Биыл 430 нәзік жандыға қайтарымсыз грант берілген

Oinet.kz 18-11-2022 375

image.png

Қазақстанның кәсіпкерлік кеңістігінде әйел азаматтар да белсенді. Әйелдер ашқан қаншама бизнес көпшілік тарапынан қолдау тауып, аудиториясын кеңейте түсуде. «Гендерлік теңдік – Қазақ­станның әлеуметтік ғана емес, экономикалық өмірінде де өзекті үрдіс. Әйелдердің экономикаға белсенді араласуы елдің дұрыс даму жолында келе жатқанын, әр адамға тең мүмкіндік бері­летінін көрсетеді. Қазіргі кезде Қазақстанның шағын және орта бизнесіндегі әйелдер кәсіп­керлігінің үлесі 43 пайызды құрайды. 

Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау басқармасы мамандарының мәліметінше, «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» шеңберінде 2022 жылы 33 500 азаматты жұмыспен қамту шараларына тарту жоспарланса, бүгінде 28 639 тұрғын жұмысқа жолданған. Оның ішінде 17 892-сі – әйелдер. Биыл шаһарда өз ісін бастағысы келетін 610 азаматқа қайтарымсыз түрде 400 АЕК грант берілсе, оның 430-ы қыз-келіншектер. Олар конкурста дайын тағамдарды сату, кондитерлік өнімдерді даярлау, тігіншілікпен айналысу, сүт өнімдері мен балалар ойыншықтарын жасап шығару секілді жобаларын ұсынған.

Жалпы, жыл басынан «Бизнес бастау» жобасы шеңберінде 6 805 қыз-келіншек оқуға жолданса, 4 888 нәзік жанды бос және жаңа жұмыс орындарына орналасқан. Қысқа мерзімді 3 айлық оқу курстарына қатысып, жаңа мамандық игерген әйелдер саны – 1 143. Сонымен қатар, «Осал топтарға арналған әлеуметтік жұмыс орындар», «Ұрпақтар келісімшарты», «Күміс жас» сынды өзге де бағдарламаларға қатысқан қыз-келіншектер бар. Осы көрсеткіштерден аңғарғанымыздай, қазіргі таңда әйелдердің экономикаға белсенді араласуы жоғарылап келеді.

Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетіп отырған әйелдер қауымы қашанда жауапкершілікті сезінеді. Сондықтан олар кәсіпкерлік саласында да үлкен жетістікерге қол жеткізіп келеді. Шымқалада әйелдерді қолдау шаралары әрмен қарай жалғасын таба бермек.

Шымкентте әйелдердің кәсібін қолдайтын орталық ашылуы мүмкін
Жаңа индустриалды аймақта жиһаз және тігін кластері дамымақ
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу