Шымкентте әйелдердің кәсібін қолдайтын орталық ашылуы мүмкін

Oinet.kz 18-11-2022 379

image.png

Үшінші мегаполисте кәсіп ашқан нәзік жандылар көбейіп келеді.  Шымкент қаласының Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Алма Архабаеваның айтуынша, шаһарда бизнеспен айналысуға ниетті әйелдердің саны күннен күнге өсіп, бүкіл саланың дамуына септігін тигізуде.

– Біз қалалық Іскер әйелдер кеңесі кәсіп бастаған әйелдер қауымын барлық жағынан сүйемелдеуге, кеңес беріп, бағдар алу үшін қолдауға дайынбыз, – дейді кеңес төрайымы.

Алма Архабаеваның өзі іскерлігімен әрі көшбасшылық қасиетімен кәсіпкер әйелдер арасында жоғары беделге ие. Ол отбасында бақытты жар, көп балалы ана, ірі кәсіпорын иесі. Айтуынша, бизнесті жалғыз жүргізгеннен топпен бірлесе атқарған әлдеқайда тиімді. Сондықтан Алма Архабаева іскер әйелдердің басын қосатын, енді кәсібін бастағандарға бағыт беретін «IS QOLDAU» жобасын ұсынды. Жоба халықтың әлеуметтік әлсіз топтарын кәсіпкерлікке баулитын ресурстық орталық болып табылады. Оған Шымкент қалалық Іскер әйелдер кеңесінің мүшелері қолдау көрсеткен.

– Ресурстық орталықты құру арқылы біз, ең алдымен, өмірлік қиын жағдайға тап болған әйелдерге көмектесуді жоспарладық. Бұған көп балалы және жалғызбасты аналар, үйде отырып кәсіппен айналысқысы келетін, ерекше балаларды тәрбиелеп отырған аналар, кәсіпкерлікке қызығатын жетім қыздар мен балалар үйінің түлектері жатады. Жалпы, шағын және орта бизнестің кез келген өкілі кәсібін жүргізуде қиындыққа кезігуі әбден мүмкін. Орталықта кез келген әйел заңгерлік кеңес және психологиялық көмек алып, авторлық бағдарлама бойынша бизнес бастауды тегін үйренеді. Біз әр қызмет алушының қолынан жетектеуге әзірміз. Ол үшін қыз-келіншектердің алға қойған мақсаты мен кәсіп бастауға деген жігері болуы керек, – дейді Алма Архабаева.

Мамандардың дерегінше қалада жастар мен әйелдер кәсіпкерлігін 1 пайызбен 10 миллион теңгеге дейін, өндірістік алаңдарының қатысушыларына жылдық 2 пайызбен 50 миллион теңгеге дейін жеңілдікпен несиелер ұсынылуда. Бүгінгі таңда, жыл басынан 333 миллион теңгеге 37 жобаға жеңілдетілген несиелер берілген. 

Бизнес леди тәжірибесімен бөлісті
Биыл 430 нәзік жандыға қайтарымсыз грант берілген
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу