Базардағы жастардың кәсіпкерлігіне қолдау бар
Шымкент қаласы тұрғындарының 20 проценті жастар. Яғни үшінші мегополисте 14-29 жас аралығында 245 мың азамат бар. «Жастар ресурстық орталығының» басшысы осы санаттағылар үшін 2022 жыл сәтті аяқталмақ деуге толық негіз бар дейді.
Үшінші мегаполис еліміздегі ең жас мегополис, сондықтан да Шымкент бүгінде жастар қаласына айналып үлгерді. Қала жастарының бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында құрылған «Жастар ресурстық орталығы» 5 бағыт бойынша жұмыс істеп жатыр. Атап айтсақ, психологиялық кеңес беру, шағын кітапхана, коворкинг орталық, талантты жастарды қолдау және жастарға қызмет көрсету бағыты.
Шымкент қаласы «Жастар ресурстық орталығының» басшысы Мағжан Исахов «жастар орталығы тек концерт қойып, флешмоб өткізеді» деген пікірдің орынсыз екенін айтты. Қоғамда бар кейбір сұрақтарға ашық жауап берді. Оның айтуынша, «Жастар ресурстық орталығы» жұмысының арқасында NEET категориядағы жастардың саны күннен-күнге азайып жатыр.
Үшінші мегополисте базар жастарын қолдау орталықтары да ашылған. Яғни, Шымкенттегі 9 сауда-орталығында «Жастар ресурстық орталығының» бөлімшесі жұмыс істеп тұр.
«Шымкент қаласында 37-ден астам ірі және ұсақ базарларымыз бар. Ол жерлерде жастарымыз жұмыс атқаруда. Базар жастарымен жұмыс істеу мақсатында біз 9 ірі базарда «жастарға қызмет көрсету орталығын» ашқан болатынбыз. Базардағы жастарға яғни өздерінің кәсіптерін қалай заңдастыруға болады, мемлекеттік бағдарламаларға қалай қатысуға болады, мемлекеттік гранттарды алудың жолдары қандай, оған қандай құжаттар рәсімдеу керектігін біздің мамандар түсіндіріп, кәсіптерін өркендетуге бағыт-бағдар сілтейді»,- дейді орталық басшысы Мағжан Исахов.
Мағжан Исахов кейбір жастар ақпаратқа салғырт қарайтынын, сондықтан түрлі мүмкіндіктен сырт қалып жататынын айтты. Ол өсемін, дамимын деген әрбір жас мемлекеттік қолдауда сезінсе екен деген ниетінін білдірді.
«Жастар елдің болашағы емес, бүгіні» деген орталық басшысы еліміздің, Шымкенттің дамуы үшін қаланың әрбір азаматы жұдырықтай жұмылып жұмыс істеу керек дейді. Бұл бағытта идеясы бар әрбір жасқа «Жастар ресурстық орталығының» есігі ашық екенін айтты.