Тіл маманы білгенін балаларға үйретіп жүр
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған былтырғы Жолдауында қолайлы іскерлік ортаны, бизнеске тиімді қолдау көрсетуді және бәсекелестікті қорғауды қамтамасыз ету, кәсіпкерлердің бизнес-дағдысы мен құзыретін жетілдіру мәселелеріне ерекше назар аударып, Үкіметке бірқатар тапсырманы жүктегені баршаға мәлім. Ағымдағы жылдың 26 қаңтарында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында да шағын және орта бизнесті қолдау жұмыстың ең негізгісі екенін, осы ретте «Бастау бизнес» бағдарламасының аясы кеңейетінін шегелеп айтты.
Аталмыш бағдарламаның өрісі кеңейгені шымкенттік тұрғындарға да оңынан әсер етіп, кәсіп ашқан азаматтардың көбеюіне әсер етті. Соның бірі Шымкент қаласының тұрғыны Ғалия Зайдинова – «Еңбек» бағдарламасының ІІ бағыты бойынша былтыр қайтарымсыз мемлекеттік грантқа қол жеткізген. Жас маман алдымен қалалық жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркеледі. Содан кейін «Бастау бизнес» оқу курсын тәмамдап, сертификатқа ие болған. Үміткер қайтарымсыз грант алу үшін комиссияға оқу орталығын ашу бойынша бизнес-жоспарын ұсынады. Нәтижесінде жобасы мақұлданып, қараша айында 200 АЕК көлемінде грант ұтып алды.
25 жастағы ағылшын тілі маманы Ғалия Зайдинова қазіргі таңда оқу орталығында 15-ке жуық шәкіртке ағылшын және орыс тілінен сабақ беруде. Алдағы уақытта қала аумағында бірнеше оқу орталықтарын ашуды жоспарлап отыр.
Айта кетейік, жоба аясында кәсіпкерлік негіздерін меңгерген түлектер оқу аяқталған соң тест тапсырады. Үш мүмкіндік беріледі. Емтиханнан өтпесе, тек оқуға қатысқаны жөнінде ғана сертификат алады. Егер тестіден жақсы нәтиже көрсетсе, оқуды бітіргені жайлы сертификат алып, грантқа үміткер болады. Грант қайтарымсыз, бірақ мониторингтік топ арнайы тексеру жұмыстарын жүргізіп отырады. Яғни бұл – әлеуметтік көмек емес, кәсібін бастаушы кісілерге бизнес жоспарын іске асыруына жасалып жатқан мүмкіндік.
Арнайы құрылған комиссияның қорытындысынан кейін жобасы мақұлданған бағдарламаға қатысушылар мемлекет тарапынан берілетін грантты алатын болады.