Ұлттық аспап жасау арқылы кәсібін дамытып отыр

Oinet.kz 16-11-2022 269

image.png

Шымкент қаласының тұрғыны Муталхан Байырбеков "Жас кәсіпкер" бағдарламасымен 1 айлық кәсіпкерлік курсында оқыған. Қаладағы халықты жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркелген Муталхан   "Жас кәсіпкер" жобасымен оқуға жолдама алып, айлық оқуын тәмамдағаннан кейін , 505 мың теңге грантына құжат тапсырған. Өз бизнес жоспарын сәтті қорғап шыққан ол грант ұтып алыпты. Сол қаражатқа ағаш өңдеуге арналған жабдық сатып алып, домбыра шығару ісін жандандырып отыр. "Дайын өнімге сұраныс көп. Домбыраға негізінен жеке тұлғалар, түрлі мекемелер мен өнер адамдары тапсырыс беріп жатыр",– дейді грант иегері.

Муталханның шағын цехында қазірге екі адам жұмыспен қамтылып, олар айына 30-40 дана домбыра жасап шығарып жатыр екен. Алдағы уақытта шеберханасын кеңейтіп, тағы да 5-6 адамды жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр.

"Маған 5-6 азамат керек. Домбыра жасауды үйретемін. Жалақысын да еңбегіне қарай беріп отырамын", – дейді ол.

Айта кетейік, азаматтар бұрын қайтарымсыз грант бойынша 200 АЕК көлемінде ақша алатын, қазір 400 АЕК ала алады. Грант алуға 29-ға толмаған жастар, ерекше балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар, қандас статусын алған бауырларымыз, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасы мүшелері өтініш беруіне болады. Биыл грантқа өтініш берудің ерекшелігі бар. Кәсіпкерлік порталына кіріп, ЭЦҚ арқылы өтініш жібере алады. Осы порталға кіріп, өзінің жеке сәйкестендіру нөмірін терсе, барлық салалар мен интеграциясы болған соң ол азаматтың жоғарыда атаған санатқа сәйкес келетін немесе келмейтінін шығарып береді. Егер сай келсе, ол азамат алдымен бизнес жоспарын жазады. Бұл жобаны қарайтын арнайы комиссия құрылған. Ол комиссия құрамында жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасынан  бір де бір адам жоқ. Комиссия кәсіпкерлер, депутаттар, кәсіподақ мүшелерінен құрылған. Биыл  Шымкентте  1 150 азаматқа грант беруге қаражат қаралған.  Былтыр 750-ге жуық грант берілген. Оның 200-і жастардың еншісіне берілген. Грант алған ер азаматтар көбіне қолөнер бұйымын жасау кәсібін ашса, қыз-келіншектер көрпе төсек тігу, кондитерлік өнімдерін үйіріп әкеткен. 

Тіл маманы білгенін балаларға үйретіп жүр
Жоба аясында сауда нүктесін арттырды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу