкерлік субъектілері 8,3 пайызға көбейіп, 1,2 миллионға жетіпті. Ондағы жас кәсіпкерлердің үлесі 14,5 пайыздан 18,2 пайызға артқан.
Жеке кәсіпкерлігі бар жастардың 109,1 мыңы – ерлер, 102,8 мыңы – әйелдер. Ерлердің саны бір жыл ішінде 24,7 пайызға ұлғайса, әйелдер саны бірден бір жарым есе өсті. Осылайша, жұмыс істеп тұрған жас кәсіпкерлердің жалпы санындағы әйелдердің үлесін 43,7 пайыздан 48,5 пайызға дейін арттырды.
Жас кәсіпкерлер негізінен көтерме және бөлшек саудада, сондай-ақ автожөндеу саласында шоғырланған. Аталған бағыттарда 73,6 мың жеке кәсіпкер жұмыс істейді. Ондағы әйелдердің үлесі – 49,9 пайыз немесе 36,7 мың жеке кәсіпкерлік. Одан кейінгі орында ауыл, орман және балық шаруашылықтары тұр. Мұнда 15,4 мың жеке кәсіпкерлік бар. Оның үштен бірі әйелдерге тиесілі. Жастар көп шоғырланған салалардың үштігін өңдеу өнеркәсібі құрап отыр. Мұндағы жас кәсіпкерлердің саны 12,4 мыңға жуықтайды. Оның 61,7 пайызы – әйелдер.
Шымкент қаласы тұрғындарының 20 проценті жастар. Яғни үшінші мегополисте 14-29 жас аралығында 245 мың азамат бар. Соңғы жылдары үшінші мегаполисте де мемлекеттік бағдарламалардың арқасында кәсіппен айналысатын жастардың қатары көбейіп келеді. Жоғарыда аталған жоба да шымкенттік жастардың ісіне береке берері анық.