Коворкинг орталығын ашты
Қазақстанда кәсіпкерліктің, әсіресе шағын және орта бизнестің дамуы экономикалық реформаларды жүзеге асыруда маңызды рөл атқарады. Ал бизнестің жоғары деңгейде дамуын қамтамасыз ету үшін мемлекет тарапынан белгілі бір дәрежеде қолдау көрсетілуі керек. Ондай қолдаулар Мемлекет басшысының жыл сайын халыққа жолдайтын Жолдауларында көрініс тауып келеді.
Кәсіпкерлікті дамыту – нарықтық дамытудың кепілі. Сондықтан да кәсіпкерлік төңірегіндегі көптеген мәселелердің көтеріліп жатуы да оның экономикадағы рөлінің өте маңыздылығын көрсетеді.
Кәсіпкерлікті қолдап, шағын және орта бизнесті дамыту әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті елдердің қатарына енуге бет алған еліміз үшін кәсіпкерлікті даму мәселесі – өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Өркениетті елдердің барлығы да өздерінің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуде шағын және орта кәсіпкерлік нысандарына арқа сүйейді.
Осы тұста Шымкент қаласында мемлекеттік қолдаудың арқасында өз кәсібін ашып, дөңгелетіп отырған азаматтар жетерлік.
Қазіргі таңда өз қызметін мамандандырылған онлайн платформаларда, БАҚ арқылы берілетін жарнамалар арқылы көрсететін жеке кәсіпкерлік түрлері дамыған.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін үйде отырып жұмыс жасау немесе қызмет көрсету әрқашан да ыңғайлы бола бермеуі мүмкін. Ал, кеңсе жайды жалға алу мұндай азаматтарға қымбатқа түсуіне байланысты «коворкинг» орталықтары кеңінен қолданысқа ие бола бастады. «Коворкинг» сөзі (ағылшынның co-working) – «бірлесіп жұмыс істеу» деген мағынаны білдіреді.
Коворкинг бағыты туралы естіп-білген бастауыш кәсіпкер – Әлібек Шолпанқұлов миллионнан аса тұрғыны бар Шымкент қаласында жаңашыл кәсіп түрі, өзін-өзі жұмыспен қамтыған кәсіпкерлер үшін коворкинг орталығын ашуға бел буады. Коворкинг орталығын ашу үшін қажет ғимаратты тапқаннан соң, ғимаратты қайта құру мен жабдықтауға қаражат қажет болады. Содан мемлекеттік бағдарламалар арқылы несие алып, нәтижесінде жас кәсіпкер «SCRUM» деп аталатын коворкинг орталығын ашты.
Қазір бұл орталық кәсіпкерлерге жүйелі түрде өсу және даму мүмкіндігін беретін, кәсіпкерлерді жұмыс орнымен қамтамасыз ететін халықтық желі болып табылады. Ал, Әлібек Шолпанқұлов болса өзгеге көмектесу арқылы өзінің кәсібін дөңгелетіп отырғанына марқайып жүр.