Логопедиялық кабинет ашты
Шымкент қаласының тұрғыны Сана Мамырова «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының ІІ-бағыты бойынша қайтарымсыз мемлекеттік грантқа қол жеткізген. Ол өткен жылы жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркеліп, маусым айында 21 күндік «Бастау бизнес» оқу курсын оқып, сертификат алды. Кейіннен қайтарымсыз грантқа «Логопед-дефектология кабинетін» ашу бойынша комиссияға бизнес-жоспарын ұсынып, өтінім білдірген.
Нәтижесінде Сананың жобасы мақұлданып, қыркүйек айында 200 АЕК көлемінде грант ұтып алды. Сол қаржыға Темірлан тас жолы бойында орналасқан «Jak-med» медициналық орталықтың ішінен логопедиялық кабинет ашты.
Сана Ердәулетқызы медицина академиясын тәмамдаған дефектолог-логопед. Сонымен қатар, Ресейдегі Екатеринбург қаласында мемлекеттік медициналық университетте «микрополяризация әдісі» бойынша білім алған жас маман. Былтырдан бері қаладағы дефектологиялық кемшіліктері бар балаларға логопедиялық сабақ үйретуде.
Кәсібін одан әрі дамыту мақсатында өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында айына бір рет арнайы конкурс ұйымдастырып, жеңімпазға микрополяризация курсын, логопедиялық сабағын тегін ұсынып жүр.
Айта кетейік, азаматтар бұрын қайтарымсыз грант бойынша 200 АЕК көлемінде ақша алатын, қазір 400 АЕК ала алады. Грант алуға 29-ға толмаған жастар, ерекше балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар, қандас статусын алған бауырларымыз, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасы мүшелері өтініш беруіне болады. Биыл грантқа өтініш берудің ерекшелігі бар. Кәсіпкерлік порталына кіріп, ЭЦҚ арқылы өтініш жібере алады. Осы порталға кіріп, өзінің жеке сәйкестендіру нөмірін терсе, барлық салалар мен интеграциясы болған соң ол азаматтың жоғарыда атаған санатқа сәйкес келетін немесе келмейтінін шығарып береді. Егер сай келсе, ол азамат алдымен бизнес жоспарын жазады. Бұл жобаны қарайтын арнайы комиссия құрылған. Ол комиссия құрамында жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасынан бір де бір адам жоқ. Комиссия кәсіпкерлер, депутаттар, кәсіподақ мүшелерінен құрылған. Биыл Шымкентте 1 150 азаматқа грант беруге қаражат қаралған. Былтыр 750-ге жуық грант берілген. Оның 200-і жастардың еншісіне берілген. Грант алған ер азаматтар көбіне қолөнер бұйымын жасау кәсібін ашса, қыз-келіншектер көрпе төсек тігу, кондитерлік өнімдерін үйіріп әкеткен.