Өзі де кәсіп ашып, өзгеге де жұмыс ұсынып отыр

Oinet.kz 15-11-2022 282

image.png

Шымкенттік 28 жастағы дәрігер-стоматолог Бекмұрат Мехманқұловтың қазір сұранысқа сай медициналық құрал-жабдықтармен қамтылған жеке тіс емдеу кабинеті бар. Қарағанды медицина университетінің түлегі мақсатын «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының көмегімен жүзеге асырған.

Жас маман Шымкент қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығының көмегіне жүгініп, «Еңбек» бағдарламасының жаппай кәсіпкерлікті қолдау бағыты бойынша кәсіпкерлік негіздерін үйренеді. Қорытындысы бойынша сертификат алған соң, «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы жылдық пайызы 6 пайыздан аспайтын 5 миллион теңге несие рәсімдейді. Алған қаражатына стоматология кабинетіне қажетті заманауи құрал-жабдықтар сатып алған. Қосымша екі адамды жұмыспен қамтып отыр.

«Бұл салада еңбек етіп жүргеніме 5 жыл болып қалды. Стоматология ісінде жыл сайын жаңалықтар енгізіледі. Заманауи құрал-жабдықтар шығарылады. Көштен қалып қоймауың керек. Алайда, олардың барлығын сатып алуға қаржының жетіспеушілігі қолбайлау болады. Тәуекелге бел буып, «Еңбек» бағдарламасына қатысып, білімімді жетілдірдім. Тиісті құжаттарды тапсырдым. Нәтижесінде жеңілдетілген несиеге қол жеткіздім. Қажетті құрал-жабдықтарды сатып алдым. Жалпы, мемлекет тарапынан жас кәсіпкерлерге көрсетіліп жатқан қолдаулар үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының азаматтарды жұмыспен қамту басты міндеті орындалып жатыр», – дейді Бекмұрат Мехманқұлов.  

«Жалпы «Даму» қоры кәсіпкерлерге қолдау көрсететін мемлекеттік бағдарламалардың бірі болып саналады. Жауапты мамандардың дерегінше, «Даму» Қоры арқылы пайыздық мөлшерлемені субсидиялау, кәсіпкерлердің несиелеріне ішінара кепілдік беру және екінші деңгейлі банктер арқылы жеңілдетілген несие беріледі. Несие бойынша пайыздық мөлшерлеменің бір бөлігін субсидиялау – бұл банк белгілі бір пайыздық мөлшерлемемен несие беріп, шығындардың бір бөлігін «Даму» қоры арқылы мемлекет өтейді.  

Айта кетейік, 2022 жылдың 9 айында Шымкент қаласындағы облыстық филиалы субсидиялау бойынша 30,3 миллиард теңгеге шамамен 954 жобаға қолдау көрсетілген. Ал, кепілдік құралы бойынша 9,6 миллиард теңге несие сомасына 849 жобаға қолдау көрсетілді. Кепілдік сомасы 5,4 миллиард теңгені құрады.


Логопедиялық кабинет ашты
Тіл маманы білгенін балаларға үйретіп жүр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу