Кәсіпкерлер электронды форматта қызмет алып жүр
Үшінші мегаполисте кәсіп бастаушылар үшін барлық жағдай жасалған. Айталық шаһарда «Бизнес Супермаркеті» инвесторлар мен кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы және «E-Commerce Center» электронды коммерцияға атсалысу орталығы жұмыс істейді.
Атауы қызық орталықтың ұсынатын қызметі көп. Бизнес-Супермаркеті кәсіпкерлерге арналған қызметтерді электронды форматқа ауыстырады және қызметтерді «бір терезе» қағидаты бойынша көрсетуге мүмкіндік береді. Қызметтер инвесторлар, жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлерге және кәсіпті енді бастаған азаматтарға көрсетіледі. «Бизнес-Супермаркеті» жобасы республикада баламасы жоқ орталық. Ол бірден бірнеше даму институттарын: «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ өңірлік филиалы, Өңірлік кәсіпкерлер палатасы, «Shymkent» ӘКК және әкімдіктің басқармалаларын бір орталыққа шоғырландырды. Бұдан бөлек, қағазбастылықты, өтінімдер мен ұсыныстарды қарау мерзімдерін айтарлықтай қысқарта алатын СRМ-жүйесі әзірленуде. Кәсіпкерлер мұнда, сонымен қатар заңгерлік, бухгалетрлік қызметтерді, бизнес-жобалау, бизнесті сүйемелдеу, Өңірлік кәсіпкерлер палатасы, «Даму» қоры, кедендік қызметтер, логистика және рұқсат беру құжаттары, сонымен қатар қала әкімдігі басқарламаларының мемлекеттік қызметтерін ала алады.
Қызметтер тізімі сыртқы факторлардың өзгеруіне, инвесторлар мен кәсіпкерлердің сұранысына қарай үнемі трансформацияланады.
Қазіргі таңда әлемдік сауданың 60 пайызы электронды форматқа ауысқан және бұл цифра алдағы уақытта өсе бермек. Ал Қазақстанда 1 пайыздан сәл асады. Аталған жоба сол бағытта бизнесті дамыту және Шымкент тұрғындарына жаңа бизнес жолын көрсету үшін ашылған. «E-Commerce Center» – «Қазпошта» АҚ және «Shymkent» ӘКК» АҚ бірлескен жобасы. Мұндай кәсіпкерлер онлайн-сауда және жеткізу бойынша кеңес бойынша кеңес алып қана қоймай, сонымен қатар Қазақстан мен Өзбекстан бойынша тауарларды жеткізу шығындарын жабады. Кәсіпкер тауарын онлайн арқылы сатса, оның тасымал ақысы субсидияланады.
Жоғарыдағы екі жобаның басты мақсаты – сіздің кәсіп ашып, іс жүргізуіңізге көмегі тисе, үшіншісінің мақсаты – өнім сатуға жәрдем ету. Дәлірегі, бар тауарды офлайнда ғана емес, онлайнда да сатуға жағдай жасау.