Шымкент экономикасында өсім бар
Шымкент қаласында биылғы жылдың 7 айында 507,6 миллиард теңгенің өнеркәсіп өнімдері өндірілген. Қала экономикасына 219,1 миллиард теңге инвестиция тартылған. Инвестиция көлемі өткен жылмен салыстырғанда 28,6 пайызға артып отыр. 2021-2025 жылдарға арналған өңірлік даму жоспарындағы нысаналы индикаторлардың орындалу барысы көрсеткендей, өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 445,2 миллиард теңгені құраған. Сонымен қатар 2022-2026 жылдарға арналып жалпы құны 1,9 триллион теңгені құрайтын 20 мыңнан аса жаңа жұмыс орнының ашылуы көздейтін 300 инвестициялық жобаның пулы жасақталған. Оның ішінде жоспар бойынша 2022 жылы 165 миллиард теңгеге 50 инвестициялық жоба жүзеге асырылуға тиіс. Сондай-ақ биыл 52,8 миллиард теңгеге 1 мыңнан аса жаңа жұмыс орнын қамтамасыз ететін 16 инвестициялық жобаны іске қосу жоспары тұр. Осы ретте бүгінгі таңға дейін 28,6 миллиард теңгенің 5 инвестициялық жобасы іске асырылды. Соның нәтижесінде, 465 жаңа жұмыс орындары құрылды.
Шымкент қаласындағы өндірістік алаңдарды, яғни индустриалды аймақтарды құруға мемлекет тарапынан 17,8 миллиард теңге жұмсалса, осы уақытқа дейін өндірістік аймақтардағы өнім өндірушілерден 36 млрд теңге салық түсті. Басқарма келтірген ресми дерек бойынша шағын және орта кәсіпкерлік саласында жұмыспен қамтылғандар саны 179,9 мың адамға жетіп отыр. Кәсіпкерлікке қатысты өзге де мәліметтерге көз жүгіртсек, «Бизнестің жол картасы-2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 2022 жылға қазынадан 9,4 млрд теңге бөлінген. Бүгінгі таңда аталған бағдарламаға қатысқан 1 860 жобаға 4 603 миллион теңге сомасында қолдау көрсетілді.
Сонымен қатар 2022 жылға бекітілген индикаторларды орындау мақсатында «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС, «Химфарм» АҚ, «Шымкентцемент» АҚ, «Зерде-Керамика» ЖШС, «Бал Текстиль» ЖШС, «Karlskrona LC AB» ЖШС секілді ірі кәсіпорындар өздерінің өндіріс жүйесіне цифрлық технологияларды енгізген. Өнім шығаруда келешекте цифрлық технологияларға иек артқысы келетін және сол жолда тиісті жұмыстар атқарып жатқан кәсіпорындар қатарында бүгінде «Рахат-Шымкент» ЖШС, «Барыс 2007» ЖШС, «Шымкентмай» АҚ, «Гауһар» тігін фабрикасы» ЖШС, «Шымкентдорстрой» ӨК» ЖШС, «Shymkent Temir» ЖШС, «Кazmedpribor holding» ЖШС және «Аsia trafo» ЖШС сияқты компаниялар бар.